28
Дүзбай аһаһалап, қою шайды сораптап тартып отыр. Қағылмаған мұртының шайына малынғанына
еш назар салар емес. Ара арасында дымданып кеткен қос танауын қорс еткiзiп тартып қояды.
Елмырза төре тазайын болатын. Қолына ұстаған кесеге қарап қойып, iшiнен: “Ұшынып қалмасам
жарар едi”, — дедi. Содан соң бiр-екi кесе шай iштi де, дастарханның шетiн екi бүктеп, керi
ысырылды. Ендi қонағасы қашан келедi деп, есiк жаққа жалтақтап, тыпыршып отыр. Бар ойы — жас
еттi жеп алғасын, көп аялдамай, салқын түсiсiмен өз аулына қарай тартып кету.
Дүзбайдың да тiлеп отырғаны сол болса керек, шәйдан кейiн еттi шала пiсiртiп, тез әкелдiрдi.
Тоқалын қызғанып, қонақ үйге қайтып бас сұқтырмай қойды. Оның орнына малай қатындар сорпа
құйып, бәйек боп жүр.
Iшiне ел қонғасын Елмырза төре ауыл қайдасың деп сызып бердi. Ендi бағанағыша тұйықтанбай,
қасындағы қарашы төлеңгiттерiмен ашық қалжыңдасып, кеуiлденiп жүрiп отырды. Әсiресе, осындай
ұзақ жолдан үнемi қалдырмай алып жүретiн ат косшысы Шатаймен сөзi жараса қетедi. Ұзын бойлы,
жағы үнемi пышақ жанығандай боп суалып жүретiн Шатайдың бағана-ақ тiлi қышып, қозғалақтай
бергенiн байқаған едi. Ендi оңаша шыққасын, ол астындағы атын бiрер қамшылап, мұнымен қатарласа
бердi. Арық бетi жиырылып:
— Елеке, Дүзбай сiзден қатты қорықты-ау, — дедi.
— Е, неге? — дедi Елмырза дым бiлмегенсiп.
— Ойбай-ау, жаңағы жас тоқал сiзден кете кеткенше көзiн бiр алмай қойды. Ана мақтаншақ жаман
шал не қарық қып жүр дейсiң? Құр көпсiк сөз тәттi жеңсiк ансаған жас тәнге жем бола ма? Тоқалдың
әлi қыры жығылмапты. Оның кәзiр дер кезi ғой. Бүгiн... сонда асықпай қона сап, алтайы түлкiнi ақша
қарға әрлi-берлi аунатып алғанда қой...
— Қарға аунатып алғанда?
— Иә, сұлтан, сiздiң көлге түкiргенiңiз де былайғы қазаққа дәрi емес пе? Сүйтiп, сауабын алып
дегендей...
— Сауабын..
— Иә, сауабын.
— Е, солай де, — деп Елмырза Шатай төлеңгiтке жымия қарады. — Бiрақ жас тоқал жер ортасына
жақындап қалған менi кәйтсiн? Бiзден гөрi қылшылдап тұрған жас иiс iздейтiн шығар?
— Неге? Елеке, сiз де әлi қылшылдап тұрған жоқсыз ба? Елуде еркек деген келеге келген бурадай...
— Тәйт әрi! — Елмырзаның даусы саңқ ете қалды. Қара бұжыр бетi дем арасында сұрланып,
жаңағы жылы жымиыстың iзiн жым-жылас қып өшiрiп тастай салды. — Кiм көрiнгеннiң қатынына
шөге кетердей сен менi кiм көресiң, а? Мен әлде күлге аунайтын жаман бақырауық жөңше нармын ба?
— деп ол Шатайды оқыс тыйып тастады. Сосын салмақтап: — Ел қамын жейтiн төрелер төмен
етектiнiң қапысын андыса, былайғы жұрт не болмақ? Сұлтан да бiр, бөрi де бiр. Ер азығы мен бәрi
азығы жолда деген емес пе? — деп және былай шықты.
Жаңа ғана мұның жылы қабақ көрсеткенiн байқап, естi тазыша жақындай берген Шатай ендi не
iстерiн бiлмей, самсоз болды да қалды. Ненiң дұрыс, ненiң бұрыс екендiгiн аңғара алмай, от көрген
мысықша ақырындап бой тартып, кекештенiп қап, керi шегiншектей бердi.
Соны көрiп, Елмырза iшiнен сылқ-сылқ күлдi. “Бұларға сыр алдырмау керек. Бұларға сәл
жақындасаң болды, бұлар жамбарсып, өзiмсiнiп шыға қеледi, — дедi өзiне-өзi. — Дегенмен жаңағы
үйге қона қеткен де терiс емес едi. Кiм бiледi, ерке тоқал еркелеп...” Ол: “Еркелеп”, — дедi де, мырс
ете қалды. Сосын бойын тез жиып ап, қашан ауылына жеткенше тiс жармады.
Күн ұясына қона Елмырза Егiзқараға жеттi. Бүгiн мұның аулында бөлек бiр қонақ бар екен. Ол
Ташкенттiң құшбегiсiне қызмет қылып жүрген iнiсi Баймырза бұған арнайы жiберген шабарман едi.
Елмырза онымен жылы ұшыраса амандасып, үлкен үйдiң көлеңке жақ бетiне төсек салдырып, малдас
құрып отырып, шабарманның хабарын оңаша тыңдады.
— Иә, сосын? — дедi Елмырза томаға тұйық қалпы.
— Әмiр Насрулла Ташкенттi шапқасын-ақ, күллi шәһардың берекесi қаша бастаған. Бұхаралықтар
билеп-төстедi. Соны Хұдаяр ханның кешiрмейтiн сыңайы бар, — дедi жылтыр қара шабарман әр сөзiн
салмақтап сөйлеп.
— Иә, ол сонда не iстейдi?
— Сұлтанның байқауынша, Хұдаяр Мұхаммәд-Инақтың аңысын аңдап отыр. Егер Хиуа ханы
келiссе, екеулеп Бұхараны жаулап ап, қожалығын бөлiске салмақшы.
— Онда Хұдаярға түсер пайда не?
— Ау, Бұхара, Самарқан мен Һиссарды аузына қаратса, пайда деген шаш етектен келедi емес пе?
— дедi ала тақия киген шабарман өткiр қара қөзi қулана жыл-тырап.
— Сонда... олар мына йақтан Ресей патшасының қожалықтарына сұғын қадап отырғанын бiле ме?
— Әлбәттә, бiледi.
— Ендеше, өзара қырқысып несi бар?
— Ол ендi... Аллатағалам нұр сипатты ғып жаратқан ұлы ханның кәмәл ақылымен жаза баспай
отырып жасайтын өз шаруасы. Оған мен сықылды құдайдың көп құлының миы жете бермейдi, — деп,
шабарман жалт етiп былай шыға келдi.
Елмырза шабарманның не айтпағын iштей бiлдi. Оның сөз iләмына қарағанда, Баймырзаның Қоқан
ханы Хұдаярдың оң қабағына iлiкпек ойы бар. Сол үшiн iнiсi мұны екi араға пайдаланбақ. Онда да
Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақтың Бұхара әмiрi Насруллаға қалай қарайтынын бiлмек. Егер бұл астыртын
келiссөз жүргiзiп, Мұхаммәд-Инақ мен Хұдаярды өз ара бәтуаластыра алса, мұның еңбегiнде iнiсiнiң
әлесi бар боп шыға қеледi. Сүйтiп Баймырза оңай жерден олжа таппақ. Сонда оны Хұдаяр не берiп
жарылғаймын дейдi екен? Әккi хан кейiннен уқит-суқит деп, алдап кетпей ме?
Ол тамағын кенедi. Шабарманды одан әрмен қинаудан ештеңе өнбейтiнiн бiлiп: