21
қара қазанның түп жағында баттаса сыбасып тұрған күйенi уыстап әкеп, қояр да қоймай, Ұлбосынның
бетiне айғыздап жаға салды. Сосын оның басына ала жаздай күн жеп, әбден күңсiген жазы арасында
жатқан жаман қалпағын кигiзе сап, қара күркеге итермелеп кiргiздi. Iзiнше керi қайтып, үлкен шаруа
тындырып тастағандай еңсесiн тiктеп, көзiн қолымен күннен көлегейлеп, түскей жаққа тесiле қарады.
— Астапыралла! Мына сойқанның жүрiсi суыт қой! — Ол түрi сұп-сұр боп, жерге жата қап, қалқан
құлағын төсеп, тың тыңдады. — Сұбханалла! Мына қеле жатқан жер қайысқан қалың қол ғой! Құдды
аумаған Ақсақ Темiрдiң ләшкерi сықылды! Ойбай, қатын, құрыдық! — деп, орнынан атып түрегеле
сап, еңкiлдеп жылап қоя бердi. — Құрыдық, ойбай, құрыдық! Ата-бабамның көзiндей көрiп жүрген,
тiрнектеп жиған есiл дүниям жаман сарттың қазынасына барып түсетiн болды-ау! Қарадан артық туған
хан басым...
Күйеуiнiң шынымен шошынған тұрi Ақрәшты да тiксiндiрiп тастады. Ханауыз дамбалының қақ
айрылған балағын не әрi қарай жыртарын, не қоя берерiн бiлмей, қолымен ұстаған күйi асып-сасып,
түскей жаққа көз салды. Мелшиген қоңыр төбелердiң әр жағынан будақ-будақ шығып, жайыла түскен
ала шаңды айқын көрдi. Әдетте Хиуа бектерi жасақ құрып, қазақ ауылдарын шабарда дәл осындай жер
қайысқан қолды бастап келетiн. Соны бiлетiн Ақрәштың зәре-иманы ұшып кеттi. Ханауыз дамбалдың
балағын қоя берiп, сасқалақтап:
— Қара басы ханға бергiсiз шалым-ау! Ақылы көл-дария, байым-ау! Айтқаның айдай келдi де
қойды! Ендi нағылдық? — деп, оған жалбарына қарады.
Тиышбек қу шандыр әйелiне жеркене көз тастады да:
— Екi емшегiңдi көзедей қылмай, ки ана қытайы жiбегiңдi, — дедi жекiрiп.
— Кәзiр, кәзiр. Кием ғой. — Ақрәш жаңа ғана өзi қақ-қақ айырған көйлегiне жармасты.
Қорыққанынан қалш-қалш етiп, көйлегiн терiс киiп атып: — Мынаның түрiнiң жаманын-ай. Мен...
мен... Қайда тығылсам екен? — дедi.
— Әй, болары болып, бояуы сiңген сенi олар нағылсын? Немене сарттарды бөксесi келiдей, тар
жықпылы күбiдей сендейлерге зар дейсiң бе?
— Сонда да... адалдап алған қатының емеспiн бе? Тазалық үшiн... былай...
— Ә, солай ма?
Тиышбек әлденеге жымың ете түстi. Басына кәпелiмде бiр ой шауып, қараүйдiң iргесiне сүйеулi
тұрған әйдiк бұқары қара қазанды дөңгелетiп әкеп, әйелiне қарады: — Шынында да, осы сенiң ақылың
бар! Адалымды әлдекiмге арамдатар жайым жоқ. Айлап-жылдап қатын көрмей келе атқан ол иттерге
ұрғашы болса, бәрi бiр емес пе? Құдай ұрғанда, мен қасқа сүйтiп сорлап қалармын. Қой, оның бетi
аулақ! Кәне, мынаның астына екi бүктетiлiп жата қой! Сосын мен қазанды төңкере салайын. Сосын ол
иттер сенi тауып ала қойсын! — Ол мұртынан күлдi.
Ақрәш етсiз арық денесi бiр уыс боп бүрiсiп, Тиышбек нұсқаған жерге жата қеттi. Тиышбек
әлденеге насаттанып, қатының үстiне тай қазанды төңкере салды да, әңгiрлеп, қазанның үстiне секiрiп
шықты. Қуарған ат жағы қисаң-қисаң етiп:
— Ә, бәлем, қатырдым ба? Жат ендi солай ала шаңның арасында тұншығып! — дедi.
* * *
Ақрәш байының алдап соққанын сонда барып бiлдi. Тар қыспаққа түсiп, қол-аяғын дұрыстап соза
да алмады. Қазанды iшкi жағынан қолымен көтерейiн десе, қазаны құрғыр зiлқара тас. Тар жерде
тынысы да тарылып барады. Сосын долдық буған қатын ызалана жылап, дамбалына с...п жiбердi...
* * *
Тиышбек қазанның үстiнде тайраңдап ұзақ секiрдi. Бiраздан соң тайраңдаудан жалығып, қалт
тоқтай қалды. Мойынын әлекеше созып жiберiп, iлгерi қарады. Сонау алыстан Ақмешiт жаққа қарай
созыла түскен қалың шаңды көрiп, иманы қара таяқтай болды. Ол Ақмешiттi сұрайтын Яқуббектiң
кейде осы жаққа қол жiберiп, Шөмекейлердiң малын айдатқызып алып жататынын жақсы бiлетiн.
Мынау да соның бiрi болмаса не қылсын? Ол анықтап көргiсi келгендей құрықтай мойынын қайтадан
соза берiп едi, аяғы тайып кетiп, етпетiмен жер сүзе құлады. Орнынан атып тұрып, қазанды бiр тептi
де, қалт тұра қалды:
— Аяғым сынғыр менiң мұным не өз ырысымды теуiп? Әлде... — Оның көзi атыздай болды. —
Мына жаман қатынның нағашысы жауырынды, көрiпкелi бар бақсы едi. Сол қатынның үстiне шығып,
әруаққа шет бола жаздағанмын-ау! Болмаса iж құлайтын ретiм жоқ едi ғой. Соның бiрдемесi... — Ол
сосын жерге жалп етiп отыра қетiп, iшiн қос қолымен басып, шиқылдап ұзақ күлдi. — Әй, осы менiң...
мына жаман қатынның үстiне шыққаннан соншама зәре-иманымның қалмай қорқып нағылғаным, а?
Ау, Аллатағала әзәлында еркек пен ұрғашыны... тең емес, асты-үстiлi қып жаратқан жоқ па? Оның
үстiне шықпасам.... әй, әй, мына үбiрлi-шүбiрлi баланы сонда кiм таптырады, а? Мен де осы кейде
қайдағыны ойлап кетем...
Оның сол арада тай қазанның астында бүрiсiп жатқан қатынына жаны ашып кеттi. Кеуiлi жылып,
лезде көзiне үйiрiлiп жас кеп қалды. “Қанша ит десең де, жер түбiнен бермен қарай маған серiк боп
келе атыр ғой. Мына бала-шағаны асырап, абырады. Солардың өзiмдей көргендi, әтеберлi азамат
болуы... әрине, жақсы болсын, жаман болсын, осы жаман қатынның арқасы ғой. Қой, менiң бүйткенiм
ұят болар”,— деп, ендi мүлдем мейiрленiп, қолақпандай жұдырығымен әлден сулана бастаған танауын
бiр сүртiп қойды. Сосын iзiнше әлдене есiне сап ете қалғандай, сирек кiрпiгiнен үзiлiп түсiп, шандыр
бетiн қуалап сорғалап бара жатқан бiр тамшы жасты сүртпестен, қалт тоқтай қалды. Есiне қайдағы бiр
келеңсiз жағдайды алғандай, көре көзге жаңағы бiр мейiрленген қалпынан айнып түсiп, қаһарына
мiнiп, қатүлана бастады. “Әй, менiң мұным не осы былжырап, а? Еркек басыма бүйту жарастықты ма?