Стр. 42 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

41
— Е-е‚ неге? — дедi сол арада мына сөз жанына жағып кеткен Елмырза қаншама iшiнде жасырып
сақтанғанымен, абайсызда бiр қыртысын ашып алғанын байқамай да қап. — Үйтiп қалың жұрт хан
сайлап, ақ киiзге сап көтерiп жатса, ел билiгiн ұстамайтын несi бар?
— Мiне, сөз төресi,— деп Ережеп райлана күлiп қойып, қайтадан сабырлы қалпын тауып, даусын
соза сөйледi. Сосын оған кенеттен жымия қарап: — Бiрақ атам қазақ екi қошқардың басы бiр қазанға
сыймайды деушi едi ғой. Сiздiң қазақ жұртын ала қойша бөле қырқам дегенiңiзге ана Мұхаммәд-Инақ
хан...көне қояр ма екен? — дедi ол Елмырзаның әлi де хан еместiгiн ескерткендей “хан” деген сөзге
келгенде даусын үзiп‚ оны айрықша бiр леппен бөле айтып‚
Сол арада байқаусызда қармаққа оңбай түскенiн‚ мырзаның айтқанын қылмасаң‚ ертеңдерi-ақ
мына сөздiң Хиуа ханының құлағына неше түрлi боп құлпырып жететiнiн бiлген Елмырзаның түрi
сұп-сұр боп кеттi.
— Ол... ендi,—дедi ол кекештенiп,түрi өрт сөндiргеннен бетер қарауыта түсiп.
Төренiң онысын байқамағансыған Ережеп:
— Оны кезiнде көре жатамыз да, а? — деп, қулана жымиып, орнынан буындары күтiрлеп тұра
бердi. Сосын есiкке тақау барып‚ кенет төреге мойнын бұрып: — Елеке, уәде Алланың аты деген.
Мамырайдың машақатын ұмыта көрмеңiз, — дедi де, аяғын салмақтана басып‚ сыртқа шықты. Сосын
шамалыдан соң ол ауылына келе жатып, Елмырзаның әуелi аңқ ете қалғаны‚ iле-шала бұның айтқан
шаруасынан аяқ тарта бастағаны‚ оның жер соғып қалғанын аңлағаны есiне түсiп‚ iшiнен сылқ-сылқ
күле бердi де‚ iзiнше қолымен маңдайын сипап‚ төренiң онысына таңғалғандай болды. Сол арада ол
iшiнен: “Сұм төренiң мұнысы несі‚ а? Әлде ол қулығымды аңдап қалды ма? Сонда қай жерден ши
шығарып алдым?” — дедi. Өзi көлденеңiнен сырттай қарап көрiп едi‚ бәрi де дұрыс сияқты. Ең
бастысы, Сыр бойына жолай бермей, Қыр жақты жайлап‚ ақ патшаның қызметiн шегiп жүрген төренi‚
қалай десең де‚ Хиуа ханына iшi бұрады-ау деп бiр пiкiр түйiп жүрген Ережеп ендi Елмырзаның оны
iшi онша алмайтынын бiлiп алды. Ертеңдерi қазақ даласын ақ патша шындап басып ала бастаса,
мұндай кiсiлердiң соның жағына жалт етiп шыға келуi боқтан да оңай. Оған дейiн әккi төре қазақтың
билерi мен батырларының ауыздары қисайған жағын қоштағансып‚ өз билiгiнен қол үзбей‚ екi жеп
биге шығып отыра бермекшi. Тек замана райы өзгерiп‚ ақ патша қалың әскерiмен зеңбiрiгiн сүйретiп
кеп, қазақ даласына пұшпақтап кесiп ап‚ өз ықпалын орнатқанда‚ мұндайлар мал бағып‚ биқам жатқан
жұрттан әбден қорлық көрiп бiткен кiсiше мүләйiмсiп‚ жаңа әкiм-қараның шашбауын көтерiсiп шыға
кеп‚ тағы да ел билiгiн ұстауды ойлайды. Ал Хиуа бектерi мұндай былқылдақтықты жарата бермейдi.
Ел-мырзаның сыр алдырмау жағын көздеп, Дадабекке онша көп жуи бермейтiнi сондықтан болды. Сол
арада: “Ал, ендi өзiм со кездерi не iстемекпiн? — деген сұрақ оның бiр бүйiрiне найзаша қадалды. —
Шынында да, менiң не iстеуiм керек? Ертеңдерi... мына орыстардың Сыр бойына ұлы селше
ақтарылатын түрi бар. Оған бөгет болатындай Хиуаның шамасы бар ма? Әй, қайдам. Одан да о
пәледен өз руымды аман-есен сақтап қала алсам, сол маған жарамай ма? Қашанда шын азамат әуелi өз
басын, өз котанын сақтауды ойламай ма? Әлде...”
Ол астына темiртiкен төсегендей қозғалақтап қойды.
12
Ертеңiне Мiрәлiнiң ауылында аяқ жетер жердегi би, батыр, ақсақал, қарасақалдардың төрт көзi
түгел жиналды. Бұл жолы даулы жиынға сыйлы қарт Құлқа батыр да‚ даудың бiр ұшы өзiне кеп
тiрелетiн болғасын сонау Қарақ жақтағы жайлауынан Тоғанақ та келiптi. Барлығы Әлiм-Шөменнiң
қандай дауын да бiрге қарайтын Аспан Әйбек би мен Төртқара Үмбет бидiң айналасына жайғасыпты.
Тамақ iшiп, бата қылған сол, төбе би Әйбек қарт ақ кiрпiгiн қағып-қағып қойып, Ережепке қарады:
— Ал, кәне, арзаңды айта бер.
Бидiң дауды бiрден өзiне тiреп бастағанын ұнатпаған Ережеп сәл-пәл ыңғайсызданып қалды. Бұл
кешелерi қулық iстеп, даудың бетiн Мiрәлiге ауыстырып‚ билердi соның ауылына түсiрген болатын.
Ендi Әйбек бидiң сөздi бiрден бұған бергенi. “Қанша жасырғаныңмен көмейiң белгiлi. Даудың бас
жоқшысы өзiңсiң”, — дегенi едi. Ендi шегiнетiн жер қалмағасын‚ Ережеп аз-кем ойланып алып‚ ақыры
батылданып:
— Ау, ағайын! — дедi даусын қаттырақ шығара сөйлеп.— Кеше ғана төрт көздерiң түгел
қатынасып, өлген ағамның асын өз қолдарыңмен өткерiстiңдер. Сондағы кесiктi өздерiң бiлесiңдер.
Қашаннан белгiлi, жесiр деген әмеңгерiнiң мұрасы. Қалың малы төленген қатын қай кезде де‚ қазақтың
ескi заңы бойынша, ерден кетсе, де елден кетiп көрген емес. Ендi бiз мынадай сорақылықтың қуәсi боп
отырмыз. Бұл — өзi арғы-бергi заманда дiн мұсылманда болып көрмеген жағдай. Ана... Балқияның
әмеңгерi мына отырған ағам Мiрәлi деп анада да айтқанмын, кәзiрде де айтам. Жеңгенiң қайнысын
менсiнбеуi деген өмiрi болып көрмеген нәсте. Мiне, осындай келiспеушiлiктi пайдаланып, ата жолы
мен ақ шариғат жолын бұзып, Мамырай жесiрiмдi тартып алып отыр. Ау, тартып алмай немене, қатын
өз аяғымен келдi деп ала салу... Өзi қалай болады? — Ол әдейi тоқтап, жұрт бетiне жағалай бiр-бiр көз
тастап еттi. Сосын өзiне жылы шырай бiлдiре бастаған рулас кiсiлердi көрiп, iшi жылып, қайтадан
арлай жөнелдi. — Өздерiң бiлесiңдер, аталарымыз қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа деген.
Шынында да, қатын не ойлап қарық қылады? Соны жақсы бiлетiн Мамырайдың менiң жеңгем атқа
мiне сап, ауылына қашып барды екен деп, бас-көз жоқ ала салғаны шын ағайыншылыққа жата қояр ма
екен? Ау, ол дос болса, әуелi бiзге хабар салмай ма? Мән-жайды дұрыстап, түсiндiрiп айтпай ма? Оның
орнына Мамырай менi табалағандай, жесiрiмдi үн-түнсiз ала салды. Оу, ағайын, менiңше бұл достың
әрекетi емес, жау кiсiнiң iсi. Бұдан ел арасына әрекет, iрiткi кiруi ықтимал. Мен соның алдын алып, қан
төгiс болмасын деп, Әлiм, Шөменнiң қос арыс биiн шақырып отырмын. Ал, ендi бұған не дейсiңдер?
Кезек Мамырайға келдi. Ол асықпай: