Стр. 18 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

17
— Апырмай, ә?
— Қарағым, ақыл жастан, асыл тастан деген. Естiгенiң болса, айта отыр, — деп, бiр шал
құнжындап қойды.
— Айтқанда былай, — деп Ережеп әдейi тоқтап, Елмырза мен Жәнiбекке бiр рет көз тастап қойды.
— Өздерiң де байқап жүрген шығарсыңдар, кәзiр жапан даланы ен жайлап жатқан бұрынғы жайымыз
жоқ. Өрде Хиуа, ойда ақ патша екi өкпеден исi қазақ қауымын қысып келедi. Сол кысым күшейе келе,
жанымыз мұрнымыздың ұшына жетпесе нағылсын? Ау, бiз де дұшпандарды тапқан анадай бiр-бiр
қатыннан туған жоқпыз ба? Бiздi де ұл таптым деп, бiр қатын қалжа жеген жоқ па? Сонда осылайша
ыри-тыри боп, маңдайымызға жазылғаны болар деп, қол қусырып отыра беремiз бе? Одан да, ел боп,
бiр әрекет етсек, жығылған жығамызды бiр көтерсек дейiм.
— Қарағым, жөн айтып отсың.
— Иә, сосын?
— Күн санап Хиуаның азары да өтiп барады. Оның алым-салығы да көбейiп кеттi. Мына Мiрәлi
ағам сардар болғалы...— Ережеп тiлiн тiстей койды.
Жаңа ғана Балқия менсiнбей кемсiткен Мiрәлiнiң сардар деген лауазымға қолының жетуi ел
түсiнбес бiр жағдай едi. Осы Мiрәлi ана жолы Дадабекке жақын боп, оның айтқанын қайт қылмады.
Зекетшiлердi өзi бастап кеп, көнбегендердiң басына қамшы үйiрдi. Әумесер кiсiнiң осылайша
басынғаны ел арасында ренiш тудырды. Сол кездерi Ережеп дүңкi ағасын жал-құйрығынан жәйiмен
сипай отырып: “Сен ана сартқа көп сене бермесейшi. Қанша сардар болсаң да, ол бола алмайсың.
Кейiнгi көрер күнiң мына осы елмен бiрге. Олармен ищаласа берсең, ертеңгi күнi бар әбiрейiңнен
айрыласың ғой”, — деп, кеңес берген едi. Бiрақ екi естi Мiрәлi мұның сөзiн құлағына да қыстырған
жоқ. Тек былтыр төбелес үстiнде Өтәлi мерт болғасын барып, ол қолайсыз қылуасынан аздап
тыйылғандай болған. Сонда да ел арасында мысқыл әңгiме қаудай қоздады. “Сардар болу үшiн
алдымен сарт бол”, “Ана Мiрәлi сарттай болып ал”, — деп, кiм көрiнген әлге дейiн оны кылжақ етiп
жүр.
Ережеп есiн тез жиып, сөзiн әрi қарай сабақтады:
— Мiрәлi мына ағайынның iшiнде жүрiп, бiраз сыр түйiптi. Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақтың бiзге
емешегiнiң езiлiп бара жатқаны шамалы. Оның бар ойлайтыны — қазынаны алтын-күмiске сымбалау.
Ал, сонда бiздiң халiмiздi кiм ойлайды?
— Ау, ел қамын жейтiн төрелер бар емес пе? — дедi бағанадан берi басын төмен салып жiберiп
отырған Жәнiбек кенет еңсесiн тiктеп.
— Төре — халықпен төре. Оның бiр өзi не iстей алатын едi? — дедi Елмырза төре арқасына
желбегей жамылған шапанын жөндеп қойып.
— Серке бастаса, оған ермейтiн қой бар ма?
— Көсем табылса, оның етегiнен ұстамас ел жоқ.
— Ол рас, — дедi Ережеп алдындағы қымыздан бiр ұрттап қойып. — Естуiмше, мына Арқа
жағында Абылай ханның ұрпақтары ақ патшамен соғысып жатқан көрiнедi.
— Өй, қасқыр-ай!
— Әруағыңнан айналайын хан ием-ай! — деп, дiндәр кiсiлер әруағы қозып, қобырласа бастап едi,
Ережеп тыжырына қап, сәл қозғалақтап койып, қабағын шытты:
— Бiрақ осының өзi қалай болар екен? Жаңғыз кiсi көпке топырақ шаша ала ма?
— Осы бiз неге азбыз, а?
— Исi Арқаны Орта жүз жайламай ма?
— Ол өзi... Бұрындары көптi көрген шалдар: “Пәленiң мыңы Қырда, бiрi Сырда”, — деп отырушы
едi. Олар деген iжкiмге көнбейтiн тентектеу ел едi. Соның соңы... өзi... байқамасақ, — деп, бiр шал сол
арада күңк ете қалды.
— Ол айтып отырғаның ып-рас, — деп, оны және бiр кiсi қолдай кеттi.
— Бұрынғылар: “Орта жүздi қолына қалам бер де, дауға ғой”, — деп бекәр айтпаған ғой. Мұның
аяғы дау-шарға айналып... басымыз пәлеге қалып жүрмесiн, — деп, үшiншi бiр кiсi өмiрi Орта жүздiң
дауының ортасында жүргендей қолын түңiле сiлтедi.
— Өй, сендер де бiр... — деп, сол арада төртiншi бiр кiсi сөзге кiрiстi. — Ау, жалпақ жатқан
Қоңырат, Арғын, Қыпшақ, Найман тегiс қолдаса, қандай жау қазақтың үстiне басып кiредi?
— Гәп сол тегiс қолдамауда болып отыр ғой, — дедi Ережеп азырақ күрсiнiп қойып. Ол қатты
кынжылған тұр көрсетем деп, қолдан күрсiнгенiмен iш жағында басты ниетiн шабақтап жатқан
әлдеқандай әзәзiл күлкiнiң табын жүзiнен өшiре алмай, бiр сәт аңырып қалды.
— Ау, неге? — дедi Мамырай басын көтерiп.
— Ояғын... бiр бiлсе, мына Елмырза төре бiлiп қалар.
Жұрт Елмырзаға аңтарыла қарады. Төре Ережептiң сөзiнен сабақтап сыр тартқысы кеп, жалт ете
түскенiн аңғарып, қозғалақтап қойды.
— Ережептiң айтып отырғаны рас, — дедi ол уақыт ұтып, ойланып алу үшiн тiлiне оралған
алғашқы сөздi бөгемей.
— Сонда қалай?
— Оның iж қалайы жоқ. Әз Тәукеден соң исi Орта жүздi бiрнеше хан сұраған жоқ па? Сәмеке,
Барақ, Әбiлмәмбет, Абылайлар әр руды бөлiп ап, жеке-жеке биледi емес пе?
— Өй, соның өзi емес пе халықты үш жүзге бөлiп жүрген? Сүйтiп бiздi бөлiп-бөлiп ап билегiсi
келдi емес пе?
— Өй, сен де бiр, — дедi Ережеп тыжырынып. — Кiмнiң астында тақ, басында бақ болса... мәнтәй-
шәнтәйға қарай ма? Онан да... — Ол жөткiрiндi. Сосын демiн ауыр алып, үзiлiп қалған әңгiмесiн әрi
қарай сабақтады. — Мiне, сол кездегi араздық, алты бақан ала ауыздық кәзiрде де барша халыққа
арылмас сор боп жабысып отыр. Ел басын бiрiктiрсем деген Ақмола жақтағы Қайып ханды мына