40
патшаның ойы әрiде жатқан сияқты. Өзiң ойлашы‚ ертең ол исi қазақты өз аузыма қаратам десе, оның
айтқанына Нұрғазыдай ел басшылары оп-оңай көне қоя ма? Сондықтан... осылайша алдын алып...
— Е, солай де. Сонда жұрт мақтап жүрген ақ патшаң сүйтiп жатса, басқалар не iстемейдi?
— Не iстесiн? Қашанда күштi кiсi алып та жығады, шалып та жығады деген бар емес пе?
— Е-е‚ бәрi де түсiнектi болды. — Ережеп көзiмен жерге төселген киiздiң бiр тұсына тесiле қарап‚
өз өзiнен ыңылдап, аз отырды да‚ төреге көзiнiң қиығын тастады. — Сонда ендi бiздiң не iстеуiмiз
керек?
— Ояғын... ойлану керек шығар. Кеше менiң Ырғыз жағына барып қайтқан атқосшым айтып келдi
мына Ырғыздың әр жағындағы Сасықкөлде ақ патша әскерi бекiнiс салып атыр деп.
— Апырай, ә? Сүйтiп табан тiрей отырып‚ дендеп ене келе, оның ертеңдерi бiзге де ауыз салуы
мүмкiн ғой.
— Е, ауыз салмай, сен кiмнiң шiкiрәсi едiң?
— Сонда өзi... Ондай ниеттiң бар екенiн көре-бiлiп тұрып‚ оның алдын алып‚ неге ашыла бастаған
ауыздың отыз екi тiсiн қағып ала қоймаймыз‚ а?
— Менiң де айтайын деп отқаным осы. Әшейiнде ауыл арасының шатағында шоқпар алып,
қоқиланып атқа қона қалатын батырларымыз кiсiге жол бермейдi. Ал мынадай аласаттың тұсында бәрi
де мышық боп кетедi. Неге соларға үкiт айтып, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармаймыз?
— Әрине, әрине. Ол аздық етсе, Хиуадағы ханыңа жеткiз деп‚ ана Дадабек сартқа да хабар беруге
болмайды ма?
— Өй, оны қой!.. — Елмырза қолын сiлтедi.— Өзi қойға шапқан қасқырдай боп қотан аңдығаннан
басқа iждеменi бiлмейдi. Одан да Тоғанақ батырмен сөйлескеннен дұрысы жоқ. Сосын ана Мамырайға
кiсi жiберсек...
Сол екен‚ Ережеп есiне Балқия түсiп, қабағын сәл-пәл шытты. Мынадай аласат сәтте iшкi
араздықты көлденең тартпау керектiгiн жақсы бiлсе де, iшiнде жатқан дық, ренiш қара ақылына бой
бермедi. Сосын кәнiгi машығымен онын сөзiн естiмеген тұр көрсете отырып‚ төренiң мына
бұлтағының астарына көзiн анық жеткiзе алмай, iшiнен iркiле түстi. Ақыры ертеңдерi бұл iстiң
жауапкершiлiгi сұрала қалатын жағдай туа қалса, бәрiн де әккiтөренiң мойнына арта салуды ойлаған
Ережеп оны iле кеткiсi кеп:
— Халықты үйтiп қозғайтын болсақ‚ алдымен... былай... алды-артымызды бақылап‚ алдымызды
көземелдеп, жөн сiлтеп отыратын бiр бас хан сайлау керек шығар. Осы... баяғыда өзiмiз хан көтерген
Батыр мен Нұрғазыдан кейiнгi жол сiздiкi емес пе? Ендi со жолмен‚ халықты шошытпай‚ әуелi сiздi
хан көтерiп алсақ, қалғаны өз өзiнен реттеле бермей ме? — дедi.
Көптен берi iштей хан болуды арман ететiнiн бiлетiн Ережепке мына сөздi естiген бойда
Елмырзаның қара бұжыр бетi ду ете қалғандай боп көрiндi. Сол екен‚ ол әккi төренiң көмейiнен
сыртқа шықпай тұрған iшкi ниетiн тап басқанын байқап, әлденеге райланып, мұртынан күлiп қойды.
— Сенiкi... ендi, былай... кеуiл жықпастық қой. Бұған өзi... қалың ел қалай қарайды екен? — дедi
Елмырза бiраз уақыттан соң.
— Ел оған қалай қарасын? Әгәрдә сiздi хан сайлаймыз деп жатсақ‚ оған бұл атырапта кiм қарсы
бола қояды? Iжкiм де. Дегенмен сақтанған да артық емес. Мына алты Әлiм жағын маған қоя берiңiз,
бәрiн де өзiм тастай қылам. Тек...— Ол жорта кiдiрiп, бiр түрлi боп отырған Елмырзаның жүзiне сынай
көз тастап қойды да.
— Не тек?
— Тегi сол‚ бiр ши шықса, ана Мамырай жақтан ғана шығады. Сонда дейiм-ау‚ сондай қырсық
шалды тiзгiндеп ұстайтын күш-қайрат ешкiмде жоқ, ә?
— Ол... iздесе табылады ғой.
— Әй, қайдам?
— Оның iж қайдамы жоқ.
— Онда бар ғой, Елеке, әуелi сiздi хан сайламас бұрын әлгi Мамырайдың белiн бiр сындырып алу
керек. Сосын оның жез бұйдалы наршадай жетектеген жағыңа елпектеп ермесiн көрiп аламыз. — Ол
ендi еркiн шешiлiп, болған жайдың бiрiн де қалдырмастан құлпыртып айтып шықты.
Оның айтқанын селқос тыңдаған Елмырза онша елiге қоймай‚ сөзiнiң соңын екi ұштылау қып:
— Жарайды, — дей салды.
Ережеп сұлтанның көре көзге былқылдап отырғанын ұнатпады. Сосын iшiнен‚ оны қайрап,
Мамырайға қарсы айдап салғаннан не өнедi, деп ойлады. Сөз жоқ, ертең жан алысып, жан берiсер
тұста мына түрiмен Елмырза төре мұның құсы көре көзге асқақтап шықпаса, бел шешiп‚ қолдай
қоймайды. Әңгiменiң арты сұйыла бастаса, iшiп-жемiн елден айырып отырған ол халық арасындағы
кәдiрiн кетiргiсi келмей, iшiн бермей, күздiң қара суық желi иген мысыққұйрықша даудың ыңғайына
қарай жығыла салады. Сонда бұл құлауыз боп шыға келедi. Соны күнi бұрын ойластырып қойған
Ережеп сол арада қабағын шытып:
— Елеке, осы мен сiзге айран-асырмын. Сонау аты шулы Шыңғыс ханның Жошысынан тараған
сұлтандардың ел билеуге келгенде хақысы бiрдей емес пе? Ендеше сiз неге қайдағы бiр қара сүйек
Қоңырат Мұхаммәд-Инаққа бой сұнасыз? Қара қашан хан болып едi? Оны айтпағанда‚ Хиуаның
алғашқы ханы боп Батырдың бел баласы Қайып сұлтан сайланған жоқ па едi? Сонда деймiн-ау, Сыр
өңiрiне қамал сап, бiр-бiр әскербасыдан қарауыл қойып отырған Хиуаның кiмдi басынғаны, а? Әлде
бiздiң ел басқарады деп, сiздей төрелерiмiз... өзi былай... қалай? — деп‚ сөзiнiң аяғын жұтып‚ күнi
бұрын әзiрлеп қойған бiр қияпатының шетiн шығарды.
— Оны... ендi,— дедi Елмырза мына сөздiң соңы қайда апарып соғатынын аңдай алмай.
— Сiз осы өлкеге хан болсаңыз, немене сонда елдiң ажары кемiп қала ма?