146
бастады. Ендi бiр сәтте қуаң даланың ортасында жасыл тартып, көздiң жауын алып тұрған Құмқамал
өртке оранды. Ол көп ұзамай күлге айналды. Осы кезде терiскейден ақырындап соғып тұрған салқын
жел күшейе түсiп, сөне бастаған шоқтарды қызарта үрлеп, өлi қаланың күлiн суыра бұрқыратқан
қалпы қара көмiр сияқты қалың қоқысты сайын даланың түскейiне қарай алып кетiп жатты.
24
Бұл жағдай Жәнiбектiң үш ұйықтаса түсiне кiрмеген де едi. Хиуа шәһарында лажсыз кiдiрiп қап,
Ядгарбектiң жолға қашан дайын боларын күтiп отырған-ды. Бiрақ бас уәзiрдiң әзiрлiгi ұзаққа созылды.
Ат-көлiк жуық арада дайын бола қоймады. Оның үстiне Англия, Түркия өкiлдерiмен келiссөз жүрiп
жатқанда ол бас уәзiр ретiнде маңызды әңгiмеге араласпай және қала алмады. Ақыры олар мизам айы
туа жолға шықты. Үш жүздей сарбаз ертiп, тоғыз түйелi керуен тартып, Қызылқұмның үстiмен
Ақмешiтке қарай бет алды. Олар жарты жолға келгенде, Құмқамалдағы бүлiншiлiк жайлы хабар жеттi.
Ядгарбек тездетiп, Жәнiбектi жүз кiсiмен Қожанияз бекiнiсiндегi Уәйiс-Ниязға көмекке жiбердi.
Жәнiбек салқа жортып келсе, қазақтар қамалды қоршап жатыр екен. Бiрақ олар зеңбiрiгi бар, кiлең
мылтықты хиуалықтарды баса көктеп, қамалға кiре алмапты. Сол үстiне Жәнiбектер сау ете түскенде,
онсыз да шайқасқысы келмей тұрған қазақ қолы керi шегiндi. Ертесiне бiр түн iшiнде олар бытырып,
бет-бетiне тарап, Қарақұм мен Қызылқұмның жықпыл-жықпылына сiңiп кеттi.
Қалың қолдан қорыққан Уәйiс-Нияздың есi-түсi қалмаған екен. Олардың оқ-дәрiлерi таусыла
бастапты. Үш күн бойғы атыстан сарбаздар да шаршапты. Ол Жәнiбектi көргенде, әкесi келгеннен
бетер қуанды. Анада мұнымен жөндеп сөйлеспегенi есiнде жоқ, дәудiр-дәудiр етедi.
— Жәнiбек бек, келгенiңiз жүдә яхши болды. Ендi кешiккенiңiзде, халымыз мүшкiл едi.
Жәнiбек жорта үндемедi.
— Мына қазақтарға бiрдеңе болған, — дедi Уәйiс-Нияз тағы да самбырлай сөйлеп.
Жәнiбек осы арада шыдамай:
— Оларға не болсын, қызыңды әкеп, қойныма сал дегенге қай ел шыдайды? — дедi.
— Ол рас. Дадабек, сөзiмiз ауыр болмасын, аса қатын құмар едi...
— Сонда... осылай етуге бола ма? — дедi Жәнiбекi оның сөйлеген сайын шошаңдап тұрған бұйра
сақалына қарап қойып.
— Әрине, болмайды, — деп ол көзiн қысыңқырап, сәл ойланып қалды. — Дегенмен.. Осы арада бiр
гәп бар сияқты.
— О қандай гәп?
— Жәнiбек мырза, есiңiзде бар ма, осыдан аз ғана бұрын орыс саудагерлерi Бұхараға қарай өткен
едi ғой...
— Иә, өткен. — Жәнiбек өздерi талаған керуендi, қы-зыл бет Ахиярды, масқараланған Ирина
қатынды есiне алды.
— Мiне, бұл сол орыс жансызының iсi, — деп Уәйiс-Нияз қолын түңiле сiлтедi. — Ойбай, жансыз
дегендi қой, олардың жүрген жерi бүлiк. Көрдiң бе, аз ғана үгiт таратып едi, ел бүлiндi.
Жәнiбекке мына сөздiң аздап қисыны бардай көрiндi. Сонда да сенiңкiремей:
— Әй, қайдам, — дедi. — Осы арада Дадабектiң өзi де кiнәлi емес пе?
— Әлбәттә, әлбәттә, — деп Уәйiс-Нияз шалма салған дағарадай басын шұлғыды да қалды.
Жәнiбек соны көрiп, артық-ауыс сөзден сап тыйылды. Оған Хиуа бектерiнiң жалпылдап, қоштап
отырған боп, ту сыртынан қанжар ұратын қулығы таныс едi.
Қамалда екi-үш күн боп, қазақ қолы қайта шаппағасын, Жәнiбек бiрер күнге мәулет сұрап, өз
ауылына кеттi. Үй iшi мұның жолына қарап, алаңдап отыр екен. Жәнiбек шәй үстiнде мұндағы хабарға
қанды. Шарапаттың құтты жерiне қонғанын есiттi. Сосын ол Зәурештiң отқа өртенiп, шығына
қашқанын естiгенде, не дерiн бiлмедi. Аузына апара берген кесесiн қоя сап:
— Астапыралла, бұларға не болған? — дедi.
Айжамал бұған бетiн жартылай бұрып:
— Қазақ шiркiн мұсылманшылықты қойған ғой. Мұндай нәстенi құдай кешiрер деймiсiң? Ақыры
өз жазасын өзi тартты, — дедi.
Жәнiбек әйелiне таңдана қарады. Айжамал кенет жымиып:
— Сенiң Хиуаға сардар болғаныңды естiмеген-ау! Қайнағамыз сарбаздардан қорқып, Қырға қарай
көшiп кеттi, — дедi.
— Е, неге?
— Iж негесi жоқ. Оған ерiп Қожақ, Қалдыбайлар да көшiп кеттi. Қайын жұртың да... — дей берiп,
Айжамал жорта сыңқылдап күлдi.
Жәнiбек қабағын шытты. Мына әйелiнiң мысықтабандап отырып, мұның қайдағы бiр жанды
жерiнен бұрап үзiп алуға даяр тұратынына қиналды. Сосын онымен жөндеп сөйлеспедi.
Сол күнi ол әкесi Мамырайдың ауылына барды. Сәлiңгiрдей жiгiт боп қалған Әлжан алдынан
шығып, мұның атын байлады. Жәнiбек ерке iнiсiне таңдана қарап тұрып: “Бұған да ес енiп қалған-ау”,
— деп ойлап, iшке сәлем берiп кiрiп келдi.
Тамақ үстiнде Мамырай бұған қарап:
— Балам, — дей берiп, тамағына ащы бiрдеме тiрелгендей аз кiдiрiп қалды. Iзiнше дауысы
сабырлы қалпын тапты. — Осы сен жұрт құсап, жарытып жылқы бақпасаң да, мал мiнезiн... былай,
бiлушi ме едiң?
— Аздап, — дедi Жәнiбек әкесiнiң сөздiң бетiн қалай қарай бұрып бара жатқанын анық болжай
алмай, iркiле түсiп.