Стр. 25 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

24
— Ендi.. ол...— Тиышбек бiрдеңе деуге батпады. Елдес жайлы бiр ауыз сөз айтса, ертең оны мына
Қалдыбайдың бiр сөзiн де өзгертпестен Елдеске жеткiзетiнiн бiлдi. Сосын Елдес мұның мойынын
бұрап-бұрап жұлып алады. Ол осыны ойлап, аз отырып қалды.
Малдыбай от шығып кетер десе керек, осы арада сөзге кеп қыстырылып:
— Е, солай де, — деп, даусын созып, боз бұғағы iркiлдеп, аз кiдiрдi де, бұның бетiне сынай қарады.
— Тиышбекжан, осы жұрт сен жайында неше түрлi сөз айтады. Кейде соны алып қашты бiрдеме деп
те қаласың. Ендi соның шындығын өзiңнен есiтсем дейiм. Сенi мына елдiң көптен ана берi Дадабек
сартпен тамыр боп жүр дейдi ғой...
— Ол рас, — дедi Тиышбек Қалдыбай жаққа қорқасоқтай бiр рет көз тастап қойып.
— Сонда қалай?
— Өй, оның не қалай-салайы бар? Басқа мiскiндiк түскесiн, бәндә сорлы неге көнбейдi? Былай,
шиеттей бала-шағаның қамымен, сартқа барып... кәсiп қып дегендей...
— Е, дұрыс екен. Еңбек етсең, емерсiң деген. Оның не айыбы бар? Ал, ол сартыңның халы қалай?
— Ойбай, халы қалақтай! Қалақтай болғанда бар ғой... — Тиышбек екi көзiн быттитып, жан-
жағына алаң-ғұлаң етiп қарады. — Сұмдық! Кiсi деген қолынан келгесiн, мына жалпақ дүнияны
қонышынан басады ғой! Мына сарт әбдән құтырды. Ендi жыл сайын алып тұрған пiтiр, зекетiн
азсынғандай, жақында ол... қазақтан... ыһым, ыһым, иә, құдай бiрiн жалған қылмасын, кеуiлдестiкке
қыз ала бастады.
— Қойшы?! Онысы несi тағы? — Малдыбай шыныменен шошып қап, шынтақтап жатқан жерiнен
тұрып, тiктелiп отырды. — Рас па өзi?
— Рас болғанда қандай! Айтқанымның қылаудай бiр өтiрiгi жоқ. Мiне иманым, мiне жаным! —
деп, Тиышбек сол арада алдында тұрған қымыз толы кесеге жармасты. “Мыналар шошып отырғанда...
бұйырған несiбемдi iшiп алайын”.
Үй iшiндегiлер абыржып қалды. Сосын бiр бiрлерiне қарасып, дәудiрлесе жөнелдi:
— Мына сарттың мұнысы несi екен?
— Мынауың ел естiмеген сұмдық қой!
— Оған кiм көнедi?
— Дадабек басын жұтатын шығар.
— Сонда... Бұл өзi қалай?
— Ол былай, — дедi Тиышбек кесенi тағы да бәйбiшеге қарай ұсынып жатып. — Дадабек күнiге
қазақтан бөрте жүнi қырқылмаған бағлан қозы мен он үшке жаңа толған жас қызды алады. Бағланды
былқытып, пiсiрiп жеп, кеш-кiсiн... әлгi қызды... былай... — Тиышбек дереу тоқтай қап, демiн iшiне
тарта тыңдап отырған кiсiлердiң жүздерiне алақ-жұлақ етiп қарады.
— Не былай! — дедi Әбдiраман мұның бетiне үрке қарап.
— Былай.. оны бiр күн қатын қылады да, ертесiне әкесiне апартып тастайды.
— Астапыралла, мынауың рас болса, ел естiмеген сұмдық қой! Исi мұсылманда мұны кiм естiген?
— Естi, естi ме, жағдай солай боп тұр, — деп, Тиышбек үй iшiн үрпитiп тастағанына ырза
болғандай, алдына қайтып келе қалған кесеге жармасты.
— Ау, сонда... оған кiм көнедi?
— Көнсең де, көнбесең де, сол.
— Апырмай, ә? — дедi Малдыбай абыржып отырып. — Талай сұмдықты көрiп ек, мынадайды да
еститiн күн бар екен ғой.
— Әй, сен осы өтiрiктi гөйiтiп отқан жоқсың ба? — дедi сол арада Қалдыбай мұны бүйiрiнен
нұқып.
Балуан жiгiттiң қолы тастай екен, Тиышбек қымызға шашалып қалды. Танауына ащы қымыз
жүгiрiп, кеңсiрiгi удай ашыды. Сосын оған жалт қарап:
— Сенбесең, өзiң барып сұра, — дедi де, қайтадан қымызды қылқылдатып жұта бастады.
— Жоқ, сонда оған қыз берiп жатқандар бар ма? — дедi Қалдыбай оны өкшелеп.
Тиышбек қымызды iшiп боп, кесенi бәйбiше жаққа қарай тағы да ұзатып жiбердi де:
— Ояғын бiлмейiм. Ал, әлгi қауесеттiң бары рас, — дедi.
— Онда... қиын екен.
Тиышбек Малдыбайдың абыржыған түрiне қарап, iшiнен алақанына түкiрдi. Мына сөзiнiң
қышыған жерiне барып тигенiн бiлiп, масайрай түстi. Кешелерi Ережеп мұны оңаша шығарып ап,
қиялай отырып көндiрiп, бiр шаруа тапсырған. Бұның бүгiн соның ау-жайын байқайын деп, осы
ауылға ат басын әдейi тiрегенi де сондықтан едi. Ол тiл үйiретiн салқын қымыз буынына түсiп, тұла
бойын балқытып, кеуiлi көтерiлiп, есiк жаққа бiр-екi рет қарап қойды. Мұның есiл-дертi — Ақкербездi
бiр көру. Бiрақ қас қылғанда бүгiн бойжеткен қыз үлкен ағасының отауынан берi қарай аттап аяқ
баспай қойды. Оның есесiне Малдыбайдың келiндерi саба пiсiп, шәй қайнатып, зыр жүгiрiп жүр.
Тиышбек iшiнен жиырылып: “Осы Көнектер де бiр! — деп, келiстiрiп бiр боқтап қойды. — Басқада
қыз жоқтай соншама қергiп! Сүйтiп қызғыштай қорыған асылың бiр қызыл итке жем болмаса
нағылсын?”
Ол сосын тақымын қыж-қыж қайнатып жатқан түгi тықыр кiлемге, керегенi айнала тұтып қойған
тұс киiзге, осы үйдiң сән-салтанатын асыра түсер алуан түрлi бау-шуына қызыға қөз тастады.
Малдыбайға бiлдiрмей, бiр рет мүйiзгегi бар қолымен кiлемнiң майда түгiн сипап қойды. Кiлемнiң
тықыр түгi алақанына аса жайлы тидi. “Апырмай, мынау өзi... қыздың денесiндей майда тиедi екен”, —
деп ойлады. Сосын өз өзiнен шайтан тұртiп: “Қыз денесiндей”, — деп, күлiп жiбере жаздап шақ қалды.
Оның есiне Ақкербез түстi. “Мына қiлемдей қыз денесiн сипап, Ережеп бiр рәһатқа батпақ қой!” —
деп, iшiнен сылқ-сылқ күлдi де, кенет басына бiр қолайсыз ой шауып, демде терiсi тарыла қалды: “Әй,
әй, со қызды өзiм алатындай мәз болып менiкi не осы, а? Оның қызығын көрсе, бiреу көредi.
Алтынның буына мас болғандай, айдалада жүрiп менiкi не шалқу осы?” — дедi. Лезде оның өне бойын