29
— Жарайды... iнiме айта бар тiлдесiп көрейiн дедi де, — деп аз кем кiдiрдi. — Тек хабар өзiмнен
болады деп айт. — Бұл Елмырзаның қашаңғы айласы болатын. Ол iстiң арты сұйыла бастаса,
оқшауланып, сес шығармай жатып алатын. Осы жолы да сұлтан сол қулығына басты. Әгәрда
шынымен Хиуа ханы омырау ашып, ыңғай бiлдiрiп жатса, бұл Насруллаға бiлдiрмей, астыртын бiр
жiгiтiн жiберiп алады.
— Ләббәй, — дедi шабарман тақия киген басын төмен қарай иiп. Ол еңкейген кезде, оның
ұстарамен тықырлатып қырған мойын құйқасы көгiс тартып анық көрiндi.
— Сосын,— дедi Елмырза шабарманның мойнына әлденеге көз салып отырып. — Iнiме бiздiң
елдiң жаңалығын да айта бар. Мына Ырғыз, Торғай жағында ақ патшаның бекiнiс қамалдары көбейiп
кеттi. Кеше қана Бұхараға орыстардың бiр сауда қеруенi өттi. Олардың iшiнде жансыздардың болуы
бек мүмкiн. Ал, Нұрғазы сұлтан кеше ақ патшаның арнайы шақыруымен Орынбор шәрiне жүрiп кеттi.
Осы жайында ол не ойлайды екен, соны айтып хет жазсын.
— Ләббәй, — дедi шабарман ол қолын кеудесiне баса иiлiп.
Елмырза: “Кәлләны шапқанда айбалта ана тықыр құйқаға тиедi-ау”, — деп ойлады. Сол сәт өзiнiң
де желке түсы өз өзiнен жыбырлап қоя бергендей болды.
Сосын iшiнен: “Бұл өзi... iс ұшынып кетсе,
мына әңгiменiң соңы қиынға түседi. Олар Насрулланы жеңе алса жақсы. Жеңе алмаса ше? Онда
әмiрдiң айбалтасы екi арада делдалдыққа жүрген өз басыма төнбей ме? Одан да... бас амандығымды
ойлағаным жөн емес пе? — дедi ол ақырын күрсiнiп. — Қандай заман болса да, билiктен айрылып, қу
тақырға отырып қалмағанды айт. Қолдан билiк кеткесiн, көрген күнiң құрысын. Со да тiрлiк пе? Қара
қазаққа жалтақтап...”
Ол күн батыстан жаңа ғана жылтырай туған шағырмақ жұлдыздан өз сұрағына жауап iздегендей
тосылған қалпы әлi отыр. Күн батқан шақ. Қою қараңғылық қос қанатын кең жайып, күнi бойы
аңызақтан аңқасы кепкен сайын даланың сай-жырасын көзден жасырып, мұқият қымтап келедi. Әр
жер, әр жерден жерошақ астында лаулап жанған от көрiнедi. Маңыраған мал, кiсiнеген жылқы даусы
құлаққа шалынады. Қоңыр төбе жақтан жылқышының айқайлаған даусы естiледi. Шығыс жақтан
толық айдың қызарған бетi әлсiз нұрын жер бетiне жаңа-жаңа төге бастаған. Тағы да жер бетiнен бiр
күн өттi.
Елмырза ауыр күрсiндi.
8
Күн ұясына қып-қызыл боп батып бара жатқан сәтте маңғал бас Мамырай бастаған бiр топ кiсi
ауылдың желке тұсындағы биiк төбенiң басына кеп отырды. Бұл кезде өрiстен құлаған ұсақ мал
маңырап, желiдегi құлындар шұрқырап, иттер әупiлдеп, бiр сәтте тиыш тұрған айналаны азан-қазан
қылып жiберген де едi.
Мамырай у-шуға құлақ тiге отырып, көпке дейiн үндемедi. Аздан сол барып басындағы шибарқыт
төбетейiн шешiп ап, добалдай қолымен шашын құйқасына дейiн қырғызған қазандай басын сипап,
ақырын:
— Иә, Алла! — дедi.
Соңғы жылдары ел арасының әңгiмесiне араласуды қойған ол балаларының ноқталарын өздерiне
ұстатып, еншiлерiн берген едi. Бәйбiшесiн үлкен ұлы Елдестiң қолында қалдырып, өзi кiшi әйелiмен
жеке ауыл боп шыққан-ды. Қолында кенже ұлы Әлжан ғана бар. Кәзiр мал-тегендi үш баласына бiрдей
етiп бөлгеннен кейiн, өзiнде қалғаны екi-үш үйiр жылқы, он шақты түйе, жүзге жуық қой-ешкi ғана.
Бұл кезiнде қанша битiн салса да, атадан қалған орташа дәулеттi дарияша тасыта алмады. Ана бiр
жылы малы тегiс төлдеп, қанасына келе бастағандай болып едi, ойда-жоқта ақсирақ жұт пен Хиуаның
араны кең зекетшiлерi қатар соғып, көп тұяғын қағып кеттi. Содан кейiн орташа дәулет тасымай
қойды. Ал, бұған қас қылғандай Келманның малы жыл
сайын өсiп-өнiп, жер-көкке сыймай кеттi. Ол
Батыр ханның тұқымдарымен ыңғайласып ап, халықты теспей сорды, ешкiмге билiк бермей, қалың
жұртты бiр шыбықпен айдап, атасы басқа ағайынның қолайлы қоныс, жайлауына, тұщы суы көп
құдығына қөз аларта бастады. Ана жылы Хиуаның ханына сардар болған кезiнде Келман мұның Сыр
жағасындағы шөбi ажарлы, тұщы суы көп құм жиектегi жазғы жайлауын тартып алды. Мамырай
онымен дауласып, Хиуаға арыз айтып барғанымен, түк те өндiре алмады, қайта мұның Бұхараға
қарайтын Шөмекейдiң Аспан аталығынан екенiн бiлген Хиуаның ханы Мамырайды зынданға тастата
жазады. Соны бiлген бойда, бiр түнi Мамырай қосшыларын ертiп ап, iзiн жасырып Сыр бойына тартып
берген едi. Содан берi екi рудың арасындағы қыжыл, тартыс өспесе өше қоймады. Келман өлгесiн,
оның iзiн басқан балалары ол дауды одан әрмен өршiте түстi. Олар ретi келсе болды, Бұхараның әмiрi
мен Хиуа ханының өзара қырбай екендiгiн пайдаланып, жылда зекет жинар кезде, Бұхараға арқа
сүйейтiн бұлардың малдарын тартып ала беретiн болды. Бiр жолы оның арты Майлыбастың кезiнде
болған екi рудың арасындағы қақтығысқа әкеп соқтырды. Сол шайқаста екi жақ та бiр-бiрiн жеңе
алмай, бiраз адамы шығын боп керi қайтып кеткен едi. Со жылы Мамырай бiраз малын сатып, пұлға
айналдырып, Жәнiбектi Бұхараға апарып медресеге оқуға берген болатын. Ондағы ойы: “Кiм бiледi,
кейiн заман қандай боп жүредi? Көзi ашылса, өз аяқ жолынан адаспай жүре алатын шығар. Сосын ол
Бұхара әмiрiне сардар боп алса, Хиуаның қолшоқпары боп жүрген көп ру Төртқаралардың зорлық-
зомбылығынан құтылармыз”, — дегендiк едi.
Ол азырақ қозғалақтап қойды. Сосын үндемей ұзақ отырды. Мамырай, затында, көп сөйлемейтiн
бiр тоға кiсi. Ол осы кәзiрде де төңiрегiнде жиналып қалған балалары Елдес, Жәнiбек, Әлжандармен
онша шүйiркелесе қоймай, томаға тұйық отыр. Қалың қабағын анда-санда бiр көтерiп қойып,
бағанадан берi аузы жиылмай отырған Елдеске сынай қарайды. Осы баласы әуекi нағашыларына
тартып, жастайынан сойыл, шоқпарға үйiр болды. Өзi бейпiл ауыз. Әлге дейiн жасы қырықты қусырып