35
— Жарайды, — деп Жәнiбек сөздi ұзаққа созбай, тез келiсе салды. Сосын оған жақындап отырып,
жылы дауыспен: — Сенi ана Нарманның аулынан шықпай жүр дейдi ғой мына жұрт.
Нияз қысыла күлiп, жарытып ештеңе дей қоймады.
— Қыз өзi... былай... ұнай ма? — дедi Жәнiбек өкшелеп.
— Ендi...
— Онда бас салып алмайсың ба?
— Оған көкем ыңғай берер емес. Оның үстiне Шарапат...
— Оны... былай... ретке келтiртпеймiсiң?
— Мен бе? Көкемнiң өзi бiлмей ме?
Жәнiбек үндемедi.
Азанда ол түн асқан салқын қымыздың тұнбасынан бiр тостағанын iше сап, атына мiнiп, аулына
қайтты. Жолшыбай бiр бүйiрде отырған әкесiне соғып, Сағынайдың сөзiн жеткiздi де, көп кiдiрмей
жолға шықты. Ауылдан ұзағасын, ол Қуаңның жағасымен, Көсенi бетке ұстап, таңғы салқында бойы
ширақ тартып, астындағы атының тiзгiнiн iрiкпей, қатты шоқырақпен жүрiп келе жатты. Бiр арада
шұбыра жортқан екi үйiрдей жылқының iзiн кездестiрдi. Жәнiбек атының басын тартып, iздiң бағытын
байқап көрдi. Ат тұяқтарының еспе құмда қалай болса солай шашылып түскенiне қарағанда, осы
арадан екi үйiрдей жылқы өте асығыс өткен сияқты. Олардың ұрланған мал болуы әбден мүмкiн.
Ол сол арада тiзгiн тартып аз тұрды да, шамалыдан соң бойын жинап, атын бүйiрiнен арқыны
тебiнiп қалды. Сосын шұбырған iздi кесiп өтiп, жаңа қүннiң қандай ырзық-несiбе әкелерiне көзi
жетпей, аздап аң-таң болған Жәнiбек Қуаң бойындағы өз аулына қарай асықпай сары аяңмен жүрiп
келе жатты.
10
Көсе бойының қамысы мен қопалы ойына жете бергенде, жортып келе жатқан жылқы алдарынан
қасқыр көргендей үрпиiсiп, тұра-тұра қалысып, борық исi сасыған көлтабанға үрке қарады. Шәки
тездетiп, жiгiттердi жан-жақтан қаумалатып, үрiккен жылқыны ерiкке қарат-пай, iлгерi айдады. Өзi
шұбар атымен бiрiншi боп ойға түстi. Арт жағынан айқай мен шыбыртқы естерiн алған жануарлар бiр-
бiрiн итермелеп, шошына шұрқырасып, мұның соңынан лажсыз ердi. Жалпақ табанға түскесiн, Шәки
солға бұрылды. Оң қапталда тұтаса қарауытып тұрған нар қамыстың қалың масасын шошыта отырып,
бiраз жер жүргесiн, жылқыны шыбын-шiркейi аз жар қасына әкеп, азырақ солықтатып алғанды жөн
көрдi. Серiктерiне жан-жаққа жiтi көз салып, ұрлық малды жат көзге шалындырмаңдар деп қатты
тапсырып, өзi Ережептiң аулына кеттi. Шұбар ат әлi онша шаршай қоймаған екен. Ауыл қарасының
жақын екенiн сезгендей, ара-тұра басын шұлғып қойып, төрт аяғын тең тастап келедi. Аракiдiк жер
реңi өзгергенде, басын төмен салып жiберiп, тiсiне iлiккен отты жұлып ап, жүре талмап қояды. Шәкиге
атының бұл мiнезi таныс. Жануар қандай жетi қараңғы түнде де жер нобайын жазбай таниды. Шұбар
аттың сол мiнезiне қанық Шәки тастай қараңғыда айналасын шолып, әуре боп жатпайтын. Анда-санда
төбеден төнген жұлдыздарға қарап қойып, бағытынан ауытқып кетпеудi ғана қадағалайтын.
Осы жолы да ол тiзгiндi ұстап‚ нығыз отырған едi. Кенет шұбар ат бiр түп бұйырғынға сүрiнiп
кетiп, омақаса құлай жаздап барып, әрең дегенде бойын тiктедi. Шәки ерiксiз шалқайып, тiзгiндi керi
тартты да, аттың басын тежеп, жерге түсiп, шұбардың төс айылын аздап босатып, оның жабуының
астына қолын сұғып, ащы тердiң қатқан, қатпағанын байқап көрдi. Сосын ерге қарғып қонып, тiзгiндi
қаттырақ делбеп қап, жүрiп кеттi.
Бұл кезде түн ортасы ауып, үркер көтерiле бастаған кез едi. Аспандағы жұлдыздар сиреп, қуқыл
тарта жылтырайды. Нағыз тәттi ұйқының шағы. Соны сезген Шәки шаршағанын жаңа бiлдi. Оның
қайратты денесi бiр сәтте ал-сал тартып, басы ерiксiз алға қарай иiлiп кете берiп, басына бiр тұман
орнағандай қабағы ауырлап, көзi кiлгiре бастады. Ол лезде өзiнiң қалғып бара жатқанын аңдамады.
Кенет кәнiгi дағдысымен селк етiп, шошып оянып, бойын тiктеп ала қойды. Дереу жан-жағына көз
тастап қойып, тағы да сар желiп кеттi.
Бiр мезет ауыл жақта екi көзi төрт болып, өзiн сарсыла қүтiп отырған шешесiн ойлады. Сол екен,
сай-сүйегi сырқырап қоя бердi. Есiне қайдағы-жайдағы түстi. Әсiре-се, атадан жаңғыз екендiгiн есiне
алғанда, тұла бойы суық шалғандай қалтырап кеттi. Мұның әкесi не бiр асауды бұғалықтап, жерге
табан тiреп, шiрене тартқанында, шалқ ортасынан түсiретiн қайратты кiсi болатын. Қысы-жазы
Келманның қалың жылқысымен бiрге өрiп, бiрге жүретiн ол талай ақбасқындарда табынмен бiрге
ығып, қылқұйрықтарды орға, жарға ұрындырмай, қалың қамыс панасына әкеп, аман сақтайтын.
Сүйткен әке ана жылғы әлемет ақбасқында жылқымен бiрге ығып кетiп, үсiп өлдi. Сосын он алты-он
жетiлердегi бұның мойнына отбасының бар тауқыметi түстi. Шәки ендi әке құрығын қарына iлдi.
Содан берi бұл мал соңында салпақтап жүр. Шешесi болса, Ережептiң үйiнiң отымен кiрiп, күлiмен
шығады. Сондағы бар алатындары — өздерiнiң iшкен-жегендерiнен ауыспайды. Соңғы кездерi кәрiлiк
пен бинет мойыта бастаған жатқан шешесiнiң ыңқыл-сыңқылы көбейiп кеттi. Шәки соны ойлап, оның
қолын ұзартқысы кеп, бiр жолы Әлiмнiң Мәметегi Көпжанның үйiне кеп түскен-дi. Көпжан әкесiмен
құрдас болатын. Екi үйдiң өзара аяқ-табақ қатынасы бар едi. Ана бiр жылы жайлауға қөшiп бара
жатып, әкесi мұны ертiп, Көпжанның ауылына соққан-ды. Сонда бастасымен қалжыңдасып отырып
Көпжан дәм үстiнде: “Осы екеумiздiң бiр-бiрiмiздi сынайтын немiз бар? Менiң ұлым жоқ, сенiн қызың
жоқ. Осы құда болсақ кәйтедi?”— деген-дi. Соны ести сала, Шәки қып-қызыл боп кеткен. Етжеңдi,
сүйегi салалы, шабан қимылдайтын қызылбет Дархан өзiнiң де кеуiлiне құрт түсiрiп жүрген-дi. Бұған
қыз да кетәрi емес сияқты. Ол қараүйге кiрiп-шыққан сайын басқа кiсiге бiлдiрмей, бұған ақылды қой
көзiн қуақылана тастап коятын. Сол кезде Шәки жаман қысылып, көзiмен жер шұқып, төмен
қарайтын. Тек қыз сыртқа шығып бара жатқанда ғана, оның тұрқына сынай көз тастайын.
Қаршадайынан жылқы арасында туып-өскен оған кәнiгi атсейiстердiң асыл малды сынап байқайтын
тәсiлi әбден таныс-ты. Сол сынның адам баласына да дәл келетiн жерлерi барын сезiп жүретiн. Бiр