46
— Жоға, о не дегенiңiз, тақсыр? Жарлығыңызды орындамаймын деп жүрген мен жоқ. Бiрақ... өзiңiз
ойлаңыз... Оған мына қазақтар көне қояр ма екен?
— Е, неге көнбейдi?
— Ендi... былай... көнуi қиындау. Сосын, тақсыр, мұның арты қиын боп кетуi мүмкiн. Ел қозғалса,
ылаңгерлiк басталып...
* * *
Дадабек ойланып қалды. Оның есiне өткенде Хиуада болғаны түстi. Мұхаммәд-Инақтың
сарайында сейiлдеп жүрiп, ханның һәуiзiнде шомылып, сақ-сақ күлiп жүрген неше түрлi сұқсырларды
көрген. Әсiресе, фарсы, үндi, қытай арулары аса сұлу екен. Соған әуейiлене қарап тұрып, затында
нәпсiқүмар бұ да неше түрлi тәттi қиялға шомған. Қайтар сапарында Бұхара жағына қиястай соғып,
момын қышлақтарды тонап, өзбектiң он шақты сұлу қызын кәнизәктыққа әкеткен едi. Бүгiн түнде он
төрт жасар Гүлчехраға ықыласы құлаған. Қара шашын қырық бұрым етiп талдап өрген жас қыздың
күн шалмаған екi бетi пiскен шабдалыдай уылжып тұр екен. Аялы көзi от шашады. Албыраған еттi
ерiндерi күмарлығының үстiне май күя түседi. Дадабек өзiне не болып, не қойғанын бiлмедi... Ендi
сондай тоятқа ынтық нәпсiсiне тиырым сала алмай, ол ендi қазақтарға көз аларта бастаған-ды. Тiптен
ханның өзiне айрықша ескерткен жағдайын да жадынан қағыс қалдырды. Мұхаммәд-Инақ ақ патша
орам алып келе жатқанда, ертеңгi күнi шебiне жау кiргiзбес үшiн қазақтарды бауырға тарта түсу жағын
қатаң тапсырған едi. Бiрақ Дадабек оны өзiнше түсiндi. Бұхара әмiрi Насрулла мен Қоқан ханы Хұдаяр
Ұратөбе үшiн көптен берi қырық пышақ боп, әбден әлсiреуге қарады. Мұның ойынша, Мұхаммәд-
Инақ Қоқанның Ақмешiт төңiрегiндегi жерiн өзiне қаратып алмақшы. Сосын... ол мұның ит өлген
жерде не iстеп, не қойып жатқанын қайдан бiледi?
Тек оны қатты абыржытқан жай — орыстардың Ырғыздың бойына бекiнiс салғаны едi. Ертең Хиуа
мен ақ патша қожалыққа таласып, соғыса қалса, жауға қарсы алғаш баратын мұның нақ өзi. Кейiнгi
кездерi сол күдiгi расқа шығып келе жатқандай. Жақында Хиуа мен Бұхарада ақ патшаның саудагер
боп жүрген бiр топ жансызы ұсталыпты. Олардың мал-мүлкiн үптеп, өздерiн құлдыққа сатып
жiберiптi. Соның бәрiн ойлай келе, Дадабек өткенде шабарман жiберiп, Мұхаммәд-Инаққа өз
байламын айтқан. Қазақтарды оққағар етiп ұстап, Ырғыз бекiнiсiн талғандауға көтеру керек. Ендi кәзiр
Мiрәлiнiң қара сұр жүзiне, шәпеш тұлғасына қарап, бiр түрлi күлкiсi келдi. “Осы ма жау
қиратарымыз?”
* * *
Дадабек бiр сәтте бойын тiктеп, байсалды қалпын қайта тауып, Мiрәлiге:
— Iргелерiңе патша қолы келiп жатыр. Олар бiр қоныс тепсе, бойларыңнан бар шырыңды сығып
алмай, мына даладан тiрiде кете қояр ма екен? Сендер сояғын ойладыңдар ма осы? — дедi.
— Ойладық, тақсыр, — дедi Мiрәлi иiле түсiп. — Өткен жолы iнiм Ережеп со жайында би,
батырларға айтқан да едi. Бiрақ қазақтар елiге қоймады.
— Бұл жаман, — дедi де, Дадабек мұны көзiне iлместен iлгерi қарай мамырлап жүрiп кеттi.
Соңынан елпектеп ерiп келе жатқан бұған қайырылар түрi жоқ. — Сендер өз ара қырқысып жатқанда,
ақ патша бар жерiңдi орап та алады. — Ол кенет тоқтап, бұған бұрылды. — Оны iстеп те тастаған жоқ
па? Ана Жайық пен Арқадағы уәләйаттарында...
— Неге? Ол жерлер, заң бойынша, қазақтiкi,— дедi Мiрәлi дыбдырлай сөйлеп.
— Заң? — Дадабек мырс ете қалды. — Күштi кiсi сенiң заңыңды нақылсын? Iс жүзiнде о жерлердi
емiп жатқан ақ патша.
— Сонда, тақсыр, бiздiң не iстегенiмiз жөн?
— Қазаққа, жалпы мұсылман жұртына, терiскейден ақтарылған ақ патшаның селiнен қорғану үшiн
бiр-ақ жол бар ол — Хиуаның ұлы ханы Мұхаммәд-Инақтың төңiрегiне тығыз топтасып жиналу.
Сосын барып, исi мұсылман жұрты дiнсiз кәпiрлерге қарсы пайғамбардың жасыл туының астында
бiрiгiп, ғазауат соғысын бастау керек. — Дадабек сен не дейсiң дегендей бұның жүзiне барлай қарады.
Мұны күтпеген Мiрәлi сасып қалды. Кекештене:
— Әлбәттә, әлбәттә, — дедi басын изеп.
— Соны қазақларға нимәгә түшiндiрмейсiңдер?
— Ойбай, тақсыр, бiздiң айтуымыздан кемдiк жоқ, — деп Мiрәлi зар илеп қоя бердi. — Қай
қазақпен сөйлессең де, осыны айтып, жол таптырмайды. Ал, былай шыға бере... өз руының сойылын
соғып кетедi. Оларды қой,— деп ол бұл өмiрiнде қазақтардан кеуiлi қалып болған кiсiше қолын бiр
сiлтедi.
— Неге?
— Тақсыр-ау, мұның не негесi бар? Руының қамын жемесе, бұ қазақтың iшкен асы бойына
тарамайды. Бiреуi атқа мiнсе болды, қайдағы онан қашқан, мұнан қашқандарын би сайлап, көтерiп
жатады. Сосын... Бұл елде қайдан әдiлет болсын? — Мiрәлi жымия қарады. Iш жағынан лып ете қалған
тосын сұрақты тез арада тапап тұншықтырып тастады. Сонда да бiр күдiк жанын мазалай бердi: “Ау,
осы өзiм де сондай емеспiн бе?”
— Е, солай де, — қазақтардың көзi тая бере бiр-бiрiн жамандай жөнелетiн әдетiне қанық Дадабек
бұған қарап, зәрлене жымиды. — Ал ендi қызды қашан әкелесiң?
— Оны... ендi... Былай...
— Байқа, жарлықты орындамасаң, басыңды алам, — дедi Дадабек түсiн суытып.
Мiрәлi Дадабектiң қара сұр жүзiне әрi шошына, әрi таңғала қарады. Жаңағы қорқынышты сөздi
алманы сабағынан үзiп алам дегендей бетi бүлк етпестен айта салғанына қайран қалды. Көзiн