44
— Турасы осы!
— Көне, пәте қылайық! — десiп қолдарын жая бердi.
Ел беттерiн қолдарымен сипай бергенде, Ережеп көтерiле түсiп, қаттырақ сөйлеп:
— Уа, әдiләтты би! Мына билiгiңе ырзамын! — дедi. — Жарайды, бiр қатын Әлiмнен кетiп,
Шөменге барса, жеңге мен қайнының жарасқанындай болар. Тiптен қайнысы жеңгесiн алып қашса да,
iнiлiгiн арқаланатын шығар.
Сол екен:
— Өй, бәрекелде!
— Тусаң ту!— деп, ырза боп кеткен жұрт арқа-жарқа болды да қалды.
— Негiзгi гәп кәзiр мүлдем мұнда емес қой, — деп, Ережеп ойындағы дiттеген шаруасына қарай
елдiң ықыласын майысқақ бiр тәсiлмен бұра бердi. — Бүгiнгi сөз Қызыл мен Қырды ен жайлап жатқан
Әлiм, Шөменнiң тегiс аманшылығын ойлап айтылуға тиiс. Бiрақ бiз ала ауызбыз. Сәл нәстеге бола
басымыз пiспейдi. Соның кесiрiнен Хиуа ханына тәуелдi болдық. Ендi ойдағы ақ патша орам алып
келе атыр. Естуiмше, мына Ырғыз жағына оның әскерi бекiнiс салыпты. Бұл деген ертең осы жерге де
мықтап аяқ салам деген сөз ғой. Менiң ойымша, ертең бармақ тiстемес үшiн әлгi бекiнiстi қол жиып
барып, күл-талқанын шығарғаннан дұрысы жоқ. Ол қолға басшы етiп хат танитын, көзi қарақты мына
Жәнiбектi сайласақ кәйтедi? Кәне, ақсақалдар, осыған пәте қыламыз ба? — Ережеп тоқтап‚ iште
отырған әлеуметке қарады. Мұның iшкi есебi бойынша, бұдан түк те өнбейдi. Алда-жалда ел бәтуаласа
қалса, ертең өзiмен билiкке таласады-ау деген Жәнiбектi бiр шатаққа анық араластырып жiберiп, жауға
қарсы айдап салады. Ертеңгi күнi ол әбiрей ала қалса, қол басқаруға ұсынған өзi боп шыға кеп,
Жәнiбектiң оң қабағына iлiгедi. Сонда Хиуа ханы да бұған онша терiс қарай қоймайды. Ал, бәрi
қырсыққа шауып, ақ патшаның ықпалы артса, Жәнiбектiң күнi қараң. Ондай атты күн туса, бұл судан
таза, сүттен ақ боп шыға кеп, ағайынның шатағы көп шаруасына көлденеңнен көз тастап, салулы төсек
салқын үйде мырс-мырс күлiп жатып алады. Тек мұны басқа кiсi сезбесiн де. Сол арада бағанадан берi
өрттей қаулап, әркiмнiң ығына жапырылыса бiр жығылып отырған кiсiлердiң дем арасында томсара
қалған жүздерiне сынай көз тастап қойған Ережеп олардың құбылғыш жүздерiн көрiп, iшiнен сылқ-
сылқ күлдi.
Мұны естiген бойда қараүй iшiнде отырған кiсiлер самсоз бола қап‚ не дерлерiн бiлмей, бастарын
iштерiне тартып, бұйыға түстi. Әсiресе‚ қол жинаудың бар салмағы өздерiне түсетiнiн бiлген семiз
байлар‚ әлден-ақ салдары суға кетiп, қабақтары салбырап, қараптан қарап тұнжырай бастады. Сол
арада бiр теке сақал бай қасында ырқылдап отырған қаба сақал, месқарын байды саусағымен нұқып
қап:
— Осы... қолға жарамды ат керек емес пе? Кәзiр мына шыбын-шiркейдiң қаптап өрiп жүрген
кезiнде коңды малды қайдан таба қоясың? — деп мiңгiр ете түстi.
Сол екен:
— Ойбай, айтпа... — деп қашуға дайын отырған анау да зар илеп қоя бердi. — Биылғы жыл бiзге
әбден сор болды. Жер қуаң, жаңбыр аз. Менiң азын-аулақ малым шетiнен сүйектерi ыржаңдап, ырсиып
тұр.
— Ондай малды сойып жеу де қиын. Жиылған қолға iшiп-жемдi о малдан қалай бересiң? — деп
үшiншi бiр жалпақ қара кiсi әлгi екеуге қосыла кеттi.
Соны күтiп отырғандай қалған жұрт та жан-жақтан жамырасып жатыр:
— Шынында да, биыл малдың жайы қиын боп тұр.
— Соғысқа тiрсегi мықты ат керек. Кәзiр оны қайдан табасың?
— Ырғыз деген де бiр ит өлген жер.
— Одан Сырға жетем дегенше, шарық киген әскер әлi бiр талай жыл жүредi. Оған дейiн, кiм
бiлiптi, замана райы өзгерiп те кетер?
— Әй, Ережеп, сол ақ патшаң бiзге осы не iстей кояды, а?
— Ол... азар болса, салық салар.
— Бүйтiп бас көтеретiндей... басшы болатын ханымыз да жоқ.
Ережеп сол арада ұтырлы жерге жеткенiн бiлiп, бiрден шап ете қалды.
— Ойбай-ау, сол ханды осы бiз неге таппаймыз, а? Оны iздесек, табамыз ғой. Тек менiң бiр
корқатыным, бұрынғы кездерi хан-сұлтандардын iргесi берiк болушы едi. Кiм көрiнген түсiн
жылытып, келе қойшы дегенге, екi етегi далақтап, бала құсап шаба бермеушi едi. Кәзiргiлердiң қол-
аяқтары тым жеңiлейiп кеткен сықылды. Олар жел қайдан соқса, соның ығын алар қаңбақша домалай
жөнеледi. Болмаса шақырды екен деп‚ Нұрғазы-ның кәртейгенде ақ патшаның алдағанына сенiп,
абақтыға қамалатын не жөнi бар едi? Осы қазақта не көп, төре көп. Аспанға лақтырған таяғың
солардың бiрiне кеп тиiп жатады. Менiңше, солардың ноқтаға толықтау деген бiреуiн басшы ғып, хан
сайласақ, немене бiздiң бәсiмiз кемiп қала ма?
Дағдарған жұрт не дерiн бiлмей, бiр-бiрiне қарасты:
— Ояғы... өзi...
— Бұрын-соңды үйтiп көрмегесiн...
— Хан болам деп... өзi жұлқынып шығып тұрмағасын... мiне мынауы лайқат деп айтудың өзi де
қиын.
— Сонда бiр көздегенiң бар болса, өзiң айта қойшы, — дедi әңгiменiң мәнтi қашып бара жатқанын
аңдаған Әйбек би Ережепке жақтырмай қарап.
Жұртқа сырын онша бере қоймайтын Ережеп сабырын шашпастан, сәл жымиып:
—Үйтiп... менiң мынау көздегенiм, мынау қалыс қалдырғаным дейтiн дәнемем де жоқ. Өздерiңе
белгiлi, мына отырған Елмырза төренi хан сайласақ, ол кiмнен кем? — дедi.
— Ендi.. ол... ыһым, ыһым...