Стр. 37 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

36
қарағанда, Дархан сылбырлау тәрiздi. Маңдайы кең, қасы қалың, екi бетi шығыңқы. Ернi сәл-пәл
дүрдектеу. Аздап сөйлейтiнi болуға керек. Бiрақ ашуы артында. Тек қайраты бетiне шығып тұрған
шаралы жүзiн мес түйiнiндей мұрны ғана бүлдiредi. Болмаса ақылдан да, көрiктен де кенде емес. Бұл
биыл Дарханмен оңаша сөйлесiп көруге оқталды. Сол ниетпен әдейiлеп ат басын тiреп, үйiне барды.
Көпжан таспа тiлiп отыр екен. Мұны көрiп ол: “Бала, жылқың қалай?” — деп осқырына қүлдi. Бұған
шалдың даусында әлдеқандай мысқыл жатқандай боп көрiндi. Әсiресе, Ережептiң атақты көк алаларын
мұның жеке меншiк малындай көргенi ыңғайсыздандыра түстi. “Аман”, — дедi Шәки бермеуге
тырысып. “Осы әкелi-балалы сендерге Келманның малы құт болған-ау. Оны қызғыштай қорисыңдар.
Ендi сенiң балаң да сол жылқыны бағатын шығар?” — Шәки үндемедi. Көпжан тағы да оқыс мiнез
шығарып: “Байдың малын бишара қызғанады деген. Осы менiкi не, а? Е, бақ, бақ!”— деп лекiте
күлген. Шәки соның сырын кейiнiнен түсiнгендей болды. Сол барғанында бұл сексеуiлмен шегендеген
құдықтан қауға тартып жатқан Дарханды көрiп, оның жанына келдi. Қайратты қыз екi жеңiн түрiнiп
жiберiп, құдықтың ернеуiне аяғын қойып, қыл арқанды құлаштап тартқанда, дәу шелектi сыртқа
ытқытып шығарды. Өзiнiң қан ойнаған жүзi бал-бұл жанып тұр. Арқан ысқан алақаны қып-қызыл.
Шалт қимылдап қалған сәтiнде, көйлегiнiң көкiрек тұсын тырсия сыртқа тепкен қос омырауы дiр-дiр
етедi. Шәки қызға өзiнiң сұқтана қарағанын әбессiнiп, оның қолынан арқанды ала сап, қауға тартқан.
Ағаш науаға салқын суды құйып жатып, Дарханның өзiне сүйсiне көз тастағанын байқап қап, қуана әрi
қысыла, екi бетi оттай жанып кеткен. Содан аттанарда Дархан үйдiң бiр оңашасын тауып, елеусiздеу
қып, мұның қолына жиегi кестеленген жiбек орамалды ұстата салған едi. Кеуде тұсын қыж-қыж
қайнатқан сол орамал ақыры Шәкиге өз дегенiн iстеттi. Көп ұзамай Шәки Дарханды келiншек қып
түсiрдi. Бұл алғашқы тәттi айлардың қалай зымырап өте шыққанын байқаған да жоқ. Көп ұзамай
Дарханның екi бетi албыртып, екi көзiнiң астыңғы жағына шашылған тарыдай майда секпiл ойнап
шыға келдi. Оның шаруаға ықыласы соқпай, ұйқысы келе беретiндi шығарды. Соны сезген шешесi
Дарханның қол-аяғын қимылдатпай, үйдiң шаруасын өзi iстейтiн болды. Шәки келiншегiнiң аяғы ауыр
екенiн бiлiп, iштей қуанды. Сосын ертеңдерi қайын атасын шақырғанда, тарту ететiн малдың болғаны
жөн ғой деп бiлдi. Сол оймен ол Ережепке барып, ағайынның алқасын қалайтынын бiлдiрдi. Бiр
жағынан әкесiнiң мұның малына сiңiрген еңбегi көмейiнде iркiлiп тұрған-ды. Ережеп сырын
алдырмай, ұзақ ойланды. Бiраздан сол барып: “Құда шақырсам дегенiң дұрыс қой, — дедi. — Бiрақ
өзiң ойлашы, биыл ас бергелi отырмын. О да бiр өз алдына қөп шығын. Тағы да басқа шаруалар
көлденеңнен килiгiп тұр. Соның бәрiне мал керек. Менiң қай бiр артылып жатқан малым бар?”
“Ереке”,— деген бұл жалынышты үнмен. “Әрине, маған жағдайың белгiлi. — Ол қабағын шытып, ұзақ
iркiлдi. — Осы сендей қайратты жiгiтке мал табу деген боқтан да оңай емес пе? Ер азығы мен бәрi
азығы жолдаң деген. Сен де”, — деп әккi жiгiт мұны өз ойына қарай көземелдеп қойып, онша абырой
бере қоймайтын осы жолға айдап салған едi.
Содан берi Шәки жылқышылықты қойып, түрiкмен асып, желiден кесiп жылқы алып жүр. Өткен
жолы бұл Үстiртке шығып кетiп, әр жақтағы Адайлармен жауласып жатқан түрiкмендердiң
ақалтекелерiн қуып келген-дi. Содан соң Ережептiң ақылымен iшкi жаққа барып, Ақмешiт шәһарының
жанында қөшiп-қонып жүрген Табындардың екi үйiрдей жылқысын айдап қайтты. Жаңа ғана сол
ұрлық малды Шөмекейлер жайлайтын Қуаңның бiр жықпылына әкеп жасырып тастады. Ендi өзi
Ережепке хабар салмаққа келе жатыр. Мырзаның дiттеген жерiнен шыққанын бiлiп қуанғанымен,
мұның iшкi жағында бiр түйткiл бар. Бұхарбай, Байқадамдай батырлары бар Табындардың малын
ұрлатып, қараптан қарап жатып алуы мүлдем қиын. Оның үстiне Ережеп: “Осыдан олжалы қайтсаң,
тiлегiңдi орындаймын”, — деген уәдесiн әлi орындаған жоқ. Ол жоқ нәрсенi сылтауратып, кейiнге
ысыра бередi. Өткен жолғы түрiкмен жылқыларынан да мұны құр ауыз қалдырды. Ендi мына малдан
да дым татырмас па екен?
Шәки ер үстiнде қозғалақтап қойып, ауыл қарасын көрiп, жөнделiп отырды да, атын әдемi бiр
бөкен жүрiсiне салдырып, ауыл шетiне кiре бердi. Әупiлдеп қарсы үрiп шыққан маң төбеттi
қамшысымен жасқай отырып, ол Ережептiң отауының қасына кеп тiзгiн тартып, атынан түстi.
Ережеп үйiнде екен. Аттың пысқырғанын естiп, далаға қөйлек-дамбалшаң бойы шыға келген ол
жан-жағына жалтақтай қарап қойып:
— Қалай? — дедi ақырын.
— Иә. — Шәки қуана тiл қатты.
— Қайда?
— Ана Көсенiң ойына.
— Онда... дұрыс. Ал ендi демал, — деп, Ережеп бiр демде маңқия қап, сазарған қалпын қайта
тауып, керi бұрылып жүре бердi.
Шәки атын тiзгiнiнен жетектеп, оның iзiнен ердi:
— Ереке, — дедi ол даусы қалтырап.
Ережеп артына ақырын бұрылып қарады. Елең-алаңғы ала қөлеңкеде манаураған жүзi iсiп кеткен
сияқты боп көрiнедi.
— Иә? — дедi ол мұның ерiп келе жатқанын жақтыр-май.
— Баяғы уәде... — Шәки Ережептiң мысы басып, сөзiнiң соңын жұтып тоқтады.
— А, сол ма? — деп, Ережеп мына сөздi жаңа естiп тұрғандай таңғалған түр көрсетiп, қабағын
шытты. — Оны... шамалы қоя тұр. Кейiн, кейiн... — Ол бұған жөн-деп көз қиығын да салмастан, тағы
да керi бұрылып жүре бердi.
Шәки оның iзiнен ере түсiп барып тоқтады. Сосын ол iштей азарланып, атын жетектеп, ауыл
шетiндегi туырлығын күн жеп тастаған қараүйiне келдi. Шұбар аттың бас жiбiн қазыққа байлап, оны
жылы жабулап, таң асырып тастады да, үйiне кiрдi. Дархан ұйықтап жатыр екен. Шешесi оны оятпай,
өзi орнынан тұрып: