34
— Апырмай, ә? — деп, Сағынай қозғалақтап қап, сақалын уыстай ұстап, толғанып ұзақ отырды.—
Оның бұнысына жол болсын? Олар кекшiл, өжет тұқым едi. Келманмен бұрыннан да татулығымыз
шамалы болатын. Ендi жесiрiн алғасын... дау-дамайға гүмп бердiм де.
— Мен де солай ойлап отырым, — дедi Жәнiбек оны тез қоштап.
— Сонда... Балқия қашып шыққан ба?
— Иә.
— Ау, оның Мiрәлiнi менсiнбесе, Ережепке тимегенi нес?
— Ережеп жеңгесiн алмапты.
— Е, неге?
— Ояғын бiлмедiм.
— Оны... мен бiлем, — дедi Нияз мысқылдай кұлiп. — Ережептiң көкейiн тесiп жүрген басқа бiреу
бар. Мына жеңгесiн алса, басы бос, орынды жердiң қызы оған тие қоя ма?
— О кiм өзi?
— Жәй, бiреу.
Жәнiбек Нияздың тiлiнiң ұшында қыпылдап тұрған әлгi қыздың кiм екенiн аңғарып, дем арасында
түсi өзгерiп сала бердi. Бұл Бұхарада оқып жүргенде Ережептiң Малдыбай аулына барып, оларды
бауырға тартып жүрген жайын ұзынқұлақтан естiген едi. Бiрақ оның Ақкербезбен кездескенiн, ашық
сөйлескен, сөйлеспегендерiн мүлдем бiлмейдi. Өз пайымдауынша, оған Ақкербездiң өзi ыңғай
бермеген сияқты. Оның үстiне Келман бай Малдыбай тұқымымен сүйек шатыс болғанды қаламапты.
Сол екi арада әуелi Келман, сосын Өтәлi қайтып, Ережептiң өрiсi қысқарып, қол-аяғына жiпсiз тұсау
түсiп қалған-ды. Осы кезде Жәнiбек Ақкербезге ен таққан. Ендеше... Нияздың күрмеле түскенiне
қарағанда, Ережептiң қызға деген ықыласы әлi суи қоймаған. Мүмкiн, бәрi жаңсақ әңгiме шығар. Осы
ойын жанына медеу тұтып, Жәнiбек бiр түрлi боп, қоңырайып отырып қалды.
— Дұрыс,— дедi Сағынай кiмге айтқаны белгiсiз даусын соза. Сосын асықпай: — Ақыл айтатын
бала емес. Ата сақалы аузына түскен жоқ па? Шаруасының жайын өзi бiледi де. Жөн дегенiн iстегенi
мақұл шығар, — деп сөзден тыйылды.
Сол күнi Жәнiбек Сағынай аулында қонып қалды. Нияз екеуi ақ үйде бiрге жатты. Жартылай
ашылып қойылған түндiктен жұлдыздары жыпырлаған көк аспанға қөз салған қалпы Нияз:
— Қайдам, сенiң жаңағы айтқаның да жөн шығар. Менi қашаңғы серi боп, қыз-қырқынды оятып
жүре бередi дейсiң. Мойынға тура құрық түскен күн қызыл қарын жас баланың қамын жеймiз де, —
дедi күрсiнiп.
Жәнiбек оған қарай аударылып түсiп, аз-кем таңданып қалды. Ол iнiсiн ақылға шола ма деп, iштей
қомсынып жүрушi едi. Ендi не дерiн бiлмедi.
— Солай,— дедi Нияз тағы да.— Кейде мына тiршiлiктiң не опасы бар деп те ойлаймын? Жарайды,
iштiң, жедiң, жар құштың, бала сүйдiң, бiреуден артық, бiреуден кем дәулет құрадың. Соның бәрi
ертең түкке де татымайды емес пе? Жұрттың бәрiнiң баратын жерi бiр қана орын ғой. Құмнан
жаратылып, қайтадан құм боласың.
— Мынауың Омар Хәййәмның айтқаны ғой, — дедi Жәнiбек басын кiлт көтерiп ап.
— Кiм, кiм? — дедi Нияз берi бұрылып.
— Фарсының әйдiк шайыры... О да солай деген. Мына тiршiлiкте мәңгi дәнеме де жоқ, бәрi фәни,
сен одан да шарап iшiп, аз күн тiршiлiктi шалқып өткiз деген.
— Паһ, паһ!
— Оның... ендi... дұрысы да, бұрысы да бар ма дейiм. — Жәнiбек қабағын түйiп, шынтақтап,
жағын таянып отырды. — Осындай уағызға ерген кiсiлер мына Ыстамбұл дейтiн шәһар жағында
сопышылық жолын ұстап, дүния-дан баз кешiп, қызық бiр тiршiлiк кешкен. Ондай сопылар Қаразым
жағында да бар. Көне замандарда қожа Ахрар дейтiн пiр болған. Мүридтер сол пiрге қол тапсырып,
диуана боп жүредi. Оларды нәкшбәндийә дейдi.
— Қойшы, рас па?
— Өтiрiк айтып, немене сенiн бiрдеңеңдi алдап алайын деп отырмын ба? — Жәнiбек ақырын
күлдi.— Бiрақ дүнияны фәни екен деп, олай бар тiршiлiктен түңiлудiң не керегi бар? Соншалықты жан
қызығына салынғанды өз басым онша дұрыс дей алмайым. Алла-тағала бәндәға жанмен қоса тәндi де
берген. Дәм тату, жақсы-жақсы астан ләззат алу, нәпсi тарқату — бәрi де керек. Онсыз дүния
қызықсыз ғой. Менiң қара ақылымша, осы тән мен жанның қабат кеп, астасатын бiр тұсы бар, ол —
еңбек. Жұмыс iстеп, қимылдасаң, қан тарайды, кеуiлiң ашылады. — Ол Ниязға бұрылып қарады. —
Сен жаңағыдай жаман ойды басыңнан шығарып таста. Мына дүнияға бiр келу мен бiр кетудiң бары
рас. Тек солай екен деп әлден қайғы жей берсең, соңырағы күнi диуана боп кетесiң ғой.
— Қойшы!
— Оның қоятын түгi жоқ.
— Жаңағы шайырыңнын аты кiм едi?
— Омар Хәййәм.
— Соның сенде өлендерi бар ма?
— Бар, фарсыша. Сен оны түсiнбейсiң ғой.
— Қап, — дедi де, Нияз қынжылып, әрi қарай аударылып жатты. Ол мұсылманша азын-аулақ хат
танығаннан кейiн әрi қарай тереңдетiп оқымай қойған едi.
— Қаласаң, бiр қолым қалт еткенде, қара сөзбен тәржiмәлап берейiн.
— Сүйтшi, — дедi Нияз басын көтерiп ап. — Соны... ана Сарыбай Әзiлкеш немесе Балқы
Дербiсалы жырауға өлең еткiзiп алам. Ол ерiнсе, Кете Ермағамбет шайырға барам.
— Айтпақшы, оның өзi парсыша түсiнбей ме? Соған бiратала аудартып алмайсың ба?
— Әуелi... өзiң көрсейшi. Болмай бара атса...