Стр. 145 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

144
— Әруақ! Әруақ! — деген қаһарлы дауыстары жер-жәһанды күңiрентiп барады. Қалдыбай,
Ережеп, Қожақ, Шәкилер қатар шауып келедi.
Алдан тағы да мылтық атылды. Бiр оқ келiп Ережептiң оң иығынан ұрды. Ол толқып кетiп,
қолындағы қылышын жерге түсiрiп жiберiп, ерiксiз ат жалын кұшты. Жанында келе жатқан Шәки оған
жәрдемге ұмтылды.
Зеңбiрiк осы жолы үстi-үстiне атқылады. Бiрақ бытырай шапқан қалың қолға онша көп зиян
келтiре қоймады. Небәрi бiр-екi жiгiт қана ұшып түстi. Осы кезде Елдес бастаған жүздiк ағызған бойы
дарбазаға жетiп те үлгерген едi. Бiрақ жетерiн жетсе де, сом темiрден тұтас етiп құйылған ауыр есiкке
не iстерiн бiлмей, алғашқы сәтте аңтарылып та қалды. Сол арада талайды көрген Елдес тез ақыл тауып,
жiгiттерге:
— Қақпаға өрмелеңдер! Iшке кiрiп, есiктi ашу керек! — деп дауысы барқырай айқайлады.
Өзi бiрiншi боп, арқанын диуал басына қарай лақтырып iлiп алды. Басқа жiгiттер де арқандарын
лақтырып iлiп-iлiп алысты. Сосын бәрi жоғары қарай өрмелей бастады. Олар диуалдың басына жете
бергенде, әр жағынан жалаң қылыштарын оңтайлап ұстап алып, өздерiне қарап тұрған хиуалықтарды
көрдi. Елдес артына бұрылып, басқа жiгiттерге:
— Өрмелеңдер! — деп айқайлады.
Сол арада сауыт-сайманы жарқырап, ештеңеден жасқанбай, жүздiгiн бастап, дарбазаға қарай
ағызып келе жатқан Тоғанақ батырды оның көзi шалып қалды. Сол жанына медеу боп, Елдес ендi
жасқанғанын ұмытып кетiп, қамалдың iшкi жағына бiрiншi боп қарғып түстi. Оның соңынан басқа
жiгiттер де қарғып түсе бердi. Бұларды көрген хиуалықтар қылыштарын жалаңдатып, жан-жақтан лап
қойды. Тәсiлқой Елдес өзiне ұмтыла берген бiр қара сақал хиуалықты алдап, жалған қимыл жасап,
қылышын көлденең тоса қойды. Қос қылыш бiр бiрiне тиiп, шақыр-шұқыр ете қалды. Бұл қылышын
тайдыра бере, жорта сiлтеген боп едi, анау қорғанып, қылыш ұстаған қолын сәл жоғары көтерiп қалды.
Елдес сол сәтте лып еткiзiп қылышын сiлтеп қап, өзiне қарай тарта, сыр еткiзiп қиялай шапты. Сәлден
соң дағарадай сәлде ораған, қаба сақалды хиулаықтың басы сабағынан үзiлген алмадай домалап бара
жатты. Оның бассыз қалған денесi бiр дiр-дiр ете жиырылып, сәтке селтиiп тұрып, тұрып, тұрып, кенет
жерге күрс етiп құлап түстi.
Қалмырза, Қожақ, Қалдыбайлар да шын айқасқа ендi кiрiскен екен. Барлығының көздерi оттай
жанып, хиуалықтардың келгенiн келгендей жайратып жатыр. Әсiресе, палуан денелi Қалдыбайдың
айдыны таса түсiптi. Ол ұзын қайың сойылын құлаштай сермеп, хиуалықтарды жапырып барады.
Елдес тағы да жауға ақырып ұмтылып, бiрнешеуiн шауып түсiрдi. Сосын шегiне берiп, табан
астында жатқан әлдеқандай темiрдi көрдi. Оны тез ала сап, дарбазаның есiгiне жетiп кеп, темiрдi
кұлыптың астына сұғып жiберiп, ырғай тартып едi, оны жұлып ала алмады. Сол арада қасына жетiп
келген Қалдыбай:
— Елеке, оны маған бер, — деп айқайлай сөйледi де, әлгi темiрдi мұның қолынан ала бердi.
Елдес ендi Қалдыбайдың сойылын ала сап, оңды-солды сiлтеп, анталаған хиуалықтарды жанына
жолатпады. Оларды жоғарғы жақтан iшке қарғып түсiп жатқан жiгiттерге жолатпай, бiр-екi рет керi
шегiндiрiп тастады. Бiрақ дарбаза ашылса күндерiнiң қараң болатынын сезген хиуалықтар ендi
өлгендерiне қарамастан, өршелене ұмтылды. Олардың сырт жағынан қаз мойынды ақалтеке арғымаққа
мiнген Дадабектiң өзi көрiндi. Оның әр жағында қолдарына мылтық ұстаған жүз қаралы сарбаз жүгiрiп
келедi. Соны көрiп, Елдес ендi жағдайдың шын қиындарын бiлдi. Сол арада мылтық тарс-тарс атылып,
оқ тиген бiрнеше жiгiт табан астында тiл тартпастан кеттi. Қожақ пен Қалмырза да жеңiл жараланды.
Сонда да олар дұшпанға өлiспей берiсер емес.
Қалдыбай осы кезде құлып салынған сом темiрдi бiр рет ырғай тартып, аздап созып үлгерген де
едi. Қалдыбай қайтадан бар күшiн жинап, ентелеп төнiп кеп қалған хиуалықтардың өздерiн кескiлеп
тастайтынын, ендi кешiксе, жiгiттермен бiрге жер жастанатынын сезiп, ауыр бiлiктi қос қолымен
сығымдай ұстап, аяғын есiкке тiредi. Қысылшаңда көзiне құйылған удай ащы терге, ернiнiң
кезергенiне, тамағының кепкенiне қарамастан, ол бойындағы бар қуатын жинап: “Әуп!» — деп, бiлiктi
өзiне қарай шiрене тартты. Зор күшке шыдамаған белдеу темiр омырылып кетiп, әйдiк кұлып анадай
жерге ұшып түстi. Қалдыбай өзiн шiрей тартып тұрған бiр кедергi жұлынып кеткеннен кейiн,
көткеншектеген бойы барып, барып, бiрдемеге сүрiнiп, шалқ ортасынан құлады. Ол жалма жан
орнынан тұрмақ боп, жер таяна берiп едi, қолы былжыраған бiрдемеге тидi. Жалт қараса, ол өлiктен
ағып жатқан қарақошқыл қан екен. Қалдыбай орнынан ұшып тұра сала, жеркенiп қап, қан-қан болған
қолын жерде сұлап жатқан хиуалықтың шапанына сүрте салды. Сол арада оның жаны шығып, былқ-
сылқ денесiн сезiп, зәресi ұшып кеттi. Дереу қолын тартып ала қойды. Сосын алас-қапаста не iстеп, не
қойғанын бiлместен, жүгiрiп барып, ауыр есiктi сықырлатып аша бердi. Дарбаза ашылғанда әр жақтан
Тоғанақ батыр бастаған қалың әскер iшке ұлы селше лап қойды. Қалдыбай ат тұяғынын, астында
қалып қоймауды ойлап, жан-дәрмен деп, бiр жағына қарғып түстi. Сол арада:
— Өй, әкеңнiң аузын..! Ағамды өлтiрiп, сүйегiмдi корлап... Әй, сенiң бұ нағылғаның? Бәлем, сенi
ме? — деген Тиышбектiң барқыраған дауысын есiттi. Және де оның ұзын сойылын өзiне қарай сiлтеп
қалғанын көрдi.
— Әй, бұл мен ғой! — деп, қорғанам дегенiнше болмады, қайың сойыл самайына тиiп,
Қалдыбайдың басы дың ете түстi. Топырлаған кiсiлер, темiр есiк, шыңғырған аттар бiр демде ию-қию
араласып, табан астындағы жер қозғалып кеткендей болды. Қалдыбай өзiнiң құлап бара жатқанын
сезбедi.
Сол арада:
— Өй, әкеңнiң аузын... — деп қылыш тiлiп кеткен бетiнен қаны аққан Елдес Тиышбекке тарпа бас
салды. Оны ат үстiнен жұлып ап, жерге құлата салды. Сасық күзенше бiрдеме деп шақылдай берген
оны көтiне бiр тептi де, оған қарап жатпастан, алақызып тұрған атына бiр-ақ ырғып мiндi. Сосын ол