Стр. 142 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

141
Тоғанақ батыр бүгiн тағы да әдеттегi дағдысына бағып, жас тоқалға аяғын уқалатып жатыр едi,
iшке жайқаңдап бәйбiшесi кеп кiрдi. Оны көрiп, жас тоқал қолын дереу тартып ала қойды.
— Өй, оның не? — деп бәйбiше сайқылана күлiп, тiзе бүктi. — Батыр-ау, бiр орныңда тапжылмай
жатып алдың ғой. Айналада мал жейтiн шөп қалмады, жердiң ақ шаңдағы шығып барады, — деп ол
күнделiктi әнiне баса жөнелдi.
Тоғанақ батыр бәйбiшесiнiң күндегiше құлағының құрт етiн жей беретiнiн бiлiп, басын төсектен
көтерiп алды да, оның жүзiне салқын қарап:
— Жарайды, қоймадың ғой. Жүктердi буып-түйiп, тақтала берiңдер. Ертең таң ата көшемiз, —
дедi.
Бәйбiше зәрлене күлiмсiреп, әлi де айтар сөзi бардай iркiле бердi. Батыр оған көзiнiң астымен
жақтырмай қарады.
— Батырекесi, мен жаңа бiр суық хабар есiттiм.
— О не? — дедi Тоғанақ тiксiнiп.
— Кеше Мiрәлi сардарды Дадабек мойнына тас байлап, дайраға атыпты. Қызы Зағипаны
масқаралапты...
— Қойшы! Не дейдi?! — Тоғанақ аяқ-қолын қалай жиып алғанын бiлмей де қалды.
— Бәрi рас дейдi. Ол Мiрәлi, қара жер хабар бермесiн, кеше ана қайнымыңдың басына қамшы
үйiрiп едi. Сүйткен сарты...
— Әй, қысқарт! — деп Тоғанақ кенет ақырып жiбердi.
Бәйбiше жым болды.
Тоғанақ мына хабардың растығына еш шүбәланған жоқ. Өзi Мiрәлiнiң Дадабекпен ынғайласып ап,
арам-алысқа ауызын көп арамдағанынан шошынатын едi. Анада Сәндiбек таяқ жеп, күйiп кеп, арыз
айтқанда, бiр жаманшылыққа ойы анық ауып тұрса да, бұл өзiн-өзi зорлап басып, немере iнiсiне:
“Зекет — пайғамбардан қалған жора. Сен содан қашып, әруаққа қарсы боп отсың. Ендi мен сенi
қорғасам, ел-жұрт не дейдi? Әбiрейден не қалады? Одан да Мiрәлiнiң сұрағанын бере салмадың ба?”
— деген. Бiрақ iш жағынан Мiрәлiнiң сыртында тұрған пiлтабан Хиуа ханының өзiне деген ашу-доғы
жатқанын сезген. Есiне өзiне Дадабектiң талай рет кiсi жiберiп, қонаққа шақырғаны түскен. Бұл оның
бәрiне де барған жоқ. Ондағы ойы Дадабекпен жүз жылытып алғасын, ертең оның зорлық-
зомбылығын көрiп отырып, ештеңе дей алмайды. Және бiр қолбайлау болған Ырғыз жағындағы орыс
бекiнiсiнен келген кiсiлер едi. Олар мұны генерал Перонскийдiң бiлетiнiн, мұнымен санасатынын
айтып, көп сияпат тартып, батырдың қол-аяғын жiпсiз шырмап кеткен-дi. Содан берi бұл ел дауына
араласпай, өзiмен өзi боп жүр. Мұның өзiне салса, халқының ешкiмнiң табанына тапталмай, өз алдына
бөлек ел боп отырғаны мақұл. Бiрақ оны қазаққа кiм бередi? Жат жаулардың табанында езiлiп жатқан
оны: “Бiз де бiр азат болайықшы”, — деп ұлы жолға түсуге кiм бастайды? Бұ жағдай ана сардар боп,
лауазым, шен-шекпен ап, атқа мiнiп жүрген кемойлылардың миына кiрiп шыға ма екен? Олар кемдiк
көрiп жүрген халықтың қамын жей ме? Қайта ондайлар атам заманда қурап қалған әкесiнiң сүйегiн
қасиеттеп, өз руының намысын жыртып, елдi iштен iрiтiп отырған жоқ па? Мықты болсаң, осындай
алты бақан ала ауыз жұрттың басын құрап көр. Соны ойлай келе, Тоғанақ батыр ертең ақ патша орам
ала бастаса, оның бес қаруы сай әскерiмен Хиуаның да, қазақ қолының да табан тiреп, жөндеп соғыса
алмайтынын бiлiп, түбi кәтерлi шаруға ыссылай ұрынбайын деп, ешкiмге де iшiн ашпауға бел буған-
ды. Ендi Дадабектiң мына қылмысын естiп, мұның арты неге апары соғар екен деп, түйiлiп, отырып
қалды.
Сол үстiне Шәки кеп кiрдi. Ол кешелерi болған жайды бастан-аяқ мөңiретiп айтып бердi. Оның
айтуынша, Әлiмдердiң бас көтерер азаматтары жаудан кек аламыз деп, жан-жаққа шабарларын
жiберiп, шұғыл түрде жиналып жатқанға ұқсайды. Олардың арасында Қарасақал Дабыл, Шобан
Тiлеулi жәнә Құлтас Жақып батырларды бар дейдi. Сөз арасында Шәки Мiрәлiнiң ажалына негiзгi
себепкер болған Кiшкене Шектi Асан Байбосын мен Жаманқұлдар көрiнедi деген бiр қолайсыз
әңгiменiң шетiн шығарды. Әсiресе, соңғы жылдары Дадабекпен iшек-қарны майлы қасықтай араласып
кеткен Жаманқұл қулықпен оны неше түрлi қолайсыз шаруаға айтақтап қойып жүрген сияқты. Тоғанақ
батыр Мiрәлi мен Жаманқұлдың арасында қырбай барын бұрыннан бiлетiн едi. Ендi Шәкиге бiрден
ашыла қоймай, iшiнен: “Солай болса, солай шығар”, — дедi де, тез бiр шешiмге кеп:
— Мақүл, жақын арада жетемiн, — дедi.
Тоғанақ батыр Шәки кеткен бойда қасына бiр-екi кiсi қосып, Сәндiбектi Әлiм жұртының
қабырғалы бiр биiне мән-жайды бiлiп кел деп жiбердi. Iнiсi бiр-екi күн-нен соң қайтып келдi. Бұлар
әлгi бидi Ақжонада болып жатқан жиыннан табады. Олар сөйлесемiн дегенше, Жаманқұл Сәндiбектi
“жансыз, Тоғанақтың жақын iнiсi” деп Дадабекке сыртынан көрсетiптi. Соны естiген бойда, бұлар
түнде тез атқа қонып, суыт жүрiп отырып, Дадабектiң қанды құрығынан шаққа дегенде құтылып
шығыпты. Сол күнi Жаманқұлдың сөзiн бұларға жеткiзген Нұржан дейтiн кiсiнi Дадабек қалың елдiң
алдында қинап, азаптап өлтiрiптi. Соны есiткенде Тоғанақтың көзi қарауытып кетiп: “Бәлем, тоқтай
тұр! Сенiң ме!?” — деп, iшiнен кiжiнiп, бiр сәтке үнсiз қалды.
Арада бiрнеше күн өткен соң Тоғанақ батыр Жаманқұлдың Майлыбасқа жақын жердегi жұрттан
салық жинап жүргенiн есiттi. Ол қасына он шақты жiгiттi ертiп, дереу атқа қонды. Бұлар араға бiр
қонып, екiншi күнi таң әлетiнде Жыланды Сәркеде жүрген Жаманқұлдың дәл үстiнен түстi. Бiр ойлау
жерде тiгiлген ақ отауда жатқан Жаманқұл түрулi тұрған iргеден мұны көрсе керек, дереу бiр-екi
сарбазын бұған қарсы жұмсады. Бұл олардың iшiнде Жаманқұлмен ыңғайлас боп жүрген түрiкмен
Сәлiмбет батырдың бар екенiн көрдi. Сәлiмбет мұнымен баяғыдан берi бақталас, қырбай болып жүрген
кiсi едi. Ол астындағы атын ойнақтатып жеткен бойда:
—Жекпе-жек! Жекпе-жек! — деп айғай салды.
— Болсын! — дедi бұл да шыдамай.