27
Олар ұлы сәскеге таман Қарақұмның бергi кезiне iлiктi. Ұлы Сырдың мойыны алыста қалғанын
сездiргендей алдан Қырдың қоңыр салқын самалы есiп қоя бердi. Ұзақ жол қажытқан жолаушылар
ендi желпiнiсiп, бастарын көтерiсiп, тiзгiндерiн қолдарына жинап ап, астарындағы аттарына сипай
қамшы салып, бүлк-бүлк желiп кеттi. Бiрнеше белден асқасын олар жұбын жазбастан топ болып,
Дүзбай аулының үстiнен кеп құлады.
Сусын iшiп, жан шақырғасын барып, Елмырза төре Дүзбайға рай бердi:
— Дүзеке, мал-жан аманшылық па?
— Шүкiршiлiк, — дедi жалпақ бет, батық мұрын Дүзбай мыңқылдай сөйлеп.
— Балдар қалай, шапқылап жүр ме?
— Әйдәй. — Дүзбай мына төренiң өзiне жылы шырай көрсеткенiне ырза боп, бұтындағы терi
шалбарын күстенiп кеткен қолымен қытырлата сипап қойды.
Дүзбай бай мыңғырған малы ойға, қырға сыймай жатса да, көзi тоймай, тышқақ лағы пышаққа
жығылса, жылап қоя беретiн шығымсыз кiсi едi. Кешелерi асқа шақыру келгенде жер аяғының
қашықтығын сылтауратып, бармай қалған. Бiр қызығы, ол өмiрi саудагерден мата сатып алмайды.
Әйел, бала-шағасы ескi-құсқы киiмдерiн жамап-жасқап, iлдалдаға жарағанына қуанып, иықтарына iлiп
жүре бередi. Өзiнiң төрт қатыны бар. Төртеуiнен дөреген он шақты ұлдың алды бүгiнде жеке ауыл боп,
еншi алып, осы жерден қозы көш жерде отыр. Қалғандары да жеке-жеке отау. Дүзбай балаларынан
бөлiнiп, жас тоқалымен бөлек қалған. Жасы жетпiстi алқымдап қалса да, әлi ажарын берген жоқ. Батық
мұрны пұштиып, екi бетi үнемi қызарады да тұрады. Бiр қызығы, Дүзбай аяғынан қысы-жазы
саптамалы, қалың табанды қазақы етiгiн тастамайды. Шiлденiң май шыжғырған күндерiнде сорасы аға
терлеп, шуаш сасып жүргенi. Ол кәзiрде де сол етiгiн астына басып, оң жақта малдас құрып отыр.
Елмырза төре өз аяғындағы көк сауырлы мәсiсiн алақанымен сипап қойып:
— Дүзеке, сiз ғой осы көненiң жұрнағысыз,— дедi майдалай сөйлеп, — шамасы, сiз мына бiз
бiлмейтiн бiраз нәстенi iшiңiзге түйiп жүрсiз-ау.
— О не? — Дүзбай бұған сынай қарады. Ажары тая бастаған көрi көздерiнiң бiр киығында қуақы
ұшқын лып-лып ете қалды да, тез сөндi.
— Мен сiздiң мына етiгiңiзге таңғалам. Жұрт қой кәзiр мәсi киiп, iш дәрет алып, бес уақыт
намазын қаза жiбермейтiн болды. Ал, сiз...
— Е, — деп Дүзбай бiр танауымен оқыс күлдi. — Сен өзiң... Бiлмейтiн бе едiң? Мұның мәнiсi
мүлдем басқа ғой.
— О не сонда? — дедi Елмырза жорта таңырқап.
— Оу, сұлтан... өзiң немене пайғамбарымыздың шерiсi Әзiретi Әлидiң хiкәясын естiген жоқпысың?
— Жоға.
— Ендеше естi, ол былай.— Дүзбай райланып, алға қарай ұмсынып қойып, мыңқылдай жөнелдi. —
Әзiрет Әли қан тамған қылышымен күллi кәпiрдi қырып, мұсылман қылғасын да, қарттыққа бой
алдырмапты. Баяғы жiгiт кезiндегiдей қайратынан бiр таймапты. Оған тоқтасқан әйелi шыдас берсiн
бе? Ол байғұс әбден өлетiн халге жетiптi. Ақыры болмағасын, бiр күнi әйелi Мысыр ма, Басра ма,
әйтеуiр, бiр араб елiндегi көрiпкел ұламаға барып, солай да солай деп, бар жағдаятын айтып жылапты.
Түн баласы тиыштық бермейдi, дептi. “Баба, осыдан құтылардай не амал бар?”— деп сұрайды. Сонда
ұлама тұрып: “Шерiнiң бойындағы қайратының қайтпайтын сәбәбы етiгiне байланысты. Оның
табанында қырық ұлтарағы бар. Содан суық өтпегесiн қан суымайды. Мұның емi — сен сол ұлтарақты
күн сайын бiреулеп ала бер, ала бер. Әгәр содан бiрдеме шықпаса, маған кел”, — дептi. Әйел қуанып,
үйiне қайтады. Оңашада байқап қараса, шынында да, Шерiнiң етiгiнiң табанына салған қырық
ұлтарағы бар екен. Әйел соның бiреуiн алып қояды, оны шерi байқамайды. Әйел екiншiсiн алады.
Шерi оны да байқамайды. Құрсын, содан не керек, әйәл ұлтарақты бiреулеп ала бередi, ала бередi.
Ақыры ең соңғы ұлтарақты алғанда, Әзiретi Әли бар қуатынан айрылып, қалжыраған шал болыпты.
Осы әңгiменi үнемi әкем айтып отырушы едi. Бiздiкi құлақта қалған сол насиятты... былай... — Дүзбай
қысыла, кеңк-кеңк күлдi.
— Сонда... сiздiң де қырық ұлтарағыңыз бар ма? — дедi Елмырза қенет оған қарай еңсерiле түсiп.
— Өй, ол қайда бiзге? — деп, Дүзбай қолын сiлтедi.— Бар болғаны төртеу-ақ. Сонда да, — дей
берiп, ол iшке жайқалып кiрiп келе жатқан бидай өңдi жас тоқалын көрiп қап, сөзiн кiлт тыя қойды.
Тоқал әдеппен биязы қимылдай жүрiп, ортаға қөлдей дастарқан жайып, сыртқа шығып кеткесiн барып,
Дүзбай аса маңызды әңгiме айтатын кiсiше берi таман ысырылып отырды да, мұны тақымынан
добалдай қолымен басып-басып қойып, бетiне ыржия қарады. — Бала, жаңа тоқалымды көрдiң қой?
Әуелгiде шалға тимеймiн деп, азар да безер болып едi, кәзiр шалымнан айналып кетейiн дейдi.
— Солай ма? — Елмырза жорта таңғалып, көзiн быттитты.
— Дәп солай. Бала, қатынды ырза қылудың бiр ғана жолы бар. Әзәлдә Аллатағалам пәндәнi
балшықтан жаратқанда нашарға бiтесiн деп екi тесiк берген. Соны мықтап тығындамай, бұ дүнияда
еркек кiндiкке түк маза жоқ, — деп, Дүзбай сойдақ сары тiстерiн көрсете шиқылдай күлдi.
— Апырмай, ә? — дедi Елмырза төре өтiрiк ыржиып. Iшiнен: “Бар баласын өзi таптырып
жүргендей мына жаман шалдың паңқуын-ай!»— деп мазақтады. Ол бағанадан берi Дүзбайдың арт
жағында “хан” ойнап отырған бөкпен бет, қушық шеке ақ сары балаға қөз қырын тастап отырғанды.
Анықтап қарай келе, ол баланың бет пiшiнiнен Әбдiраманға ұқсас белгiлердi жазбай таныған. Анада
Тиышбектен Әбдiраманның сауда-саттық жасаған боп, Дүзбай аулынан шықпай жүргенiн құлағы
естiген. Ендi сол сөздiң растығына қөзi жеткендей боп, әлденеге кеуiлдене күлiп, iшке қайта қiрiп,
әдеппен иiлiп шай құя бастаған жас тоқалға тесiле қарады. Мұның назары түскенiн байқап, басына
салған бұхары ақ жiбек орамалы жарым-жартылай көрсетiп тұрған жүзiн қырын берiп отырған жас
тоқалдың түрiк ернiне аздап дiрiл жүгiрiп, боз бетi күреңiте бастады. Иiле берiп, ашқарақ көзi тұла
бойын билей жөнелген нәпсi уытына малтыға тұманданып, әлдеқандай сиқырлы сәуле жылт-жылт
етiп, бiр ретiнде шай құйылған кесенi ұсына берiп, бұған жалт етiп қарады да, әрi қарай бұрылып кеттi.