39
— Өй, сендердiң осыларың-ай, — деп, сол кезде Ере-жеп жорта қынжылыс бiлдiрдi. — Ау, бiз
деген түбiмiз бiр ағайын емеспiз бе? Бiрiмiздiң малымыз бiрiмiздiң қорамызда жүрсе, немене елдiктен
кетемiз бе? Әлде бiрi-мiздiң малымыз бiрiмiзге арам ба?
— Неге арам болсын, — дедi Тұрғали не дерiн бiлмей.
— Ендеше былай болсын. Менiң желiнi жер сызып сыздап жүрген қара ала сиырларым бар. Содан
керегiнше сауынға ал, — дедi Ережеп Тұрғалиды өзiне кiрiптар ғып қоюды көздеп.
— Алдыраз болсын, — дедi Тұрғали ендi жалпылға көше бастап.
— Өзi... көшi-қонға онша қол емес мал екен. Өзi жүрiп жайылғаннан гөрi тұрып жегендi жақсы
көредi. Оларға мынадай қамысы көп, қалың қопалық таптырмайды. Шөп шауып алсаңдар, сиыр қандай
ақбасқында да мыңқ етпейдi. Сүтi бұлақтай. Ойбай-ау, бұ деген тегiн жатқан олжа емес пе? Сен бар
ғой, былай ет. Ана өз қарауыңдағы кiсiлермен сөйлес. Сауынға мал алатын болсаңдар, ертең хабарын
бер.
— Мырза, жақсылығыңа алдыраз болсын. — Тұрғалидың шұбар жүзi жылмиып, бiр түрлi аянышты
кескiнге көштi. — Әрине, жерде жатқан тегiн нәсте жоқ. Сауын дегенмен... оның да төленетiн ақысы
бар шығар?
— Оның не ақысы болушы едi? Малдың басын аман сақтасаңдар болды‚ сол маған жетедi.
Сол екен‚ Тұрғалидың шұбар бетiне қайтадан қуаныш табы ойнап шыға келдi. Iшкi есебi бойынша‚
аузына тегiннен тегiн үсiп тұрған олжадан айрылып қалмауды ойлаған ол:
— Мырза, олай боп жатса, ағайын-туғанның талқысына сап жататын дәнеме де жоқ. Әйтеуiр,
малыңның басы бүтiн болса, жарамай ма? — деп, жауабын тез бердi.
— Ойбай‚ сол жарайды.
— Онда келiстiк.
— Жақсы. Бiзге iждемеде төлемей-ақ қойыңдар. Тек астық жағынан аздап қарассаңдар, жетедi, —
деп Ережеп көзiн сығырайтып, алдыңғы екi күрек тiсiн ақсита күлдi.
— Болсын, — дедi аңқау Тұрғали мұның әр жағында не жатқанына көз жiберiп жатпастан.
Тұрғалиды өзiнiң уысына оп-оңай түсiргенiне ырза боп, кеуiлденiп кеткен Ережеп қайтадан атына
мiнiп‚ жатақ Қаракесектердiң аулынан ұзап шыға бердi. Осы кезде егiстiкке қарай келе жатқан
Нарманға бұрылмай, оның тұсынан сыдыртып өте шықты. Содан қасындағы қарашысына рай бермей,
қалың қабағы салбырай ойға шомып, тартты да отырды. Мырзаның қай жағына шығып, жазып
қаларын бiлмеген атқосшылар үндеместен, оның соңынан ере бердi. Ережеп бiр-екi төбеден асқасын,
ат басын Елмырзаның ауылына қарай туралап алды. Ол бүгiн мына дау-дамай басталмас бұрын Хиуаға
жағып, ханның қызметiн шегiп жүрген, ел арасындағы ажары мен абыройы жаман емес төренiң
тамырын басып көрмек болған едi. Және де төменгi жақтағы ақ патшаның қызметiне кiрген
сұлтандармен астыртын қарым-қатынасы бар Елмырзадан сыр тартып көрмекшi. Қашанда шаруаның
алдын алатын Ережеп ертеңгi күнi Сыр өңiрiн бұрын-соңды жай-жапсары таныс емес ақ патша әскерi
кеп ораса, сол кезде орнайтын тiршiлiк бабы қалай болмақ деп те талай рет бас қатырған едi.
Ақырында ол Мiрәлiнi Хиуа жағына құлақ етiп қойып, өзi терiскейге көз тастап, айналасына сақ қарап
отырғанды мақұл көрген-дi. Ол кәзiрде де соның егжей-тегжейiн iштей сарап-тап келе жатып‚
ыңылдаған қалпы‚ жiтi жүрiп отырып‚ қырдың маса-сонасы аз от жерiн жайлап отырған Елмырза
ауылының дәл үстiнен кеп түстi. Сосын атын сары аяңға көшiрiп‚ ауылға кiргесiн‚ ол он шақты үйдiң
iшiндегi ең ажарлысы — алты қанат ақ отаудың қасына кеп, тiзгiн тартты да‚ атынан асықпай түсiп,
шылбырды атқосшыға ұстата сап, осы кезде үйден шыға-шыға келiсiп, өзiне қошемет көрсетiп жатқан
қызметшi жiгiттерге онша рай бермей, аяғын салмақпен басып iшке кiрдi.
Елмырза үйiнде екен. Алты қанат ақ үйдiң iргесiн тұргiзiп тастап, шәйi көрпеде шалқасынан
жатқан төре мұны көрiп, бойын тiктеп отырды. Ережеп төрге барып малдас құрғасын қысқаша аман-
саулық сұрасты. Әңгiме үстiнде ол төренiң көзiн ала бере жасаулы үй iшiне бiр-бiр қарап қойды. Сән-
салтанатты ұнататын Елмырзаның алты қанат ақ үйiнiң iшiнде‚ дөңгелектене тiгiлген керегелерге
түрiкпен кiлемдерi тұтылыпты. Керегенiң жоғарғыдағы аша тұяқты бiр басына iлiнген‚ жаңа туған ай
сияқты имектеле жасалған қынына неше түрлi зер салынған‚ испаһани қайқы қылыш салбырап тұр.
Одан берiректегi кереге басына қайыс бауынан iлiнген сирақты қара мылтық ала көлеңке үй iшiнде
сұстана көрiнедi. Соларға Елмырзаға бiлдiрмей бiр-бiр көз тастап шыққан ол ана бiр жолы төренiң
үйiнде Абылайдан қалған мылтық пен қылыш бар деген алыпқашты әңгiменi естiгенiн есiне түсiрiп
отырып‚ iшiнен: “Сол дәуде болса осы шығар”,— деп ойлап қойды да‚ кенет қашанғы паңдығына
басып, көзiн жоғары көтерiп‚ дым бiлмегендей кейiпке көшiп алды.
Сол арада Елмырза мұның бетiне күле қарап отырып:
— Ана Нұрғазыны... ақ патша алдап шақырып алыпты. Оны барған бойда тұтқындап, Орынбордың
өзiнде қалдырыпты. Оған айына жүз елу сом күмiс ақша төлейтiн бопты‚ — деп тосын бiр хабар айтты.
— Қойшы,— дедi Ережеп мына сөзге сенер-сенбесiн бiлмей.
— Өй‚ оның қоятын түгi де жоқ. Бәрi рас.
— Сен оны... қайдан есiттiң?
— Қайдан дерiң бар ма? — Елмырза қара бұжыр бетiне сәл-пәл жылу теуiп, қулана жымиып
қойды.— Сен өзiң бiлмеушi ме едiң? Мұндай сөз өмiрi жерде жатпайды ғой.
Мына қу төренiң Ырғыз жағындағы Қаратай сұлтанға үнемi арнайы астыртын кiсi жiберiп‚ үнемi
замана райын қадағалап отыратынын iштей сезетiн Ережеп оның бұл хабарды содан есiткенiне шәк
келтiрмедi. Сосын ол күдiгiн сездiргiсi келмей‚ бет жүзiне не аяғаны‚ не табалағаны белгiсiз бiр бiр
кескiндi зорлап шығарған ол жорта тамағын кенеп қойып:
— Сонда... үйтетiндей ақ патша оған не кiнә тағыпты? — дедi.
— Өй‚ ақ патшаның оған тағатын не кiнәсi болушы едi? Оған‚ асып кеткенде, керуенiмдi тонадың
деген шығар. Негiзгi гәп онда емес қой. — Елмырза қабағын шытты. — Менiң пәмлеуiмше‚ ақ