Стр. 143 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

142
Олар ортадағы күмшауыт алаңқайда бiр бiрiн жеңiсе алмай, көп алысты. Сәлiмбет батыр айлалы
екен, талай рет мұның уысынан бұлт етiп шығып кеттi. Ақыры бұл бiр қапысын тапты. Түрiкменнiң
сiлтей берген найзасын қалқанымен қағып жiберген кезiнде, Сәлiмбет сол жағына қарай аздап
ауытқып кеттi. Дәл осы сәтте бұл оны шоқпарымен қақ басынан бiр қойды. Дулыға дың ете қалды да,
қатты соққыдан басы айналып кеткен Сәлiмбет қолындағы найзасын жерге түсiрiп жiберiп, ердiң
басын құша бердi. Осы кезде оның басына екiншi соққы кеп тидi. Сәлiмбет ендi теңселiп, ат үстiнде аз
тұрды да, кенет жерге гүрс етiп құлап түстi. Оның бiр аяғы үзеңгiден шықпай қап, құлап түскен
егесiнен шошып, бет алдына үрке қашқан атпен бiрге бiраз жерге дейiн сүйретiлiп барды да, ақыры
үзеңгi үзiлiп кетiп, жерде шаң-шаң жатты. Соны көрген Тоғанақ атын тебiнiп қап, оның жанына жете
бере жерге қарғып түстi де, аяғын жылдам басып барып, ес-түсiн жия алмай жатқан түрiкменнiң
сақалынан уыстай ұстап, басын сәл шалқайта бере жұтқыншағы бүлкiлдеген тамағынан қанжарымен
мауыздап жiбердi. Сол екен, кесiлген күре тамырдан қара қошқыл қан шапшып қоя бердi. Батыр ендi
мойын омыртқаның жiгiн көздеп, қанжарымен тура шауып, түрiкменнiң сопақ басын кесiп алды да,
оны Жаманқұлдардың ошарылып тұрған жiгiттерiне қарай лақтырып жiбердi.
Мұны көрген олар бет-бетiне тым-тырақай қаша жөнелдi. Тоғанақ оларды қумай, қайтадан атына
мiнiп, ауылға келдi. Өз жiгiттерiне iздетiп, бiр үйде жинаулы тұрған теңнiң арасында тығылып жатқан
Жаманқұлды таптырып алды. Жаманқұл ұзын бойлы, түрi сарт сықылды қара кiсi едi. Ол
қорыққанынан жүзi одан әрмен қап-қара боп, иегi дiр-дiр етiп:
— Батыр, жан сауға! — дедi.
— О кәззәп, жан тәттi ме екен? Сен неге ана Мiрәлiнi өлтiрттiң? — деп, Тоғанақ қатты ақырып
жiбердi.
— Батыреке, о-о-о-о-ны өлтiрткен мен емеспiн. Онда iж шаруам жоқ. Қыз әкелмегесiн, оны
өлтiрген... Дада-бектiң өзi... Кегiңдi содан ал...
— Кегiңдi? — Батыр оған не дерiн бiлмедi. — Онда ана түрiкмендi менi өлтiр деп неге жұмсадың?
— Оны жұмсаған емеспiн, оның өзi ғой сенiмен бақ таластырып жүрген. Мiне, жаным, мiне
иманым! Шақшабас түрiкмендi саған қарсы жұмсап... менi перi қаққан ба? Бар-жоғы, ол менiң
абызымда жүрген бiреу ғана. Сол үшiн өлтiрем десең, мiне кәлләм! Онда жазықсыз қаным мойныңда
кетедi, — деп, Жаманқұл айла жасап, басындағы бөркiн лақтырып жiбердi де, мұның алдына
жығылды.
Оның жiңiшке ұзын мойнының етi ала жарғақтанып кеткен екен. Қылышының балдағына қолын
апара берген батыр соған жеркене қарап тұрып, аз iркiлiп:
— Жазықсыз дейсiң, ә? Оны тексерiп көре жатармыз. Әзiрге шыбын жаныңды қидым. Осыдан
екiншi рет кездессең болды, айтпады деме, аямайым, — дедi де, қолын керi тартып ап, жалт бұрылып,
атына қарай жүре бердi.
Тоғанақ батыр аулына келгесiн бiр қонып, ертесiне қасына жiгiттерiн ертiп, жолға шықты. Ол
Әлiм, Шөменнiң шекарасы боп саналатын Майлыбастың әр жағындағы, Басықараға жақын жердегi бiр
төбенiң ойында отырған Ережептiң ауылына жеткенде, оған кеуiл айтуға келген кiсiлердi көрдi. Бұл
олардың жүзтаныстарымен амандасып, атынан түсiп, Ережептiң үйiне кiрдi. Оның сағы сынып
қалыпты. Жүзi жадау. Төрге отырғасын, Тоғанақ оған кеуiлқос айтты. Ызалы Ережеп бұған жалбарына
қарап:
— Төке, атаңның күш-қайраты қонған қара шаңырақ едiңiз. Сiз тұрғанда, арқамызды тауға
тiретендей боламыз. Ендi мынадай күн туып отыр. Сонда... осылайша кiм көрiнгенге кегiмiз кете бере
ме? Ау, бiз де iргелi ел емес пе едiк? — дедi.
Тоғанақ Ережептiң ашынған жүзiне қарап, ақырын ғана мырс еттi:
— Iргесiн жауға алдырып жатқан елде қаңғып жүрген о нағылған қасиет?
— Неге, Төке? Кешегi қара қалмақтың қырғынынан аман қалған ел мына өз тiзгiнiне өзi еге бола
алмай, жат дұшпанның, Хиуаның табанында тапталып отырған нәубеттi кезден де аман-есен қалады.
Тек... бастаңызшы. Халқыңыз соңыңыздан бiрi қалмай ередi.
— Ә, солай ма? — деп Тоғанақ оған тiктеле қарады. — Соны бұрын бiлсеңдер, iнiмнiң басына
қамшы үйiргендерiңе не жорық? Жарайды, мен саған өкпе айтайын деп отырған жоқпын. Белгiлi
әулеттiң ендiгi қалған үлкенi өзiңсiң, саған осыны сабақ қыл деп айтып жатырмын. Жарайды, халықтан
асып қайда барам? Билерге кiсi жiбердiңдер ме?
— Иә, Төке, — деп Ережеп тез арада кеуiлденiп сала берді. — Кiсiлер Басықараға жиылып жатыр.
— Дұрыс екен.
Батыр iске тез кiрiстi. Сол күнi Шiрiк Рабатқа қайтып кеп, жүктердi буып-түйдiрiп, бiр түн iшiнде
бар аулын Қарақ жаққа асығыс көшiрiп жiбердi. Сосын өзi сауытын киiп, бес қаруын асынып, қалқаны
мен шашақты найзасын қолына ұстап, дулығасы жарқырап, Басықараға тартып кеттi. Ол жолшыбай
ұшырасқан Дүзбайдың ауылына бiр қонып, ертеңiне iңiр әлетiнде Басықараға кеп құлады. Бұлар
ауылдың желкесiндегi қара жалға екпiндеп шыға келгендерiнде, өз көздерiне өздерi сенбей, сәл тұрып
қалды. Iлгергi жаққа қараса, сонау дария жиектен басталатын кең алап әр жер әр жерде жылтыраған
отқа толып кеткен екен. Жорық қосының жанында ас пiсiрiп жүрген кiсiлердiң тұлғалары түнгi
қараңғылықта от жарығымен зорайып көрiнедi. Жаңқылдасқан дауыстар жаңғырыға естiледi. Тоғанақ
соларға қарап тұрып, iшiнен: дулығасы жарқырап: “Апырмай, бiздiң де басымыз құралады екен-ау! Бiз
де ел боп, ат жалын тартып мiне алады екенбiз-ау!?” — деп шүкiршiлiк қып, қасындағы
атқосшыларына көзiне келiп қалған ыссы жасты көрсетпей, атын тебiнiп қап, iлгерi қарай жүрiп кеттi.
Сол күнi ол Басықарада қонды. Ертеңiне әруақтарға бағышталған құдажолы берiлдi. Содан кейiн
бұл Қарасақал Шағырай батырмен ақылдасып, ертеңдерi не iстеп, не қоятындықтары жөнiнде сөйлестi
де, жиылған жiгiттердi жүздiктерге бөлiп, жүзбасыларды тағайындады. Он жүздiк бiр мыңбасыға
бағынатын боп келiсiлдi. Сосын жиылған кiсiлердiң жалпы санын есептеп, олардың мыңға бөлiп, үш
мыңбасы белгiлендi.