Стр. 24 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

23
* * *
Тиышбек сыртқа шығып, қоқиып атына мiндi. Күннiң жанғанына қарамастан жаман торысын
ырсылдатып, осы арадан бiр көш жерде отырған Малдыбай аулына қарай ат басын түзеп алды.
Жолшыбай қуаң тарта бастаған даланың репетiне қарап, шөп пен жердiң ыңғайын байқап, шаруағой
кiсiше әр нәстенi iшiнен еске алып, күн еңкейе Малдыбайдың аулының тас төбесiнен құлады. Он
шақты ақ үзiктi ажарлы үйлер алқа қотан тiгiлген екен. Шеткi қараша үйлер жақтан шаруа қамымен
жүрген малай қатындардың қарасы көрiнедi. Келi түйiп, дән ақтап жатқан қатындар сарғыш
қауыздарды бұрқыратып, шаруаға бар ықыластарымен кiсiрiсiп-ақ кетiптi. Тиышбек олар жаққа
тыжырына қөз тастап қойып, менсiнбеген тұр көрсетiп, жаман атының жайсыз бүлкiлiне сап, олардың
жандарынан көлденеңдеп өте бердi. Алдынан әупiлдеп, үрiп шыққан бiр-екi көкпек иттi қамшысымен
жасқай отырып, неде болса нардан құлайын деген ниетпен, он шақты үйдiң ортасындағы ең ажарлы ақ
отаудың тұсына кеп, ат басын тартты. Атынан асықпай түсiп, шылбырды қазыққа байлай сап, iштен
бiреу-мiреу шығар ма деп, жорта қақырынып, аз тұрды. Бiрақ мұны қарсы алып, елпеңдеп жатқан
ешкiм де көрiне қоймады. “Пай-пай, байлық деген не iстетпейдi? Мына жаманның желiсiне айналған
қылқұйрығын арқа тұтып, шiренуiн қараш! Әгәрдә... менiң де осындай дәулетiм болса, онда бұлардың
осыншама қерiлгенiн көрер ем! Онда алдымнан жүгiре шығып, “Ойбай, Тәке, кәне былай, төрлет!»—
деп, жалпаңдар едi. Құдай қу тақыр ғып жаратқасын, бұған қылатын не амал бар? Ақыр түбi бай аштан
өледi деген. Тоқта, мың асқанға бiр тосқан бар. Әлi-ақ сенiң әуселеңдi көрермiз!»— деп ойлап, ол
ассалаумағалайкүмiн әндете созып, iшке кiрiп келдi.
Iште Малдыбай, Әбдiраман, Қалдыбайлар шегенделген құдыққа сап, мұздатып қойған тастай
қымызды алдарына ендi ала бастаған екен. Оң жақта басындағы бұрмашасы қақырадай боп ақ сары
бәйбiшесi күмiс бiлезiк, гәуһәр көздi жүзiкке толы быртиған саусақтарын ерiне қозғап, қышқылтым,
тәттi исi аңқыған бал қымызды сырлы ожаумен ерiне сапырып отыр. Олардың ешқайсысы да мұны кiсi
екен деп көздерiне iлетiн емес. Тиышбек оған қарап жатпады.
— Бұйырған деген осы-ау! — деп, жампаңдап, төрде отырған кiсiлердiң қолын тегiс алып шықты
да, бауы бiлегiне оратылып, iзiнен өлген жыланша сүйретiлiп жүрген, дүзген сапты қамшысын кереге
басына iле сап, әдейi қоқиланып, Қалдыбайдан жоғарырақ жерге барып малдас құрды. Төрге төселген
жiбек көрпенiң үстiнде шаң-шаң етiгiнiң iзi сайрап жатыр. Оған қарайтын Тиышбек жоқ, сұңқылдап
отыр:
— Мен қасқа осы үйдi ыңғиында мақтап жүрем ғой. Қашан келсем де, үнемi дәмнiң үстiнен
шығам.
Қалдыбай жалпақ бетi жайыла түсiп, зәрлене жымиып:
— Сен түтiн аңдып келiп, әдейi мақтайтын шығарсың, — деп, мұны құлбақайдан қақты.
Тиышбек оның сөзiн шыбын шаққан құрлы көрген жоқ:
— Әй, сен менi немене тамақ аңдып жүретiн қыдырауық бiреу көресiң бе, а? Әлде көш жерде
отырып, байдың үйiнiң қазанында не пiсiп жатқанын бiлiп отыратын көрiпкел дейсiң бе? Ойбай-ау,
менiң ондай қасиятым болса, онда бүгiндерi Әлiм, Шөменнiң iшiндегi жақсылардың санатына
әлдекашан iлiкпес пе едiм? Одан да менiң кеулiмнiң түзулiгiн айт! Кәне, жеңiше, ана бiр сапар кесеге
қоя қойш! Күнi түспегiр де жанып тұр екен. Жетем дегенше, тамағым кеуiп қалды.
Қызыл бет, толық денелi, орта бойлы Малдыбай төбетей киген басын сәл иiп, ақ кiре бастаған
сиректеу сақалын асықпай сипап отырып:
— Тиышбек, қалай мал-жан аман ба? — дедi.
— Аманшылық. — Тиышбек бәйбiше ұсынған сапар кесенi алып жатып, асығыс дыбыр еттi де,
тәттi қымызды қылқылдатып жұта бастады. Жұтқан сайын жас баланың жұдырығынадй жұтқыншағы
жоғарылы-төмендi қозғалып қояды.
— Басқа туған-туғандарың пақуатты ма?
— Әйдәй! — Тиышбек тамағы дүрс-дүрс ете қымызды асығыс жұтып жатып: “Мына шал да
бауырмалсып... Құдайдың қымызын да дұрыстап iшкiзбейдi”, — деп, iшiнен ойлап қойды.
— Не жаңалық бар? — дедi де, арқасына жеңiл жiбек шапанын желбегей жамылған Малдыбай
қасындағы қос қабаттап қойылған құс көпшiкке шынтақтап жатты.
Тиышбек қымызды қылқытып iшiп боп, кесенi бәйбiше жаққа қарай екiншi рет ұсынып жатып:
— Пәлендей айта қоятын iждеме де жоқ, — дедi. Сосын қолымен қымызға малынған сиректеу
мұртын сүрте бере сәл кiдiрдi. — Айтпақшы, жаңалық бар. Мен жаңа бiр әзiрде бiр сұмдықты... мына
бар ғой, шыққыр екi көзiммен көрдiм.
— О не соншалық? — деп, Әбдiраман мұның бетiне күле қарады.
— Ойбай, бұл күлетiн нәсте емес. Қашаннан ат белiнде жүрiп үйренiп қалған басым бүгiн де ерте
тұрып, көшi-қон жайын байқап қайтайын деп, мына Қуаң жағына шығып едiм. Саған өтiрiк, маған
шын, ана Құмқамалдың өкпе тұсына жете бере, Хиуа жақтан келе атқан жер қайысқан қалың әскердi
көрдiм. Олардың найзалары бар ғой, тура ана шаңырақтан шығып, аспанның дәл өзiне тиедi! Ал түйеге
артқан зеңбiрiктерiнiң өңешi бар ғой, Әбеке, — деп, ол Әбдiраманның тақымын басып-басып қойды,
— қылаудай бiр өтiрiгi жоқ, дәл дүнияға тоймас, қанағатсыз обыр саудагердiң апандай өңешi
сықылды! — Тиышбек iшiнен қатырдым деп, сылқ-сылқ күлдi.
Әбдiраман жүзiне лыпып шыға қелген қанды көрсеткiсi келмегендей бетiн түктi орамалмен сүртiп
жатып:
— Апырмай, осы сен не деп отсың, а? Найзасы көкке тиедi дейсiң бе? Ау, сол Хиуаңның қолын бiз
де көрген едiк. Хиуа ханы найзасымен көк тiреп тұрса, ана Елдестен неге жеңiлiп қалды? — деп, мырс
етiп күлдi.