3
бiр ой түйген. Сосын: “Саған ерегiскенде ме?»— деп, сол түнi қонбастан, аулына тартқан. Ертесiне
сандықта жатқан күмiс бiлезiктi қойнына тығып, жолға шыққан-ды. Орта жолда: “Дадабек сартқа
соғып, мынаны жүзiмге айырбастап алайын”,— деп ой қашырған. Ақыры сол қамшы боп, Құмқамалға
жақындай бергенiнде, зәресi ұшып, ат басын iркiп ала қойған. Киiз қалпағын керi ысырып жiберiп,
жылтыраған көзiн шақырайған күннен қолымен көлегейлеп, анықтап қараса, жалпақ қоңырлықта шеру
тартқан Хиуа қолы қатарын бұзбастан, тырнаша тiзiлiп келедi екен. Былтыр Тоғанақ, Елдес бастаған
Шөмекей Аспан, Бозғұлдың жiгiттерi Хиуаның Қуаң бойына ертеректе салған Қожанияз деген
қамалына басып кiрiп, мал-мүлкiн талап, бекiнiстiң биiк диуалын жермен жексен етiп кеткен-дi.
Тиышбек сонда-ақ қатты қорыққан. Хиуалықтар мұны кешiрмейдi деп, жүгiн буып-түйiп, дыбыл
шықса, Арал теңiзiне кеп iрге тепкен орыстардың Райым бекiнiсiне қарай қаша жөнелуге дайын
отырған. Бiрақ Хиуа ханы Сыр бойына бiрден әскер жiбере қоймады. Мұны әркiм әр түрлi жорыды.
Бiреулер: “Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақ Бұқар әмiрiмен келiспей жүр екен. Алдағы жазда iшкi жаққа
көп сарбазбен кiрмек көрiнедi”, — десе, ендi бiреулер: “Хан орам ала бастаған ақ патшамен
мәмiлелесiп жатқан көрiнедi. Түбiнде Сыр бойы үшiн ұлы хан мен ақ патшаның қырқысып қалуы
ықтимал”, — деп гөйiттi. Үшiншi бiреулер бұрын мұндай қылуаға қылыш ала жүгiретiн қатал ханның
сабыр айлағанына Иран шәһы Нәдiрмен соғысып жатқаны себепкер дестi. Ендi Тиышбек мына қолдың
тегiн келе жатпағанын бiлiп, дереу атының басын бұра сап, есi шыға қашып берген. Мұны көрiп қалған
екi хиуалық аттарын тебiнiсiп қалып, iзiнен баспалата тұра қуған. Бiрақ олар аттарын мына ыссыда қан
сорпа қылғылары келмедi ме, онша емiне қумай, бiр-екi төбеден асырып тастап, мұның бара жатқан
бағытын аңдағасын, керi қайтқан. Тиышбекке өзiн жау кайтарып келгеннен бетер етiп көрсету үшiн
осының өзi жетiп жатыр едi.
* * *
Салпы ернi дүрдиiп кетiпт Тиышбек жан-жағына қоқилана қарады.
Жәнiбек оған:
— Жүр, қымыз iш, — дедi де, оның жауабын күтпестен, бұрылып жүре бердi.
Ол ақ үзiктi, ақ үйге жақындағанда, iштен әйелi Айжамал шығып, оған жабықты серпе түрiп,
әдеппен иiлiп, сықырлауық есiктi аңқайта ашты. Жәнiбек табалдырықтан оң аяғымен аттап, iшке кiрiп,
кеуiшiн iрге жаққа тастай сап, жұқа мәсiсiмен оң жаққа барып малдас құрды. Оның соңынан еркiнси
сампылдап кiрiп келе жатқан Тиышбек кенет iркiлiп қап, Жәнiбектiң кеуiшiне бiр, өзiнiң биiк тақалы,
бiтеу бас қазақы етiгiне бiр көз тастады. Сосын көздi бiр жұмып, төрге төселген атылас көрпелердi
етiгiмен басып барып, уһ деп, отыра кеттi.
Одан төменiректе жайғасқан Қалдыбай мен Қасқырбай мырс-мырс етiстi:
— Әй, осы қазақшылық-ай!
— Айтпа!
— Е, немене? — дедi Тиышбек қуыстанып.
— Сен немене бұл үйдi құрым киiз төселген өз үйiңдей көресiң бе? Даланың ала шаңын
аяқтарыңмен басқа шығармасаңдар, кеуiлдерiң көншiмейдi-ау, — дедi сөзкер Қалдыбай кекете күлiп.
— Ау, атам қазақ етiгiмен Хиуа ханының ақ мәрмәр төселген кең сарайын да кешiп кеткен. Ендi
Тиышбек басыммен өз төрiме өзiм шыға алмасам, Шөмекейдiң кенжесi боп еркелегенiм кайсы? —
Тиышбек тауып айттым деп ойлап, және бiр көпшiктi қолтығына жұмарлап баса түстi. Ол Шөмекейдiң
Аспаны Жәнiбекке өзiнiң Аспанның iнiсi Бозғұлдан шыққанын меңзеп едi.
— Оған кiмнiң таласы бар? Дегенмен ағасының төрiн кәдiр тұтпаған iнi әруақтың орнын сыйлап не
қарық кылатын едi.
— Қалдыбай, Тәкең тауып айтты, — дедi Жәнiбек екеуi сөзге келiп қалар деп кәуiп айлап. — Тәкең
етiгiмен менiң төрiме шықпағанда, сонда кiмнiң төрiне шығады? Қолдың кiрi, табанның шаңы тазайын
кiсiге қайғы боп па? Азар болса, келiнi көрпе-төсегiн бiр рет артық қағып-сiлкiп алар.
— Өй, бәрекелде! Мiне, сөз төресi! — деп, Тиышбек арқаланып кетiп, кескен теректей көлбеп
жатқан қалпынан тез тұрып, малдас құрып, қоқиланып отырды. Шәйi көрпенiң үстiне етiктен жұққан
ақ шаң белдеуленiп калды. — Ау, ау, Жәнiбекжан-ау, мынау жаман ағанды өзiң сықылды молданың
алдын көрiп, тiл сындырып, сонау әһлисламның елi Бұқардағы медiреседе оқыған дейсiң бе? Бiзге тiлдi
кәлимаға келтiрiп, жалпақ тiлмен көрген-бiлгендi желдiртiп айта алсақ, со жетiп жатқан жоқ па?
— Сонда да етiгiңдi шешсейшi. Әлден бүйте берсең, ертең iнiң жоқта келiнiң бiр аяқ сусын бермей
қояр. Кiсiнiң кәдiрiнiң кетуi деген... өзi... осындайдан басталмай ма? — дедi Қалдыбай қитыға сөйлеп.
Есiп отырған Тиышбек басқа ұрғандай қалт тоқтай калды. Сосын тарамыс қолымен қылтанақсыз
иегiн сипап қойып, басын бiр жағына қарай қисаң еткiзiп:
— Өзi... шынында да, мынау бiр табылған ақыл-ау! Жәнiбекжан ат белiнде, ел арқасында жүрген
азамат. Ыңғи өзiмен бiрге аяқ-табағын арқалап жүрмейдi ғой. Жiгiттiң ырысын бағатын үйдегi қатын
емес пе? Ол жоқта жүдеп-жадап келе қалсақ, өзi... ыһым, ыһым, бар билiк келiнжанның қолында
қалады қой. Сен де бiр атаның баласы едiң, бiр жолға сөзiңе құлақ асайын. Осы әңгiмеге өзiң басшы
боп ең, ендi өзiң қосшы бол. Кәне, етiгiмдi тартып жiбере ғой, — деп, Тиышбек етiк киген аяғын
Қалдыбайға қарай соза қойды.
Қалдыбай қап-қара боп кеттi:
— Немене мұнда жалдап алған малайың бар ма? Өзiң шеш!
Жәнiбек жадырай күлдi:
— Өзiңе де со керек. Iзiнен тақымдап қалмай қойып ең, ойламаған тұстан сазайыңды тарттың. Сөз
тапқанға қолқа жоқ деген. Ендi айтқанына амалсыз көнесiң.