143
Сосын түнде болған кеңесте Тоғанақ батыр жаудың осал еместiгiн, олардың мылтық пен
зеңбiрiктерi барлығын ескертiп, дұшпанды қалайда аңсыз отырған жерiнде, қапыда басудың керектiгiн
айтты. Шағырай батыр да, басқа жүзбасылар мен мыңбасылар да мұны бiр ауыздан құптады. Содан
соң Тоғанақ iске шұғыл кiрiстi. Бiр күн iшiнде сыңсыған ауыр қолды Сырдан өткерiп, түнде бөлек-
бөлек жүрiп отырып, Қуаңның iшiне дендеп ене бердi. Олар бiр арада аз дамыл қылды да, тағы да атқа
қонып, түн қараңғылығын жамылып, суыт жүрiп отырды. Үркер туа қалың қол Құмқамалға жетiп, оны
үш жағынан кеп қоршады. Батыр шайқасты басқаруға ыңғайлы-ау деген бiр биiк төбенiң басына
жорық қосын тiккiздi. Ешкiмге от жақтырмады, кiсiлердi қатты сөйлестiрмедi. Аздан соң ой жақта
қабырғасы қарауытып тұрған қамалды көзiмен шолып шығып, ол бiр шешiмге кеп: “Таң ата шабуылды
бастаймыз”, — деп, жүзбасыларға шабармандарды асығыс шаптырып жiбердi.
Аздан кейiн бiр қанды сұрапылдың басталарын сезген-дей, Сыр бойының жазғы қысқа таңы сазара
атып келе жатты.
23
— Бастаңдар!
Әмiр болысымен-ақ Құмқамалды қоршаған ауыр қол үш жақтан лап қойды. Атты әскер қыл
шашақты найзаларын оңтайлап ұстап, жалпақ қоңырлықтың шаңын ұшырып, дулыға, қалқандары бiр
шетi қылтиып шығып келе жатқан күн сәулесiне шағылысып, селдей қаптап келедi. Олардың салған
айғай-ұраны жер жарады. Осы бетiмен ұлы селше жөңкiлiп келе жатқан ауыр қол алдындағы қамалды
екпiнiмен жаңқа құрлым көрмей ысырып әкетiп, тапап, жермен жексен етiп кететiндей.
Хиуалықтар да тақ отыр екен. Қамал диуалының үстiңгi жағында мылтық атуға арналып жасалған
кiшкене тесiктен сарбаздардың бастары қылтиып көрiнiп қалады. Олардың көбi мылтықтарын кезенiп
алыпты.
Қалың қол жөңкiлген бойы қамалға жақындай бергенде, диуалдың жоғарғы жағынан мылтықтар
бытырлап атыла бастады. Оқ тиген екi-үш жiгiт қолдары ербеңдеп, ат үстiнен құлап түстi. Олармен
қатар шауып келе жатқан Елдес жан-жағына қарамады. Өзiмен Қалдыбай, Қожақ, Қалмырза, Шәкилер
үзеңгi қағыстыра шауып келедi. Әзiрге оларға оқ тие қойған жоқ. Елдес сол арада алдыңғы жаққа көз
тастап едi, қаһарлы қолдан асып-сасып, жаңқылдаса сөйлесiп, әрлi-берлi жүгiрiп жүрген хиуалықтар
көрдi. Олар бәрi жабылып, ауызы үңiрейген бiрдеменi бұларға қарай туралауға тырысып жатыр. Елдес
iшiнен: “Бұ не болды екен?” — деп ойлап қойып, найзасының сабын сығымдай ұстады. Екi көзiн
әлгiнiң үңiрейген өңешiне таяқпен бiрдеменi тыққылап жатқан хиуалықтардан айырмады. Осы кезде
қазақ қолы селдей қаптап, қиқулап, қамалға жақындап та қалған едi. Кенет әлгi үңiрейген ауыздан көк
түтiн бұрқ ете қалды. Iзшше күн күркiрегендей бiр дыбыс шықты. Ысқыра ұшқан доб түйдектеле
шауып келе жатқан қазақ қолының ортасына барып түстi. Ала шаң бұрқ ете қалды. Жарықшақ тиген
бес-алты ат қатты шыңғырып жiберiп, омақаса құлады. Он шақты кiсi жер қапты. Сол арада бiр
жарықшақ мұның төбесiнен ысқырып өте шықты. Елдес одан шошып, көзi аларып, басын ала қашқан
атының ауыздығын кере тартты. Ол ендi бұрыла берем дегенше, екiншi доп кеп анадай жердегi
қатқылға түсiп жарылды. Елдестiң табан астындағы жер дiр ете қалғандай болды. Ендi астындағы аты
құлындағы дауысы құраққа шығып, әл бермей, бетi ауған жағына қарай шаба жөнелдi. Елдес атын әке-
бабадан бермен қарай сыбап, басын шаққа дегенде бұрып едi, күттары қашып, естерi шығып, керi
қарай тым-тырақай қашып бара жатқан жiгiттердi көрiп, зәресi ұшып кеттi. Елдес оларға қарап,
бiрдеме деп айқайлап едi, оны тыңдаған ешкiм болмады. Қайта арт жақтан арлап келе жатқан бiреу
мұның атын омырауымен қағып, құлатып жiбере жаздады. Ендi басқа лаж қалмағанын бiлген Елдес
атының басын тез бұрып ап, жiгiттердiң соңынан салды.
Ол қоңыр төбенiң ойына жеткенде, әрлi-берлi шапқылап, боқтай жүрiп, есi шығып кеткен
жiгiттердiң бас-аяғын шаққа дегенде жинап алған Ережептi көрдi. Оның өңi қуарып кетiптi. Елдас
оның жанына кеп тоқтады.
— Ендi нағылдық? — дедi ол Елдеске қарап, айқайлай сөйлеп.
— Тоқта, есiмiздi жиып алайық, — дедi Елдес ентiге сөйлеп. — Қамалдың мына жау келедi деген
дарбаза жақ бетiне зеңбiрiк қойған екен.
— Иә, сүйтiптi.
— Менiңше, бұ жолы арамызды алшақ салып шабайық. Бiзге тек дарбазаға жетiп алу ғой. Оны
ашқасын, iшке лап қоямыз.
Сол арада қамалдың терiскей жағынан у-шу шықты. Елдес пен Ережеп ат үстiнен созыла түсiп
қарап едi, терiскей жақтан қамал iргесiне жетiп үлгерген жiгiттердiң биiк диуалға басына ұшына
қармақ тәрiздi темiр байланған қыл арқандарды лақтырып iлiп, жоғары қарай өрмелеп бара
жатқандарын көрдi. Хиуалықтар оларға қарай жоғарыдан тас, күм салынған қаптарды лақтырып,
шелек-шелек ыссы суды құйып жатыр. Әне, биiк басына жақындап қалған бiр жiгiт, өзiне тиген ауыр
тастан қолы арқаннан шығып кетiп, жерге құлап түстi. Жоғарыдан ақтарылған ыссы су үстерiне лақ
ете қалған бiрнеше жiгiт те төмен қарай құлады. Сонда да жiгiттер өлермендiк көрсетiп, алған бетiнен
қайтар емес.
Бұларға Тоғанақ батырдың шабарманы жетiп:
— Батыр тағы бiр шабуылдасын, хиуалықтарды алаңдатсын деп жатыр, — дедi.
— Құп! — деп, Елдес жiгiттерiне қарады. — Ендi араларыңды алшақ етiп шабыңдар. Иә, әруақ,
өзiң қолдай гөр! Дөйт! Дөйт! — деп ол ұран тастап, атын тебiнiп қап, алға қарай ұмтылды.
Жiгiттер қайтадан лап қойды. Олар бұл жолы түйдектелмей, бытырай шапты.