37
— Аман-есен келдiң бе? Құдайдың бұ да бiзге игенi шығар, кеше мырза қызылдаңдар деп бiр
тоқты бердi, — дедi.
Шәки iшiнен: “Қатырған екен”,— дедi төсекке отыра берiп. Сосын өзi айдап әкеп Ережептiң
отарына қосқан мың-сан жылқы көз алдына келе қалды.
— Шәй iшесiң бе?
— Жоқ. Шалап бар ма?
— Бар ғой. — Шешесi оған бiр тостаған шалап әкеп бердi.
Шәки салқын шалапты басына бiр-ақ көтердi. Сосын:
— Жолдан шаршадым. Жатып демалайын, — дедi ол кiлгiре берген көзiн әзер ашып.
— Жатсаң, жата ғой. Жол соқты болған шығарсың. — Шешесi ендi даусы жұмсарып, сыбырлай
сөйледi.— Кеше құданың аулынан Шайқыслам келдi. Атаңның бiзден бiр хабар күтiп отырған сыңайы
бар-ау дейiм. Бiз де аманбыз. Келiннiң екi көзi сенiң жолыңда. Өзi бiр зат. Даусын бiр көтермейдi.
Құдай жеткiзсе, немеремдi сүйсем, iж арманым жоқ. Сол күнi Әзiрейiл кеп, шыбын жанымды алса да,
дән ырзамын.
— Қой, оның не? Әзiрейiл төнiп келгенде, бiр-екi жылға мұрсатана сұрап алмайсың ба? — дедi
Шәки күлiп.
— Иә, сүйтем ғой. Пәндә шiркiнде ар бар дейсiң бе? Ендi жатып демал, — дедi де, шешесi сыртқа
шыға бердi.
Көзi кiлгiре бастаған Шәкидiң құлағына шешесiнiң сөзi түу алыстан күңгiрлеп жеткендей болды.
Ол басы ауырлап, төсегiне қисая бере iшiнен: “Ережептiң кiдiре тұр дегенде бiр есебi бар шығар? —
дедi. — Сонда ол не? Түбiнде беретiн малды сонша бұлдағаны несi? Әлде, әлде...”
Ұзақ жол титықтатқан Шәки басы жастыққа тиiсiмен қор ете түсiп, кенет селк ете қап, көзiн ашып
алды да, қайтадан жұмды. Осы кезде жылы төсекке суық ала кiрген кiсi денесiн сезген Дархан
ұйқысырап, берi аударылып жатып, қолын мұның мойнына салды. Сол екен, — Шәки келiншегiн
құшақтай алды...
11
Ережеп жөндеп ұйықтай алмады. Ақыры көзi iлiнбегесiн, орнынан тұрып кеттi де, бетi-қолын
жуып, азанғы шәйдi асығыс iше сап, атқа қонды. Әшейiнде жолға шыққанда әзiл-қалжың айтып,
кеуiлденiп сала беретiн Ережеп бүгiн тұнжыраған қалпынан арыла алмады, ат-қосшысына назар да
салмады. Ол далаға селқос көз тастап қойып келе жатып, арғы-бергi жайларды ойлады. Мұның
кешелерi әмеңгерiнен бас тартқаны бекер бопты. Бiр бет, өжет Балқия Мiрәлiнi менсiнбей, қашып
шығып, Мамырайдың абызына өтiп кеттi. Соны естiген бойда, жесiрiнен айрылды деген жаман атаққа
қалғанын бiлiп, Ережептiң мазасы май iшкендей болды. Ол барлығын қара ақылына салып шығып,
ақырысында Мамырайға кiсi жiбергендi жөн көрдi. Сол күнi атқосшысы мұның: “Ау, қоныстас жатқан
ел емес пе едiк? Менiң жесiрiм әйәлдiк қып, қашып барған кезде, маған хабар салмастан, бiрден ала
салу ағайыншылыққа жата ма? Қайта оны ақылға келтiрiп, дос кiсi керi қайырмас па екен? Мамырайға
сәлем айт, ат-тон айыбын төлеп, жесiрiмiздi қайтарып берсiн”, — деген сәлемiн Мамырайға жеткiздi.
Мамырай бұған: “Айып төлейтiндей мен Ережептiң жесiрiн өзiм барып алған жоқпын. Балқияның өзi
келдi. Мен жесiр әйәлды жат жұртқа асырмайын дедiм. Ендiгi күнi Ережеп дау соқса, бар қалауды
Балқияның өзiне берейiк, ол не десе, соған тұрайық”, — деп жауап қайтарды. Ережеп бұған өзiнiң
қарсы ештеңе айта алмасын бiлсе де, осы жолы айқасқа ашық шығып, абыройын төккен жеңгесiн
қайтып ап, ертеңдерi бетiне шiркеу болатын жағдайдан құтылғанды жөн көрдi. Сол арада Мiрәлiге
жыны кеп, ол: “Қасқа, мырыңдап жүрiп, қойнына салып берген қатынға да еге бола алмады”, — деп,
iшiнен бiраз кейiп алды.
Бұл кезде күн найза бойы көтерiлiп қалған да едi. Таңертеңнен тымырсық боп, түске тарта күн
жанатынын әлден-ақ сездiргендей едi. Маңайда үп еткен леп жоқ. Ережеп атын сары аяңынан
жаздырмастан, Көкқатын көлiне жақын маңдағы қоңырлықта отырған Мiрәлiнiң аулына келдi де,
атынан түсiп, шылбырды атқосшысына ұстата сап, үйге кiрдi. Ол Мiрәлiмен қысқа сөйлестi:
— Жесiрiмiз қашып кеттi. Ендi не iстеймiз?
Мiрәлi күңк еттi:
— Оны... қайдам.
— Әлде... дау-дамайды қоздырмай, жабулы қазан жабулы күйiнде қоя саламыз ба?
— Неге? — деп, Мiрәлi сұрғылт көзiн бағжаң еткiздi.— Ау, жесiрiне еге бола алмады деген ат
жақсы ма?
— Мен де соны ойлап отырым. Иә, сосын?
— Дауласамыз, — дедi Мiрәлi дүңк ете түсiп.
— Дауласқанда... өзi... былай жеңе қояр ма екенбiз?
— Өй, сен де бiр! Неге жеңбеймiз?
— Ау, Балқия жатқа өз аяғымен барып отыр. Оны тартып алса, бiр сәрi...
— Өй, қойшы! — Мiрәлi қолын бiр сiлтедi. — Параны басып берсең, аузы қисаймайтын би жоқ.
Сүйтемiз де, Мамырайды аяғымызға жығамыз. Болмаса...— Мiрәлi бұған жымысқылана қарады. —
Ана Дадабекке айтып...
— Айтпақшы, сол Дадабек кеуiлдестiкке қазақтан қыз ала бастады деген не сөз? — дедi Ережеп
сөздiң бетiн басқа жаққа бұрып.
— Иә, ол сүйтiп атыр.
— Осы... ана Сағынайдың қызы әлi ұзатылған жоқ-ау, — дедi Ережеп елеусiздеу ғана.