33
бiлсiн? Ақкербез, шынында да, нағыз кербездiң өзi. Бар денесi тал шыбықша бұралып, тоқпақтай қос
бұрымына таққан ауыр күмiс шолпысы сыңғырлап, көк сауырлы, биiк тағалы кебiс киген аяғын ерiне
сәндеп басқанда, қандай кербез жiгiт те ерiксiз қарайлай бередi. Содан зерлi көкiрекше қынай барып
қымтай түскен әсем кеудесiне, сүйiр иек, бұлдырық бұғақ, ақ сазандай қыздың ажарына iшiп-жеп,
сұқтана бiр қарап өтедi. Әр жағында лып ете қалған қызығу, қызғаныш отын жасыра алмай, өзiне
бұйырмас мына киiктiң құралайындай жанға жүзi алабұртып, лезде күреңiтiп қадалады. Соны көрген
сайын Жәнiбектiң кеудесiнде бiр түсiнiксiз сезiм оянады. Iштей едәуiр көтерiлiп қалады. Кәзiрде де өз
сезiмiне өзi балқып, қымыз iшкен кiсiше ыңылдап келедi.
Аздан сол алдан қалың құмшауыт басталды. Бағанадан берi кебу жердi болат тұяқтарымен
тынымсыз дүңкiлдетiп келе жатқан ат ендi салқын құмды сабырлап кешiп кеттi. Құмнан шығысымен
ол бұйырғынды алқаптан өтiп, осы кезде жерошақта оттары жылтыраған ауылға қарай тура салды. Ел
қарасын сезген жануар ау-тауық басын шұлғып қойып, ендi мүлдем ықыластана жүрiп кеттi.
Жәнiбектiң өзi де бойын жиып, ер үстiнде тiктелiп отырды. Сосын бағанағы жағдайды есiне қайта
алды. Оның дәл бүгiн Сағынайдың аулына келем деген ойы жоқ болатын. Ойда-жоқта Балқияны
босағасынан аттатқан әкесi мұны ағасына хабар бер деп жұмсады.
Сағынай бәйбiшеден туған, iрi денелi ақсары шал. Оның ақ сақалы шудаша тұтасып, өңiрiн түгел
жауып отырады. Өзi жасында палуан боп топқа түспесе де, аса қайратты, серi жiгiт болған. Кейiннен
сонысына бағып, балаларын бетiнен қақпай өсiрдi. Шаруаға онша қыры жоқ. Бар iсiн жақын
туыстарына тапсырып қойып, өзi көбiне көп жан тиыштығын қолай көредi. Жеке ауыл боп, бөлек
отырса да, ылғи бар малы Мамырайдың отарымен бiрге бағылады. Соны кеуiлге тоқ санаумен Сағынай
жетпiстi алқымдап та үлгердi.
Жәнiбек атын желiге байлай сап, iшке сәлем берiп кiрiп келгенiнде, Сағынай әйелiнiң жанында қос
жастықты шынтақтап жатыр екен Мұны көрiп, ол тiктелiп отырды да, иығына жеңiл түйе жүн
шекпенiн жамылды. Аман-саулықтан соң:
— Бала, қалай қауын-қарбызың өсiп атыр ма?— дедi Сағынай қалың ақ сақалын быртық
саусақтарымен салалап отырып. Түнгi шырақ сәулесiнде шалдың, ақ сары жүзiне шапқан мысқыл анық
көрiнбедi.
— Жаман емес, — дедi Жәнiбек әлденеге ынғайсыздана түсiп.
— Осы... сарттар не егiп, не жеудi жақсы бiледi-ау. Ана жылы Бұқарға барғанымда, бiр өзбектен
шабдалы сатып алып жеп едiм, өзi туырылған қазыдай уылжып тұрады екен. Таңдайға жұмсақ тиедi,
— деп Сағынай түсi жылып, омырау ашқан боп келе жатты да, оқыстан белең алған атша жалт
бұрылды. — Бiрақ щабдалы не, жүзiмi не, нәтi су ғой. Олардың қуыққа шапқаннан басқа түк те қасиетi
жоқ-ау.
Жәнiбек қылпыған қылыш үстiнде отырғандай үндемедi. Iшiнен ағасына қарсы айтар дәлелдi сөзi
көп болса да, дәл осы жолы сабыр айлағанды жөн көрдi. Ақ сары шалдан көзiн тайдырып әкетiп,
жанында үн-түнсiз отырған Ниязға бiрер қарап қойды.
Сағынай тағы да мырс ете түстi:
— Мына өзбектер бау-бақшасын жиып-терiп болғасын, қолдарына өңешi сорайған кернейiн ап,
даңғырасын қағып, би билеп, ойын-сауық құрушы едi. Ендi сен де қауын-қарбызыңды жинап бiткесiн,
сүйтетiн шығарсың?
— Әрине, — дедi бағанадан берi шалды iлетiн тұсты аңдып отырған Жәнiбек кенет райлана күле
түсiп,— мына исi Шарқыдағы ұлама кiсiлер бiр ай еңбек етiп, бiр күн думан құрған айып емес деген.
Ала жаздай тер төгiп, бинетiн қып, күзде соның зейнетiн көрем десе, оның несi айып? Жыл он екi ай
бойы селкiлдеп, жын-шайтанның соңында жүргендер де бiзде, шүкiршiлiк бар емес пе? — деп күлiп,
ол жанында отырған Нияздың тақымын басып-басып қойды.
Ұтырлы сөздi сүйетiн Сағынай ырза боп, ұзақ күлiп, көзiнен аққан жасын сүртiп отырып:
— Өзi... жын-шайтан да әзәлдә бәндәға бiр керегi болғасын жаратылған-ау. Кейде қара
құмырсқаша қара жерде бас көтермей түртiнектей бергенше, былай, жiгiтшiлiк құрып, желпiнiп алған
да артық емес қой,— дедi.
— Сонда... кiм шаруа жасайды?
— Ау, оған құдай берген малай, жалшы бар емес пе?
— О да дұрыс шығар. Бiрақ...— дедi Жәнiбек ойлы кескiнiн бұзбастан, — соларға шығын қылған
пұлды жинасам, зиян ба? Немене сол жалшы iстеген жұмысты өзiмiз атқарсақ, қолымызға жұғып қала
ма?
— Әй, баламысың деген, — дедi Сағынай күлiп.— Адамизаттың бай мен кедей, жақсы мен жаман
боп бөлiнгенi бөлiнген. Кiмнiң малы, дәулетi бар,— бұ дүнияға сол қожа. Сонда дейiм-ау, малым асып-
тасып тұрып, мен қара шаруаға неге басқа бiреудi жұмсамайым? Мен неге өз дәулетiмнiң қызығын
көрмейiм?
— Ендi... ол, — деп Жәнiбек не дерiн бiлмей, iркiлiп қалды.
Сол арада бағанадан бермен үндемей отырған Нияз сөзге кiрiсiп:
— Өй, қойшы, бiлгiш дегенге сен де бiр,— дедi де, қолын бiр сiлтедi.— Бұ дүнияға екi келу жоқ.
Сондықтан қымыз iшiп, қызық көрiп... — Ол кенет сөзiн кiлт үздi.
Осы кезде iшке шолпысы сылдырлап, Шарапат кiрiп келдi. Жәнiбек талас сөзден күрт тыйылып,
еңсесiн тiктеп ап, ерке мiнез қарындасымен қысқаша амандасты. Қымыз iшiп отырып, оған бiр рет
анықтап көз тастады. Шарапаттың жүзiнде әкесi мен шешесiнiң белгiлерi қатар бар екен. Оның
сопақтау ақша жүзi сонау жүмыр иекке дейiн қаздың жұмыртқасынша бiр тегiс боп бiткен. Сұйықтау
қара қасы қырғидың қанатынша қағып-қағып қалғанында, лып-лып етедi. Көзi қара суша күңгiрт тарта
мөлдiреп, бiр түрлi әдемi боп көрiнедi. Тек қана оның ажарын қисықтау боп бiткен дөңес мұрны ғана
аздап бұзады екен.
Шарапат сыртқа шығып кеткесi, Жәнiбек Сағынайға әкесiнiң хабарын жеткiздi.