42
— Ағайын,— дедi дауысы сәл-пәл қарлыға шығып, — мына Ережептiң айтып отырған сөзi өте
дұрыс. Тек ара-тұра жiберiп алған кәлетi бар. Жаңағы айтқан сөзiңдi мен де еп көрем, — деп, ол
Ережепке қарай ауырлау бұрылып қарады. — Рас, жесiрге әмеңгерi — қожа. Бiрақ ата-баба үрдiсi
бойынша таңдауды алдымен жесiрдiң өзiне салмаушы ма едi? Егер жесiрдi қайнылары алмай жатса,
онда оны бiр жақын-жуығына некелемеушi ме едi? Кешелерi Балқия өзiңдi таңдадым дегенде, ат-
тоныңды ала қашқан өзiң емес пе едiң? Ендi жеңгең маған ат басын әдейi тiреп кеп, алсаң — тием,
алмасаң — Қарақалпақ асам дегесiн‚ жалпы елдiң әбiрейiн ойлап, әруақты үстiмнен асырмағаным рас.
Бұл арада басыбайлы жесiрiңе еге бола алмаған өзiң кiнәлiсiң.
— Оны Мiрәлi алатын боп ұйғарылған едi ғой, — дедi Ережеп сол арада сөз қыстырып.
— Ол — ендi ағайынды екеуiңнiң iстейтiн шаруаларың. — Мамырай даусын қатайтып, еңсесiн
көтере түстi. — Мен жесiрлерiңдi тентектiк iстеп, отбастарыңнан тартып әкетiп отырған жоқпын.
Оның келген өз аяғы, ендеше кететiн де өз аяғы.
— Жоқ, сiз неге бiзге хабар салмай, бас-көзге қарамай ала саласыз? — дедi Ереже iлетiн бiр тұс
осы ғой деп ойлап.
— Ау, оған қатын көнiп отыр ма? Алмасаң, кетем деп тепсiнiп тұр. Саған шабар жiберiп жатсам‚
оның қарақалпақ асуы мүмкiн. Сосын сен қараалақтың қай мырзасымен дауласып жатасың? Онан да
қатынды ұстап қалудың туры жолы оны ала салу ғана болды. Оның үстiне... байтал ыңғай берiп жатса,
бас бұйдасын үзбейтiн айғырды қайдан көрдiң?
Жұрт ақырын мырс-мырс күлiстi. Ережеп тiлiне табан астында ұтырлы сөз орала қоймай,
козғалақтап қалды. Төртқара Үмбет би сақалын жәйiмен тарамдап, үнсiз отыр. Әйбек би көзiмен жер
шұқып, шөге түскен. Ережеп ендi бiр қапысын таппаса, даудан жеңiлетiнiн бiлдi де‚ тез есiн жиып‚
басын тiк көтерiп ап:
— Оу, ағайын! — дедi. — Жарайды, қызды кiм айтпай-ды, қымызды кiм iшпейдi деген ата-
бабамыздың сөзiнiң бұ да бiр растығы шығар. Азар болса Әлiм ағасының бiр жесiрiне Шөмен iнiсi
шөге салды дейiк. Бiрақ бар мәселе осында ғана ма? Ау, сендер мұның арты неге соғарын
ойладыңыздар ма? Жарайды, мен бұған көнейiн. Сонда ертеңгi күнiмiз не болады? Бүгiн бiр жесiр
мойнындағы бұйдасын үзiп қашып жатса, ертең барша төмен етектi соның жолын қумай ма? Бұл
сүйтiп алты алашқа жаман үлгi боп тарап кетсе, кәйтемiз? — Ол отырған жұрттың назарын өзiне
аударып алғанын байқап, ендi еркiнсiп, көсiле сөйледi. — Үйткен күнде аяқтың басқа шығып кетуi
боқтан да оңай. Сонда бiздiң ат белiне мiнiп, ел арасының дуалы сөзiн ұстағанымыз қайсы? Мен, мiне,
осыны ойлап, мұндай сорақылыққа дер кезiнде тыйым салу керектiгiн айтып отырмын. Болмаса...—
Ол әдейi кiдiрдi, — менiн ағам Өтәлi жайлаған‚ ақыры оған да опа бермеген кең жайлауды...
Мамырайға қимай отқан түгiм де жоқ.
Жұрт қозғалақтасып қап, мырс-мырс күлiп алысты. Сол арада iнiсiнiң тауып сөйлегенiне ырза боп
кеткен‚ Ережептiң жанында отырған Мiрәлi күректей қолымен оның тақымын басып-басып қойды.
Соны елдiң қоштағаны ғой деп ұққан Ережеп сөзiн әрi қарай жалғастырмақ боп‚ аузын аша берiп едi‚
төбе би қолын көтердi:
— Сөзiңнiң тоқ етерiн айт.
— Сөзiмнiң тоқ етерi — Мамырай кiнәлi. Ол жесiрiмдi қайтарып, ат-тон айыбын төлесiн.
Сол арада:
— Мен неге кiнәлiмiн? — деп Мамырай мына жақтан саңқ ете түстi. — Мен ешкiмдi түн жамылып
барып, отауынан алып қашқан жоқпын. Жеңгең маған өз аяғымен адам ғой деп келдi. Әгәр айуаннан
аң қашса...
— Тоқтаңдар! — дедi Әйбек би Мамырайдың қызың-қырап бара жатқанын көрiп. Сосын ол
Төртқара Үмбет биге бұрылды. — Сен қалай ойлайсың?
— Бұ йерде қашқын қатынды ауылының үстiнен асырмай, Мамырай азаматшылық жасаған
көрiнедi, — дедi Үмбет би толғанып отырып. — Дегенмен әйәлдi алмас бұрын әмеңгерiне бiр хабарын
жеткiзу керек едi. Қайта ол қоңсы отырған ағайынның әбiрейi төгiлгенiне қуанғандай, асығыстық
жасай салыпты. Бұ жағынан алғанда‚ Мамырайдың кiнәсi бар. Ал‚ екiншi жағынан алғанда‚ басыбайлы
жесiрiне еге болмай, бар шаруа бiтiп кеткенде қожамсынып шыққан Ережептiң де айыбы бар.
Менiңше, осы арада негiзгi кiнә қатынның өзiнде жатыр. Даудың шешiлер түйiнi де сонда.
Сол екен:
— Мiне, дұрыс сөз,— деп‚ қараүй iшiнде отырған жұрт гу ете түстi.
— Бiр ұрғашы үшiн ел арасы бүлiнбесiн!
— Ендеше ана әйәлды шақырыңдар,— дедi Әйбек би есiк жақта отырған қызметшi жiгiттерге
қарап.
Екi қызметшi жiгiт орындарынан лып етiп түрегелiп, сыртқа қарай ата жөнелдi. Олар аздан кейiн
көршi үйде отырған Балқияны iшке алып кiрдi. Әйбек би төменгi жаққа тiзе бүгiп жатқан Балқияға
тiкiрейе қарап:
— Қарағым, пошымыңа қарасам, кеуiлi алып-ұшып тұрған жас бала емессiң. Бiрақ мына бiр
әрекетiңнiң сырына түсiне алмай отырым. Шырағым, өзiң жақсы бiлмейтiн бе едiң, ежелден осы
қазақтың түбiне жетiп келе жатқан мал мен жесiр екенiн? Бүгiнгi күнi әмеңгерiңнен қашып кетiп, екi
елдiң арасына от тастап отсың. Ендi мына тола жұрттың көзiнше түсiндiрiп айтшы, неге Мiрәлiге
тимедiң? — дедi.
Еркек пiшiндес Балқия қара торы жүзiне аздап қызғылт қан шауып, сәл-пәл iркiлдi. Сосын төбе
биге бiр қырын қарап отырған қалпын бұзбастан:
— Ағасының көзi тiрiсiнде маған қайны боп жарытпаған сарыкөсiк ендi басыма тура құрық түскен
күнi бай болып не жарытады? Сосын қаштым, — дедi.
Ережеп қап-қара боп кеттi. Ендi Балқияның нағыз бет жыртысуға көшкенiн байқап, бiр демде жүзiн
билеп ала қойды.