16
өлшеп-пiшiп отыратын әкесi бiр қайымын тапты. Балқия қыздың Балқының бiр жiгiтiмен әңгiмелi боп
жүргенiн есiтiп, ел жайлауға көшкенде, Қырдың салқын сабатты жерiне жапсарлас қонған құдасына
арнайы сәлем айтып, кiсi жiбердi. Ол: “Құдама айта бар, мен ата жолы мен “Құран” ұстап берген
сертiмнен таймайым. Баласына берген қалың малымды мiндет те қылмайым. Мен онымен құда
болғанда, балам жақсы, өнегелi жерден қыз алсын деп едiм. Ендi өнегелi жер дегенiм жын-шайтанның
ордасы боп шықса, баламның бағын байлап, қиянат жасар жайым жоқ. Құдам баласын көздеген жерiне
бере берсiн”, — деген. Осы сөздi ести сала қыз әкесi тас-талқан боп бүлiндi. Қатын, бала-шағасын
бөрiктiре сабап, қырып жiбере жаздады. Балқиямен сөздi болған Балқының жiгiтiн сойылға жығып,
айыппұл төлеттi. Со жылдың күзiнде ол Балқияны Өтәлiге зорлап ұзатты. Қайнысының соны меңзеп,
отырғанын ұққан кеуiлi зерек Балқия жанды жерiне бiз сұғып алғандай дiр ете түстi.
Ережеп жеңгесiнiң түсi өзгерiп сала бергенiн аңлап, сөзiн ендi асықпай сабақтады:
— Шариғат бойынша: “Жесiр ерден кетсе де, елден кетпейдi”, деген. Ол аға өлсе, iнiге мұра. Осы
жердегi жол — Мiрәлiнiкi. Мен жас басыммен ата жолынан аттап, әруаққа шет бола алмайым.
— Өй, бәрекелде!
— Мiне сөз!
— Сөз тапқанға қолқа жоқ деген. Жесiр Мiрәлiнiкi.
— Ал, құдайдың құлы, Мұхаммедтiң үммәтi, Мiрәлi, сен не дейсiң? — дедi Әбдiржан молла
Мiрәлiге қарап.
Қара сұр, қошқар тұмсық Мiрәлi бiр атадан туса да, Ережепке ұқсамайтын. Өзiнiң мiнезi ауыр, бiр
тоға. Сөзге жоқ. Осы жолы да ол айтар сөзiн түйеден түскендей етiп:
— Жесiр менiкi. Алам, — деп, қойып кеп қалды.
— Некеге ырзасың ба?
— Ырзамын.
Соны естiген мiнезi шалпылау Балқия өз басының қаншалықты төмендегенiн көрiп, ызалана жылап
жiбердi. Ол шаралы көзi жасқа толып:
— Ел-жұртым-ау, менi мына Тиышбек шапқан келiдей ойқы-шойқы жаратылған милықбасыңа
көзiң қиып қалай қосасың? — дедi.
Жұрт екi ұшты хал кешiп, iркiлiп қалды. Дөңбектей боп отырған Мамырай ғана сол арада ақырын
мырс еттi. Қалғандары не дерлерiн бiлмей, бiр жағынан күлкi қыштап, тығылып отыр. Сол арада
бағанадан берi тұнжырап отырған Мiрәлi демде ақиып шыға кеп, басындағы құндыз бөркiн жерге атып
ұрды. Талай төбелесте сойыл тиген басы, шынында да, ойқы-шойқы екен.
— Әй, қатын! — дедi ол әкiреңдеп. — Сен ырзашылығыңды сұрағанға бүйтiп талтаңдай берме!
Көнсең де, көнбесең де, маған тиесiң. Сенiң мынадай жыныңды қағып алар бiр келсап... бiзден де
табылады. О несi-ай түге, соншама керiлiп!
Ережеп бұдан әрi сөйлесе, Мiрәлiнiң бүлдiретiнiн бiлiп, оны сол арада тез тыйып тастап:
— Сөз бiттi. Жесiр ағамдiкi, — дедi. Сосын Әбдiржан молдаға бұрылды: — Кәне, некесiн қиыңыз.
Әбдiржан молда арабшалап дұға оқыды. Алдындағы бұхары кесеге құйылған суға Балқияның
жүзiгiн салып, үш рет дем салды. Дұғаны оқып болғасын, тас кекiл қоразша қодырая қалған Мiрәлiге
бұрылды:
— Уа, құдайдың құлы, Мұхаммедтiң үмбетi, Келман-ұғылы Мiрәлi мырза, осы некеге ырза болсаң,
мына кесенi ап, судан iш!
— Ырзамын, әлбеттә, ырзамын. — Мiрәлi добалдай қолымен бұхары кесеге жармасты. — Иә,
бiссiмiллә! — деп, судан iштi.
— Ендi Өтәлiнiң жесiрi, Мiрәлiнiң әмеңгерi Балқия, сен де iш!
Балқияның жүзi сұп-сұр екен. Оның еркек пiшiнiне әлдеқандай абыржы толқын ойнап шыға
келiптi. Ол басын сәл иiп, төменшiктеп, Мiрәлiнiң қолындағы бұхары кесеге қолын соза бердi. Ендi ала
берем дегенде Мiрәлi қолын босата қойып, кесе жерге түсiп кеттi. Неке су қалың түгi қарыс келер
парсы кiлемiнiң үстiне жайыла төгiлдi.
Жұрт:
— Өй! — дестi.
— Қап!
— Әттеген-ай!
— Балам-ау, байқамадың ба?
Мұны көрiп, Ережептiң жүзi сұрланып сала бердi. Аздап ырымға сенетiн ол iштей тiксiнiп қалды.
Бiр сәт: “Бағана өзiмнiң ала салуым керек екен”, — деп өкiндi. Сүйткенде қалың Балқының тiзгiнi
қолына тимесе де, жеме-жемге келген сәтте қаптаған көп жұрт арқасын тiрер бiр тауы боп қала беретiн
едi. Ендi мына жаман ырым оның тұла бойын әлденеге мұздатып жiбердi. Дөкiрлеу ағасына көз
қиығын тастап қойып, iшiнен: “Мына сорлы айбықа қатынға бай болып та жарытпас”, — деп түйдi.
Балқия ендi қашаңғы қисықтығына басып, қанын iшiне тартып ала қойған екен. Мұны әркiм неше
саққа жүгiрттi. Кейбiреулер жағаларын ұстасты.
Ережеп неке қиярдан соң, шәй-тамағын бере отырып, асқа жиналған кәдiрлi қонақтарының
алдында өзгеше бiр сөз тастады:
— Оу, ағайын, — дедi ол тамағын кенеп қойып. — Атам қазақ өлгеннiң артынан өлмек жоқ деп
дұрыс айтқан. Мына өлшеулi тiршiлiкте бәрiмiз де өткiншiмiз. Келiп, кету — Алланың бұйрығы. Өлiге
иман, тiрiге әбiрей берсiн деймiз де.
— Әп-бәрекелде!
— Қарағым, жөн айтып отырсың.
— Ендi... — дедi Ережеп даусын созып. — Ендi жалпы ел болып, қалған тiршiлiктi де ойлайтын
уақыт жеттi. Қазақ шiркiн қашаңғы осылайша бас еркi өзiнде боп, кең далада емiн-еркiн көшiп-қонып
жүре бередi дейсiң? Оған да тықыр таянатын күн жақын қой деп пәмлеймiн.