Стр. 19 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

18
Арқаның қазақтары қолдамай койды. Кәзiр олар ауа көшiп жүр, — деп, Елмырза арлап барып тоқтады.
Сосын ол осы сөз басталғалы елп етiп араласпай, төрде басы салбырап, қалғып-мүлгiп отырған
Нұрғазыға көз киығын абайлап салып қойды.
— Сонда... ел басын бiрiктiру үшiн не iстеген жөн өзi?
— Оны... қайдам, — деп, Елмырза мiңгiр ете түстi.
— Орта жүз — қисапсыз көп ел, өскен-өнген жұрт. Өздерi шеттерiнен даукес, қара сөзге де ағып
тұр. Сонда... оларға ақыл айту, өзi, қалай болар екен?
— Ендеше Қайып ханды бiз неге қолдамаймыз?
— Шынында да, бiз де қара құрым ел емеспiз бе? Батыр дейтiндер бiзден де табылады. Қарасақал
Дабыл, Шағырай, Қаратамыр Қыстаубай, Сауқым батырлар найзаларымен қоян түйреп жүргенше, хан
иеме қосылып, неге жаудың өтiн жарып алмайды?
— Паһ-паһ!
Ережеп сол арада көптен көкейiнде жүрген негiзгi бiр ниетiне үй iшiнде қауқылдасып отырған, ел
iшiнде беделi мен ажары бар кiсiлердiң бiртiндеп жақындап келгенiн аңғарды. Ол ендi темiрдi қызған
кезiнде соғып қалмақ боп, жұрт назарын өзiне аудара түсейiн деп, тамағын қаттырақ кенеп ап, даусын
көтере сөйледi:
— Уа, ағайын, өте дұрыс айтып отсыңдар. Түбiн iзерттесек, осы арада шашау шығар iжкiм де жоқ.
Бәрiмiз де Әлiм, Шөменнiң жүрнақтарымыз. Ағайын арасындағы майда-шүйдә араздық деген мынадай
жерде кедергi болмауға тиiс. Бiз, қалай десе де, қиын-қыстау кезеңде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол
шығара аламыз. Бiрақ соны Арқар ұранды төрелер бiле бермейдi. Тiпте жаңа өздерiң мақтап отырған
Арқадағы Қайып хан Сыр өңiрiнде қаймағы бұзылмай, тұнып жатқан ел бар екен деп ойламайды да.
Әгәр хан бiзге омырау аша қойса, бiз де елдiгiмiздi көрсетiп, оған жаннан, малдан көмек берер едiк
қой.
— Жаныңды бiлмейiм, малың қалай болар екен өзi? — деп, бiр семiз қара шал мұрнының астынан
мiңгiрлеп, қасындағы жардай сары кiсiнiң оң тiзесiн қолымен басып-басып қойды.
— Ау, орыс пен Хиуаға жерiңдi бермеу үшiн мал мен жанды аяп, тартыншақтай берудiң не ретi
бар? — дедi Ережеп таңданып.
— Ол өзi... қалай болар екен? Аянбаудың өз орны бар емес пе? Үйтiп қинай берсең... жан дейтiн
шiркiн неге көнбейдi? Малың болса, жанның бiр амалы табылады ғой. Ал, малың болмаса, құр жанның
керегi қанша? Оны базарға апарып, пұлдап сата алмайсың да, — деп, жардай сары кiсi iрi сойдақ
тiстерiн ақсита күлiп қойды.
— Бала, осы бiздiң малымызды Хиуаның алуы кем болып па едi? Дадабек берсең қолыңнан,
бермесең жолыңнан деп тұрған жоқ па? Ендi содан қашып-пысып жасырып қалған азын-аулақ тұяқты
өзiмiзге көп көремiз бе? Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүрiп өсiрген малымызды ендi бiзге
қалғаны кiм көрiнгенге байлап беру ме? Хан керек қылса, бiзге арнайы кiсi жiбермей ме? Бала құсап,
оған мынаяқта жатып әлден елпiлдегенiмiз... өзi... қалай? — деп, Әбдiраман кiсiлiк көрсетiп,
маңғазданып, бартиған саусағымен шалбарынан тырсия шығып жатқан тоқ қарынын сипады. Сосын
мырс етiп: — Ханның бiзге хабар салмағанына қарағанда, оның бiр өзi-ақ қаптаған жауға әлек салып
жатыр-ау, шамасы. Ондай кiсiлер жандайшап болғанды онша ұната қоймайды ғой, — деп, қыңырайып,
бiр жағына қисайып отырды.
— Менiң пәмлеуiмше, Қайып ханның қарық қып жатқаны шамалы...
— Е, онда қарық қылатын басқа бiр кiсiнi табу керек. Өз жұртын оңдырмаған кiсi бiзге кеп не
береке таптырады? Асылы, сол төре дегендi ат шаптырып алыстан iздеудiң не керегi бар? Жыл сайын
iшiп-жемiн елдiң мойнынан жонып алып отырған төре деген бiзде де бар емес пе? Көсемдiктiң
қамытын солар киiп... азабын бiз киiп... — деп, Әбдiраман сөзiнiң соңын жұтып, ендi мүлдем iргеге
қарай қисая кеттi.
Елмырза Әбдiраманның өзiне қарай тiреп айтқан сөзiнiң астарында мысқыл жатқанын аңдап, екi
бетiнiң ұшы қышыма шыққандай дуылдап, сәл-пәл қозғалақтап қойды. Сонда да қашанғы дағдысына
бағып, мына қалың топырдың көзiнше сыр бермей, өз ашуын тез тiзгiндеп, маңқиған қалпын
бұзбастан, көзiн сәл қыса түсiп отыра бердi.
Дегенмен де Әбдiраманның бұл сөзiнiң жаны бар едi. Сыр бойына Батыр тұқымдары егелiк еткелi
бермен, қалың ел сұлтандардың алым-салығынан көз ашпай қойған болатын. Ақ патшаның әскерi ана
бiр жылы орам алып, Кiшi Жүздегi хан билiгiн жойғасын, төрелердi асыраудан елдiң мойны босаған.
Жұрт сонда уһ деп демiн бiр алған-ды. Бiрақ онысы ұзаққа созылмады. Батыр әулетi Хиуаға хан
болғасын, Сыр өлкесiне талас қайта қозды. Әсiресе, Аллақұл ханның тұсында Сырдың төменгi жағы
мен Арал теңiзiнiң төңiрегi Хиуаға қайта қарады. Соны дер кезiнде пайдаланып, екi оттың қай жағына
қарай шығарын бiлмей жүрген Елмырза төре Хиуа ханына белсене қызмет еткен едi. Көп ұзамай ол
бұрынғы абырой-атағын қайтарып алған. Ендi мына Әбдiраман пысықтың соны тұспалдап отырғанын
сезiп, ол қанын iшiне тартып, сұрлана түстi.
Ережеп iштей жиырылды. Сонда да көлденең көзге сыр бермей, артық тiс жармады. Шәйдан кейiн
ол кәдiрлi қонақтарын шығарып сап, абажадай ақ үйде жападан жаңғыз өзi ұзақ отырып қалды.
Сырттан қара үйлердi жығып, буып-түйiп, ертеңгi көшi-қонға әзiрленiп жатқан қатын-қалаш, жалшы-
малайлардың шаң-шұң еткен дауыстары анық естiледi. Бiр шетте Мiрәлiнiң малайларды әке-бабасынан
бермен қарай сыбап боқтағаны құлаққа шалынып қалады. Ережеп сол дабыр-дұбырға сәл құлақ тұрiп
отырып, кенет еңсесiн тiктеп, ойлы көзiн ақ орданың iшiндегi әсем желбауларға қадап, неге екенi
белгiсiз, жаңағы кеңестi есiне алды. Кiсiлердiң неше түрлi сөзi санасында қайта жаңғырып, олардың
бет-әлпеттерi көз алдына кеп, ерiксiз мырс еттi. Қазақ, шiркiн, қашанда сол. Бәтуалы сөзге құлақ тұрiп,
бастары бiрiгiп жинала қалса болды, сәл нәстеден шошып, ортасында бiр топалаң тиетiн пәле
жатқандай, тым-тырақай бет-бетiне безiп бередi. Жаңа да қашанғы берекесiздiгiне басып, әркiм бас
бұйдасын бет-бетiне үзiп, бастарын жан-жаққа ала-ала қашты. Ережеп ақсақалдардың сүйтiп тағы