4
— Қап, мынаның қорлығы-ай! — деп, Қалдыбай ызалана сөйлеп, орнынан тұра сап, Тиышбектiң
етiгiне жармасты. Оны суырып ала сап, босаға жаққа қарай лақтырып жiбердi. Екiншi етiк
сыпырылып, тор көз керегенiң жанына барып қылжиғанда шуаш исi мүңк ете қалды.
— Өй, — деп, Қасқырбай мыңқылдап, танауын тыржитып, әрi қарай бұрыла бердi.
Тиышбектiң пәруайы пәнсар. Ол:
— Шынында да, етiк шешкен жақсы екен-ау! Бойың жеңiлейiп қалады екен, — деп, сайрап отыр.
Осы кезде iшке Айжамал кiрдi. Ол ортаға көлдей дастархан жайды да, ерiнен төменiрек жерде тiзе
бүгiп, малай қатын әкелген, сырлы тегенеге меймiлдете құйылған салқын қымызды ожаумен баптап
сапыра бастады. Жоғары көтерiлген ожаудан төмен қарай құлаған ақшыл қымыз табаққа жеткен бойда
шымырлап, көпiршiп, көбiктене бастайды. Демде үй iшiне тастай қымыздың ашқылтым ұнамды исi
тарады. Сонымен бiрге әлдеқандай қыр шөбiнiң мұрын жарар хош исi бiлiндi.
Айжамалдың қолындағы ожауға көз қиығын салып қойып отырып, Тиышбек шыдамсызданып
бiттi. Сәлден соң ол өзiне ұсынған тостағанды Айжамалдың қолынан жұлып ала сап, қымызды
дастарқанға төге-мөге аузына апарды да, сирек мұртының шалғысын малып, асығыс, тамағы
дүрсiлдеп, қылқылдатып жұта бастады. Ыдысты басына бiр-ақ көтергесiн, тостағанды керi ұсынып
жатып:
— Уһ, қаным кеуiп қалыпты ғой, — дедi.
— Кепкенде де бар ғой, өзi... қу тақырдай болған-ау, — дедi Қалдыбай мысқылдай күлiп.
— Айтпа, бала. Қорқыныш пен шөл қабаттасқасын... оңай емес қой.
— Оған не сөз бар. Тек... шариғатта тамаққа мұрт малынса, мәкiру деушi едi.
— Әй, бала, сен немене маған бүгiн түйенiң тас кенесiнше қадала қалдың? Байқа, мен сенiң
ойнайтын кiсiң емеспiн. Мен деген...
— Әй, қойыңдар, — деп, Жәнiбек қолын көтердi.— Мұсылман үрдiсiнде мұрт қойғасын, оны күту
керек. Басқаны былай койғанда, ол тазалыққа жақсы емес пе? — Ол қолындағы қымыз құйылған
тостағандағы шайқай отырып: — Сонда әлгi қол Құмқамалға бара атыр ғой? — деп сұрады.
— Иә, — дедi Тиышбек күреңiткен жүзiн толық билей алмай.
— Сонда олар былтырғының iзiмен келе атыр ма екен? Әлде басқа көздегендерi бар ма?
— Оны итiм бiлiп пе? — Тиышбек қолы қалтырап, тостағанға жармасты.
— Кеше бапамнан естiдiм, мына Нұрғазы сұлтан Петербор асады екен деп, — дедi Қасқырбай
Жәнiбекке қарап.
— Е, неге?
— Ақ патша арнайы шақырған көрiнедi.
— Сонда... неге?— Жәнiбек оған еңсерiле қарады.
— Бiтуажаға шақырған болар. Нұрғазының жiгiттерi Хиуа мен Бұқарға керуен тартқан орыс
саудагерлерiн көп талады ғой. Ақ патшаның соған тиырым салғысы келген шығар.
— О да мүмкiн. Бiрақ мынасының жөнi... бөлектеу сияқты. — Жәнiбек ойланып қалды. — Бұған
сұлтанның өзi қалай қарайды екен?
— Әуелгiде ол ақ патшаға сенбептi. Бiрақ Елмырза төре азғырыпты. Ол мына төменгi жақтағы
Шектi Есен батырмен өштесiп жүрген Қаратай сұлтанмен ақылдасса керек.
— Е, солай де,— дедi Жәнiбек даусын созып. Оның iшiн алдырғысы келмегенде, сүйтетiн бiр әдетi
бар едi. — Орыс орам ала бастағалы жүз жылдай боп қалды. Қазақ даласын батыс пен шығыстан
қаусырмалай орап, кысып келедi. Мына Кiшi Орда — Жәңгiр хан билеген Бай ұлының жерi мен Орта
Жүздiң ұлысына қамал салып, iлгерi жылжып барады. Арқадағы Қайып, Нақып хандар соған
көнбеймiз деп, шайқасып жатқан көрiнедi.
— Апырмай, не дейдi? Рас па өзi? — деп, Тиышбек әруағы қозып, тiктелiп отырды. — Өй,
әруағыңнан айналайын, Абылайдың тұқымы ғой! — деп, келесi сәтте кеуiлi босап, күс-күс
жүдырығымен суланған көзiн сүртiп, iрге жаққа бұрыла берiп, дың еткiзiп бiр сiңбiрдi.
— Бұл төрелерден де ауызбiршiлiк қаша бастады ғой. Iшкi Ордадағы Қайыпқали сұлтанды Хиуаны
жағалап жүр дейдi ғой...
— Сондай сөз бар.
— Бiрақ Хиуаң да аңқ ете қалар бала емес. Оның да өз көздегенi бар шығар.
— Оған не сөз бар. — Жәнiбек тостағанды қолына ұстаған қалпы отырып қалды. — Хиуаның өзi
қорадан шықпай арсылдайтын жаман төбет сияқты боп алды ғой. Көп қимылға әлтi жоқ.
Ұзынқұлақтан естуiмше, Хиуа мен Үргенiшке Османлы Түркиядан жансыздар келiп жатқан көрiнедi.
Олар исi мұсылман қауымын терiскейден төнген кәуiпке қарсы ғазауатқа шақырады дейдi. Неде болса,
осы жолы күллi мұсылман жүртына бiр сын.— Ол тостағанды жерге қойды. — Осы Ережеп ағасының
асын ертеңге деп отыр ма?
— Иә. — Тиышбек үшiншi тостағанды сiмiре бастап едi. — Ойбай, айтары жоқ. Барлық деген
кiсiге не iстетпейдi? Асқа Қыр мен Сырға дәрпi шашылған игi жақсылардың бiрiн қалдырмай
шақырған көрiнедi. Сарғасқа Тоғанақ батыр, Шектi Төлеу, Ырғыздағы Алмат сардар, Әлiм, Шөменнiң
бар сорпаға шығарлары келетiн көрiнедi. Тiптi оны сонау Аралдың арғы түкпiрiнде жатқан Қыр
Шектiсiнiң балдарына да сауын айтып жiберiптi дейдi, — деп, ол қолын сiлтей сөйлеп, қайтадан
тостағанға жармасты.
— Ат шаптыратын шығар?
— Е, үйтпей, немене оның көзiне пәле көрiнiп пе? Нағыз ат жарыс осы жолы болғалы тұр. Аттарды
сонау Бармас құмынан Егiзқараға дейiн жiберетiн көрiнедi.
— Опырмай, ә?! Бұл... өзi... мүлдем қашық қой.
— Қашық болсын, пашық болсын, мәсәлә солай, — дедi Тиышбек желдей есе түсiп.
— Ендеше ана Нияздың Қаракөгiнiң шын сыналатын кезi келдi десей!