43
— Ағайын-ау, — дедi сол кезде Балқия екiқолын екi жаққа жайып, жан-жағына жалбарына қарап,
— малым бар екен деп талай мәгәс аққу құстың төсiн арамдап, айдын көлдi ылайытып жүрген жоқ па?
Сонда осы да әдiлет пе? Кеуiлiм қаламаса, мен мына жаманға қалай тием? Малға сатып алғанымен,
мен мал емеспiн қой?
— Өшiр үнiндi!.. Мал бергесiн әйәлдiң малдан несi артық? — деп Ережеп сол арада шыдамай,
ақырып жiбердi.
Сол екен‚ жүзiнен жаңағы бiр әзiрдегi жалбарыныш iзi зымзия жоғалып‚ түтiгiп кеткен‚ қара көзi
әр жағынан есемелей құйылып жатқан ашудан түнгi отша жарқырай түскен Балқия қайнысына жеп
жiберетiндей боп ызалана қарады:
— Е, солай де! Мал берiп қатын алған мәгәстың сонда со малдан айырмасы қайсы? Ендеше мен
қатын басыммен мал болсам, онда еркек басымен мал берiп, әйәл алған ана ағаңның да мал болғаны
ғой?
— Қысқарт! — дедi Ережеп қалшылдап. Дем арасында оның қолы жанында жатқан төрт өрмелi
қамшысына барып та қалды. Бiрақ ол мына жерде бiлек күшiнен әбiрей таппасын бiлiп, басына шапқан
әзәзiл ойдан шұғыл арылды. Сосын сен бiрдеме десейшi дегендей боп ол екi бидiң жанында төбедей
боп отырған Елмырзаға жалтақтап қарады.
Ережептiң ниетiн сезiп, қозғалақтап қалған Елмырза тамағын кенеп, Әйбек биге қарап:
— Оу, ақсақалдар, қазақ арасында дау туғанда, төре тұқымы әлiге дейiн сырт қалып көрген жоқ
емес пе? Осы арада сол ата-бабадан қалған мирас жорамды арқаланып, менiң де тiлiм қышып отыр,—
дедi.
— Өт-те дұрыс!
— Сұлтан сөйлесiн!
— Оған не сөз бар,— деп жалпылдақ кiсiлер жампаңдасты да қалды.
— Оу, ағайын, — дедi Елмырза даусын көтере сөйлеп,— менiңше‚ мына Ережеп мырзаның дау
қууының еш сөкеттiгi жоқ. Басыбайлы жесiрi жiгiттiң әбiрейiн төгiп, жатқа асып жатса‚ онда оның дау
қуғанының не айыбы бар? Мұндай жағдайды бұрынғылар қалай шешушi едi өзi? — деп‚ ол жұртқа
жағалай қарап шықты. — Дәл осындай дау, жаңғыз бұл емес, бұрында да талай рет болған. Дана
кiсiлер мұның шешiмiн де айтып кеткен. Жәнә дә ресiм бойынша, әмеңгерi бас тартса, жесiр қалаған
қайнысына тиедi. Менiңше‚ Балқияның да сүйткенi жөн. Әгәр дә Балқия Мiрәлiнi менсiнбесе, онда
ноқтаға толық деген ана Ережепке тисiн. — Ол Ережепке ақырын бұрылды. — Ережеп, жеңгең өзiңдi
қалап отқанда, сенiң одан бас тартатын ретiң жоқ.
Кеше өзi қу тақырға отырғызып кеткен сұлтанды мынадай қысылтаяң тұста төтеннен тосын жол
тауып кетедi-ау деп ойламаған‚ ендi бар шаруаны өзiне тiреп сөйлеген Елмырзаның ертеңгi күнi бұл
өкпе айтып жатса: “Мен кәйт дейсiң? Жесiрiңдi алмаған өзiң кiнәлiсiң”, — деп‚ бар кiнәнi бұған аудара
сап, бұлт етiп шыға келетiн iштей сезген Ережеп аңтарылып қалды. Сол екен‚ ит-жыны тырысқан
Ережеп ашу үстiнде:
— Мен айтарымды баяғыда айтқанмын, ағам Мiрәлi алам деп отқанда, ата жолын аттап әруаққа
шет болатын жағдайым жоқ. Балқия тиетiн болса, кәзiр шешiмiн айт-сын! Болмаса, — деп‚ ендi қалың
жұртқа көрсете қамшысын оң қолымен сығымдай ұстап, бiр тiзерлеп, сәл көтерiле түсiп отырды.
Соны көрiп‚ бiр-бiрiне қарауға батпай‚ көздерiн төмен салып жiберiп, ұшынып кеткелi тұрған
даудың соңының қайда апарып соқтыратынын бiлмеген жұрт тым-тырыс бола қалды. Сәлден кейiн
олардың ауыр-ауыр демалғандары‚ босаға жақта тұрған қара сабаға жапырлай кеп қонып жатқан қара
шыбындардың тынымсыз ыңыздағандары‚ терiскейдегi түрулi тұрған iргеде көлеңкелеп жатқан көпек
иттiң ырс-ырс еткенi анық естiлдi. Үй iшiнде қолайсыз бiр тиыштық орнады.
Сәнден кейiн сол тиыштықты Әйбек би бұзып:
— Ағайын, — дедi қолын жоғары қарай сәл көтере түсiп‚ — ағайын, аптықпайық. Сабамызға
түсейiк. Мұндай қызбалықпен дауды дұрыс шеше алмаймыз. Осы төбелес пен таяқ жүрген жерде
қашан әдiлет болып едi? Ондайда артық-кем нәрсе көп болып жатушы едi ғой. Жалпы осы қазақтың
сойылдан тапқан пайдасы қайсы? Бiз осы бiр-бiрiмiздi аз сабадық па, бiр-бiрiмiзге аз жала жаптық па?
Арылайық, ағайын бұл пәледен! Сабыр, сабыр! — Ол сарта жүгiнiп отырды.— Ал, ағайың мына
даудың жай-жапсарына қандыңдар. Мен ендi сендердi бiтiссiн, мәмiлеге, бiтуажаға келсе екен деп
билiк айтам! — Ол Балқияға көз киығын тастады:— Келiн, ашығын айт‚ сен мына Мiрәлiге тиесiң бе?
— Жоқ,— дедi Балқия жұлып алғандай қып.
— Ережеп, сен жесiрiңдi аласың ба?
— Мен бе? — Ережеп сәл ойланып қалды. Есiне Ақкербез түстi. — Жоқ, оны Мiрәлi алады.
— Мiрәлi, сен жесiрiңдi аласың ба?
— Алам, — дедi Мiрәлi даусы қарлыға шығып.
— Ендеше былай, — дедi Әйбек би даусын көтере, нықтай сөйлеп. — Ережеп, сен жеңгеннен бас
тартып отсың, ал жеңгең Мiрәлiден бас тартып отыр. Сүйтiп екеуiң бұл жағынан теңестiңдер. Әрине,
ата жолы бойынша, жесiр байдан бас тарта алмайды, бiрақ мынадай жерде ырзашылық болмаса жәнә
болмайды. Сен, Ережеп, жесiрiм кеттi деп корлансаң, жеңгем басым кемидi деп қорланады. Ендеше
Балқияны өзiң ал, болмаса, басына бостандық бер.
Әйбектiң сөзiн естiмегендей қалып көрсеткен Ережеп сол арада қашанғы дағдысына бағып,
сазарып‚ жүзiн сырт салып, ертең билiктi өз ырзашылығынсыз шығарды деп айту үшiн үндемедi.
— Үндемегенiң — жеңiлгенiң. — Әйбек би жұртқа жағалай қарады. — Оу, ағайын, қоңсылас
жатқан Әлiм, Шөмен деген ел едiк. Сол ынтықмақты бұзып‚ бүгiнгi күнi бiр қатынға бола бүлiнбейiк.
Балқия өз қалағанына тисiн. Алған жақ Ережепке жесiрiнiң өзiне келгенiн хабарламағаны үшiн айып
төлесiн. Кәне, осыған пәте қылайық! — деп, ол көрi арық қолын жоғары көтере бердi.
Ырза боп кеткен жұрт ендi еңселерiн көтерiсiп:
— Мiне, әдәләт!