139
— Мынау доңыз не дейдi? — Дадабек жанындағы жасауылдарына қарады. — Мына Сыр бойын
сұрап отырған маған қазақтар өздерiнiң қи сасыған жаман қыздарын бергiсi келмей ме? Ендеше мен
оларға бермегендi көрсетейiн, — деп, ол екi бетi күреңiтiп, қатты ашудан булығып қалды. Оның
ойынша, Хиуа ханының бегiне қол астына қараған халықтың қарсы келуге еш хақысы жоқ. Тәртiпке
көнбейтiндердiң Хиуа базарындағы арнайы құрылып қойылған дарға тоқтыша асылатыны анық едi.
— Тақсыр, мен аянып жүрген жоқпын, — дедi Мiрәлi ернi дiр-дiр етiп.
Дадабек оған жалт қарады. Өткiр көздерiн сығырайтып:
— Бәлкiм, сен маған қызды жорта әкелмей жүрген шығарсың, а? — дедi.
Мiрәлi:
— Неге, тақсыр? Ондай ой басыма кiрiп те көрген емес, — деп без-без еттi.
— Онда... әкелген қызың қайда?
Мiрәлi не дерiн бiлмей үндемедi. Оған Дадабек жеркене қарап тұрып:
— Осы сенi жертөле өртеген дей ме? — деп сұрады.
— Ол... рар-рас. Сiз үшiн қыз алайын деп...
— Мүмкiн, сен ол қызды жорта әкелмеген шығарсың?
— Құдай сақтасын. Мiне жаным, мiне иманым.
— Оның рас болса, ендеше бүгiн түнде өз қызыңды әкеп, қойныма саласың!
— Не, не? — Мұны күтпеген Мiрәлi тұттығып қалды. Лезде оның қошқар мұрны жалданып
көтерiле түсiп, қара сұр жүзi түнерiп, бойында бағанадан берi қолдан жасап отырған мүләйiм қалпы
бiр сәтте жоғалып, адырайып шыға келдi.
— Өз қызыңды әкелесiң деймiн, — дедi Дадабек дауысын нықтай сөйлеп.
— Өз қыз-з-зыңды... — Шәпеш Мiрәлi егкейiп, жүзi түтiгiп, iлгерi қарай бiр аттады.
— Иә.
Сол арада Мiрәлi әшейiнде Дадабектен жасқанатынын ұмытып та кетiп, iлгерi өңмендеп:
— Мә, саған қыз, — деп қолын шығарып, бектiң мұрнына апарып иiскеттi.
Мына қазақты қалай болса солай саз балшықша илеп үйренiп қалған Дадабек оны бүйтедi деп еш
ойламаған да едi. Алғашқыда өзi аздап сасып та қалды. Сосын лез есiн жиып:
— Жасауыл! — деп айғайлап жiбердi.
Сол екен, жалаң қылыш асынған екi еңгезердей жасауыл жетiп-жетiп келiстi. Оларға Дадабек
Мiрәлiнi қолымен көрсетiп:
— Мына доңызни байлаңдар! — деп бұйырды.
Екi жасауыл бас салды. Бiр кiсiдей қарулы Мiрәлi өзiне жақындай берген бiр жасауылды өңменiнен
итерiп жiберiп, дереу кекiрейiп тұрған Дадабектiң жағасына жармаса кеттi. Ә дегенде мұның қолы
алқымға жабыса түсiп, оны қылғындырып, кеңiрдегiн қыса бастады. Сасып қалған Дадабек мұның
қолына жармасып, оны жазып жiбергiсi кеп, қатты жұлқынды. Бiрақ бар күшiн сап керi итерсе де,
Мiрәлiнiң мұның алқымын сыға түскен қарулы саусақтары оңайлықпен жазыла қоймады. Алыс-жұлыс
үстiнде Дадабектың тынысы тарылып, бақадай ашқан аузынан сiлекейi ағып, ауа жетпей, қырылдай
бастады. Аздан соң оның көз алды тұманданып кеттi.
Екi жасауыл әдепкiде абдырап қалды. Ендi сәл кiдiрсе, Дадабектiң жайы қиын боларын сезiп, бiрi
тез ес жиып, анадай жерде жатқан келдектi жүгiрiп барып ала сап, осы кезде тырбаңдаған Дадабектi
астына баса құлай берген Мiрәлiнiң жанына жетiп келдi. Көп ойланып жатпастан, келдекпен басына
бiр қойды. Мiрәлiнiң басынан күндыз бөркi ұшып түстi. Екiншi соққы оның қара құсына тиiп, басы
дың ете түсiп, айналып жүре бердi. Iзiнше саусақтары ұйыған сықылды бiр түрлi жансызданып, ерiксiз
жазылып бара жатты.
Жасауылдар Мiрәлiнiң қолын артына қайырып, байлап тастады. Орнынан атып түрегелген Дадабек
ыза мен ұяттан қап-қара боп, Мiрәлiнiң бетiне былш еткiзiп бiр тептi. Етiгiнiң нәл қағылған өкшесi
тиген қошқар мұрнынан жылып қан аяқты. Дадабек оны тағы да тептi. Сосын жасауылдарына қарап:
— Шу доңызни дарияға алып жүрiңдер! — деп бұйрық бердi. Ендi бiр топ сарбазды Зағипаны алып
кел деп, суыт жөнелттi.
Бұл кезде жазғы күн кос құлақтанып, қызара батып бара жатыр едi. Батыс жақ өрттей қып-қызыл.
Сырдың иiрiмдi, терең тұсына сұғына төнiп тұрған биiк жарқабаққа сарбаздар Мiрәлiнi сүйрелеп
әкелдi. Мойнына ауыр тас байлады. Сосын бәрi ат үстiнде тұрған Дадабекке жаутаңдап қарады.
Дадабек мүлдем қатуланып алыпты. Ол Мiрәлiге көз қиығын да салмастан, қолын кiжiне сiлтеп кеп
қалды. Сол екен, еңгезердей екi жасауыл қол-аяғы байлаулы Мiрәлiнi қап сияқты көтерiп ап,
ырсылдап, әрi-берi тербете бастады. Мiрәлiнiң зәресi ұшып кеттi. Бiрақ жалынып-жалбарынғаннан
дәнеменiң өнбесiн сезiп, өзi кәдiрiн бiлмей келген мына жарық дүниеге алақ-жұлақ етiп қарады. Екi
жасауыл тербеткен сайын, төбесiнен төнiп тұрған көк зеңгiр аспан, ұшпа бұлттар бiр түрлi жан
бiткендей теңселiп, мұның басы айнала бастағанадй болды.
Ол қысылтаяң кезде жан ұшыра, барқыраған даусымен айқайлап:
— Әй, Дадабек, құдайдан тап! — дедi.
Осы кезде екi сарбаз Мiрәлiнi жар басынан лақтырып та жiберген едi. Мойнына байланған тас
төмен қарай бар салмағымен тартқан Мiрәлi жаман дауысымен айқайлаған қалпы сарқырап ағып
жатқан Сырдың лайлы, сарғыш суына барып шолп ете түстi. Демде оның бетiне салқын тамшылар
шашырады. Содан кейiн лайытқан су оның аузына, мұрнына кiрiп, тынысын тарылтып, төмен қарай
тарта жөнелдi. Мiрәлi ақтық демiнiң алдында қатты-қатты бұлқынды, бiрақ қол-аяғын байлаған қыл
арқан шешiлмедi. Мұрны қатты ашып кеткен ол аузынан соңғы демiн көпiршiте шығарып, көз алды
қарауытып, әлдеқандай құрдымға бата жөнелдi.
Аздан кейiн жайқын Сыр дәнеме де болмағандай, лайытқан қалпы сарылдап ағып жатты.