26
Ол сол күнi Малдыбай ауылында қонып қалды. Түнiмен түрулi тұрған iргеден қыз отауын бақты да
жатты. Кiрген-шыққан кiсiлердi сырттай түстеп танып, соңырағы күнi шаруасына жең ұшынан
жалғасатын адамның ыңғайын ойша қарастырды. Кенет қалт етiп тоқтай қалды. “Қырсық айналдырып,
басым пәлге қалып жүрмесiн?!” — деп, қолымен тықыр иегiн сипады. Есiне Жәнiбектiң Ақкербездiң
басын байлап қойғаны түстi. Сосын: “Қойшы, осы мен де бiр... Қалғанын кезiнде көре жатармыз”, —
деп, қолын бiр сiлтедi.
Ертеңiне ол күн арқан бойы көтерiле бере атын ерттеп, аяғын үзеңгiге сұға берiп, бiр қыздың
күмiстей сыңғырлаған күлкiсiн естiп, жалт бұрылды. Жүруге ыңғайлана берген жаман аты iлгерi қарай
бiр-екi қадам аттағанда, бұл аяғын үзеңгiден шығарып үлгере алмай, бiр-екi аттап барып, шаққа
дегенде бойын тiктеп үлгердi. Дереу аяғын үзеңгiден шығарып ап, атын iшiнен бiр боқтап, күлкi
шыққан жаққа жалт қараса, үлкен ағасының үйiнiң жанында тiгiлген ақ отауынан Ақкербез бiр топ
нөкерiн ертiп, бұлақ басына қарай беттеп барады екен. Оның басына қиген құндыз бөркiнiң нақ
төбесiне қадалған үкiсi таңғы самалдың лебiнен жәйлап бұлғаң-бұлғаң етедi. Ұзын бұрымына қоса
өрiлген күмiс шолпысы жүрген сайын сыңғырлап, кiсiнiң кеулiн қыдықтап, өзiне қарай тарта
түскендей. Ол бұған кiсi екен деп көзiнiң қиығын да салған жоқ. Қыздың жүзiн бiр қырынан көрiп
тұрған Тиышбектiң аузы аңқиды да қалды. Ол есiн тез жиып, көзiн жыпылықтата қағып-қағып жiберiп,
оған қайтадан қарады. Бұ жолы ол қыздың талдырмаш тұлғасын, жазыңқы жауырынын айқын көрдi.
Дереу таңдайын тақ еткiзiп:
— Аста‘фиралла! Мынау бiр жәннәттан шыға қелген перiште ғой! Мұны ана жаман Малдыбайдың
сiдiгiнен жаралды деуге кiм сенедi? Құдды аумаған хор қызы! Нағыз көз құрты! Тiпә, тiпә, мына бала
мен түгел, бес уақыт намазын қаза қылмайтын кәлимәгөй сопыны да шариғаттың жолынан шығарып
жiберер! — дедi.
Ол тiлiн кәлимаға қелтiрдi де, аяғын үзеңгiге сала бердi. Осы кезде аты жүрiп кетiп, аяғын
үзеңгiден шығарып үлгере алмаған Тиышбек кескен терекше сүйретiлiп барып, жерге шалқ ортасынан
құлап түстi...
7
Астан кейiн Елмырза төре қасындағы қарашыларын ертiп, жайлауда отырған аулына қарай тартты.
Төре ауылының көшiп-қонар жайлауы Сыр бойынан мойны едәуiр қашықтау Егiзқара жақта болатын.
Жаз шығып, күн ысыса да, Егiзқараның бойы көктемгi сән-салтанатынан жуық арада айрыла
қоймайды. Боз бұйраттың сұлап түскен етегiне қаптай өскен еркек, құланқұйрық бiр-бiрiне жалғаса
тұтасып, үп еткен желден боз теңiзше толқиды. Ара-арасында ойдым-ойдым жантақты алқаптар
кездеседi. Осы боз отқа аузы бiр тиген мал ыссы басталмай жатып қоң жиып үлгередi. Содан сары
күзге дейiн от жерлердi қуалай көше отырып, қалың малдың бiр түгiн қисайтпастан, Елмырза аулы
сонау Ырғыз, Торғай жағына дейiн барып қайтады. Күз ызғары сезiлiсiмен, малды-жанды төре ауылы
тырнадай тiзiлiп кеп, Сырға құлап, дарияның қамысы көп копақты жерлерiн қыстап қалады. Не бiр
ақбасқын болса да, жылы қамыс арасын жайлаған мал, борық қажаса да, көктем туғанша дейiн жан
созып шығады. Тек нарқамыс арасының бiр қиындығы — жолбарыс бар. Тайыншадай тарғыл хайуан
былтыр мұның бiраз жылқысын жарып тастаған едi. Соған қарамастан атадан балаға қалып келе
жатқан көп дәулеттiң сарқылар түрi жоқ. Қайта орталанар сыңай байқалса, сәуiр айындағы
Сырдарияша шiрей тасып, мұның ойыс боп қалған кем-құтығын толтырады да жiбередi. Әрине, дәулет
жағының орталанып қалмасына өзiнiң де етер амалы жеткiлiктi. Әсiресе, Хиуа ханымен жақындасып
алғалы, ана жылы ақ патша танабын тарыл-тып қойған шақтарда тайыздана бастаған дәулетi қайта
шалқыды. Жыл сайын осы төңiректегi қазақтар соғымға деп үйiр-үйiрiмен малын айдап әкеп бередi.
Оған қоса Сыр бойындағы дихан жатақтардан алар ұшыры жөне бар. Сүйтiп көлденең табысы науадай
құйылып тұрғанда, мұның иiрген сақасы тек қана әлшiсiнен тұрмай не қылсын?
Тек бұл ана жылы өмiрiнде алғаш рет сүрiндi. Әкесiнiң ақылын тыңдап, орта Азия хандарымен
суысып, ақ патша жағына шығып кеттi. Әуелгiде бәрi де ойдағыдай едi. Мал талабы да оңды болатын.
Аздан сол бұларға етi үйренiскен ақ патша ел күтпеген оқыс мiнез ашты. Билiк үшiн бiр-бiрiмен
қырылысқан сұлтандарды жүгендеп ұстап отыруды ойласа керек, ол ақырындап бұларға тыйым сала
бастады. Ендi төрелер қалың елдi бұрынғыша билеуден қалды. Не iстесе де, ақ патшамен не
Орынбордың генерал-губернаторымен ақылдасуы керек. Оған көнбесең, ақ патша алдап шақырып
алады да, көз көрмес құлақ естiмес бiр алыс жаққа жер аударып жiбередi. Сонда Елмырза: “Бұ қалай?”
— деп, қатты толғанған едi. — Әлде замана райы өзгерейiн дедi ме? Болмаса бiр... кәтелiк жасап алдық
па?»Осы ой Елмырза төренiң жанын соңғы кездерi жегiдей жеп жүр. Кәзiрде де сол пәле басына қiрiп
ап, шықпай қойды.
Елмырза ат үстiнде қозғалақтап қойды. Бүгiн таң азаннан Қылышбайдың күзерiнен шыққалы бiр
жазбаған тақымын аз-маз қозғап, ептеп қан таратқан болды. Сосын қайтадан жөнделiп отырып,
астындағы атының май бүлкiлiне сап, қатты жортып кеттi..
Сиыр сәскеге таман күн ысыды. Шайдай ашық аспанның қақ төрiнен қадала қараған күн ерекше
мейiрленiп, құба далаға бар қызуын аямай құйып тұр. Анадайда тай кекiлiнше селтиген ұшпа бұлттың
өзi ауыр тартып, аңқасы кеуiп кеткендей. Тек сонау зеңгiрде қос қанатын жайып жiберiп, дүз бүркiтi
марғаулана қалықтайды. Одан төменде қос қанатын далп-далп қағып, жерде жортқан майда
тышқандарды аулап, қарақұс тоят шақырып жүр. Елмырза төре бүркiт пен қарақұсқа кезек-кезек көз
тастап, ақырын ғана мырс еттi. Басына оспадарсыз бiр ой түстi. Кеше қана қыран бүркiтше көк төрiне
шарықтап шыққан Жошы хан әулетi ендi мына қарақұс сықылды аш өзегiн алдайтын жемтiк тере
бастаған ба? Жоға, неге? Иә, неге? Елмырза осы сұрағына жауап таба алмасын бiлiп, ұшы-қиырсыз
сарғыш дала талдыра бастаған көзiн басқа жаққа тайдырып әкеттi.