32
Сол арада салт атты ортадағы ақ отауға жақын кеп, тiзгiн тартты. Iштен шыққан атқосшыға
бiрдеме дедi. Атқосшы оған әлдене деп сөйлеп, қолымен бұлар отырған төбе жақты нұсқады. Сосын
өзi жолаушымен аз тiлдесiп, қипақтап тұрды да, оған қолымен қазықты сiлтеп, өзi тура берi қарай
салды.
— Құдайы қонақ шығар, — дедi Әлжан дыбдырлап.
Атқосшы бұларға жақын кеп, суыт жүрген жолаушының жай-жапсарын айтты:
— Мына Мiрәлiнiң әмеңгерi Балқия бiзге ат басын әдейi тiреп кептi. Мiрәлiге тиіп, қор болар
жайым жоқ дейдi. Алса, Мамырайға тием; алмаса, қарақалпақ асып, Айдос бидiң баласына барам,
дейдi. Әне, ол сiздiң жауабыңызды күтiп тұр.
Мамырай мұны бұлай болады деп еш ойламаған едi. Ол дем арасында шаралы жүзiне көлеңке
шауып, абыржып қалып, кәпелiмде ештеңе дей алмады.
— Апырмай, мынау бiр қиын нәсте екен. Бiрден жауабын бере қою... өзi...
— Балқия жауабын кәзiр берсiн, алмайтын болса, жолымнан қалдырмасын, дейдi.
— Аяқ астында не дей кояйын? Әлгi қатын қайда едi? Ө-ө-зi үйде ме? Ендеше сен осыны
бәйбiшеге айта қойшы, не дер екен? — дедi Мамырай табан астында жөн тауып. Ондағысы атқосшы
бүгiн осы ауылда жатқан бәйбiшеге барып келем дегенше мына тосын жағдайдың алды-артын
ойластырып алам да ғой дегендiк едi. Сосын iшiнен: “Шынын-да да, бұ не өзi? Мұның арты қып-
қызыл дау емес пе? Егер оны... алмай, қарақалпақ асырсам, ертең қазақта бiр қатынға еге болар еркек
кiндiктi табылмапты деп, ойдағы қалың қарақалпақ күлмей ме? Сонда... не iстесем екен?»— деп,
тығырыққа тiрелген Мамырай көзiмен жер шұқып, отырып қалды.
Атқосшы жiгiт бәйбiшеге тез барып келдi. Мамырай оған күдiктене қарады:
— Иә, не дейдi?
— Мәке, бәйбiшеңiз: “Әруақты үстiмiзден қарақалпаққа асырып, елге шет болатын жағдайымыз
жоқ. Алсын”, — дедi.
Соны естiген бойда, Мамырайдың екi бетi ду ете түстi. Бiр жағынан балаларынан қатты қысылып,
дағдарып қалды:
— Сонда... алғанда... ертең соңы қалай болады, соны бәйбiше ойлап па екен?
— Ояғын бiлмейiм.
— Шынында да, мұның соңы қып-қызыл шатақ қой, — дедi Жәнiбек әкесiнiң осы арадағы
солқылдақтығын ұнатпай.
— Өй, оның не соңы-полы бар? Тием деген қатынды алмаған Ережептiң өзi кiнәлi. Оны жатқа
бұйыртқанша... осының өзi-ақ дұрыс,— деп, бағанадан берi үнсiз отыр-ған Елдес кенет дүңк ете түстi.
Мамырай қабағын шытып, буындары сытырлап, орнынан түрегелдi. Әкелерiнiң қабағын бағып
өскен жiгiттер жым болды. Мамырай ауылға қарай асықпай келе жатып, ертеңгi күннiң жай-жапсарын
iштей таразыға салып байқады. Бiр есептен Ережеп сыртқа тепкен Балқияны алып, бүткiл Әлiм,
Шөменнiң алдында өз абыройының бiр көтерiлiп қалғанын мақұл көрдi. Сол қамшы боп, қалған жаққа
қөзжұмбайлық жасап, атқосшыға бұрылды:
— Барып айт, атынан түсе берсiн!
9
Жәнiбек әкесiнiң ауылынан кеуiлi әлденеге ауырлап қайтты. Қуаңның шұрайлы жағасында алқа
қотан тiгiлген көп ақ үйден ұзап шығысымең осы арадан онша қашық емес Сағынайдың аулына соғып
кеткендi жөн көрдi. Сосын атын тебiнiп қап, iңiр қараңғылығында сар желiп жүрiп кеттi.
Бұл кезде күнзi бойы аңылжыған аптап басылып, шiлде айының түнгi қоңыр салқыны басталып та
кеткен едi. Шығыс жақтағы қарауытқан адырлардың жалпақ жонын қызартып, бетi шарық табақтай
боп қып-қызыл ай түнгi қаракөк аспаңға мамырлап көтерiлiп келедi Оның жан-жағында қабыршақ
жұқа мұздай ұшпа бұлттар селтиедi. Сонау көк төрiнен алыстағы жұлдыздар ауыл оттарынша сан
құбыла жылтырайды. Айналадан ақырып пiскен адыраспан, боз жусан мен изеннiң ұнамды
қышқылтым исi келедi. Түн қымтаған жалпақ даланың өз еншiсiне түгел тигенiн сезгендей әр жер-әр
жерден шiлделiктер, ештеңеден айылын жимастан өз сазына өзi елтiп, ұзақ-ұзақ шырылдайды. Мiне,
бiрi бұлынғырлау ай сәулесi астында оқтай атылып, шоршып түстi де, бозаңытқан бойы анадай жерге
барып қона кеттi. Iзiнше бiр түп жусанның панасын жамылып, аз-кем тұрды да, күдiктi ештеңе
сезiлмегесiң қайтадан қысылмай-қымтырылмай, шырылдай жөнелдi. Тек мұның етi қызып арлаған
атының топ-топ түскен тұяғынан тiксiнiп қап, ол кенет көмейiне әр жағынан лықсып кеп қалған ән
әуезiн бiрден ерiксiз iрке қойды.
Жәнiбек әлденеге бойы мамыражай тартып‚ түнгi даланы кернеген тиыштық неше түрлi ой
мазалаған жанына сылауша жағып, кеуiлденiп келе жатыр. Салқын самал жанына жайлы тиiп,
шапанының өңiрiн ағытып қойды. Кеуiлi өсiп, мына әлi қаймағы бұзылмаған тиыштықтың ортасында
келе жатып, бiр түрлi әлең айтқысы кеп кеттi. Есiне осы өңiрге аса таныс “Ақкербез»әнi оралды:
Мiнген атым астыма бұқпа қара-ау,
ақ бетiңе шаң тисе-ау ыққа да қара-ау,
Ақкербез-ай, —
деп тереңнен қайырылатын сазды әннiң шыңылап барар тұсына даусы еркiн жетпей тоқтай қалды.
Iшiнен: “Ақкербез”, — дейдi. Ойына Ақкербез түстi. Сонда бұл қандай ұқсастық, дедi өзiне өзi. Әлде
ата-анасы серi жiгiт осы үндi арнап шығарған сұлу қыздай болсын деп, ырым етiп қойған ба? Кiм