Стр. 48 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

47
жыпылықтатып жiберiп, қайта қарап едi, мұның мүсәпiр халын әжуалағандай Дадабек өткiр
жанарында әлдеқандай қуақы ұшқын жылтырап, зәрлене жымиып тұр екен.
— Иә, басыңды алам, — дедi ол тағы да нықтай айтып.
— Тақсыр, — дедi Мiрәлi тiлi күрметiлiп. — Үйтсем... қазақтар менi құртады ғой.
— Неге?
— Ау, былай...
— Дәнеме де етпейдi, — дедi Дадабек қолын сiлтеп. — Қорықсаң, қызды әкел де, қамалда бол.
Мiрәлi не дерiн бiлмедi. Дадабектiң бүлк етпеген түрiне қарап: “Мынаған бас ала салу қарбызды
сабағынан бырт еткiзiп үзе салғанмен бiрдей шығар”, — деп ойлады. Қорыққанынан екi тiзесi суық
шалғандай қалтырап қоя бердi:
— Дегенмен... тақсыр, қыз табу қиын ғой...
— Онда... өз қызыңды әкел.
Мiрәлi не дерiн бiлмедi. Дадабектiң кiсi өлтiргендей сұп-суық түрiне тiктеп қарай алмай, iшiнен
қатты қорланды.
Сол арада олардың жанына бiр кiсi келдi. Мiрәлi оның жүзiне жапақтап қарап едi, келген кiсi
Мұхаммәд-Инақтың бас уәзiрi Ядгарбек екен. Ол Дадабектей емес, түсi жылы. Басына ұқыппен ораған
шалмасы, күтiлiп күзелген сақал-мұрты, тап-таза желең шапаны Ядгарбектiң денi таза кiсi екенiнен
хабар бергендей. Ол күлiмсiреген қалпы оң қолын кеудесiне қойып, сәл бас иiп амандасты. Сол екен
бағанадан берi кекiрейiп тұрған Дадабек көре көзге иiлiп-бүгiлiп, жалпылдады да қалды.
— Бұл мырза кiм болды? — дедi Ядгарбек күлiмсiреп.
— Тақсыр, бұл кiсi ұлы ханымыздың сахрадағы ең сенiмдi кiсiлерiнiң бiрi Мiрәлi сардар, — дедi
Дадабек басын иiп.
— Яхши, яхши, — деп, Ядгарбек ендi бiр сәт Мiрәлiнiң жүзiне анықтап қарады. Жылы сәуле
шашқан көздерi нұрлы екен. — Ал, халықтың ахуалы нешiк?
— Шүкiршiлiк, — дедi Мiрәлi абдырап. Хиуа бектерiнен мұндай iлтипатты өмiрi көрмеген ол
сасқанынан бас уәзiрден екi көзiн айырмай, бақырайды да қалды.
— Қазақ бауырлар Аллатағала мәртебесiн үстем етiп жаратқан нұр сипатты ұлы ханымыз
Мұхаммәд-Инаққа адал қызмет етуден қажыған жоқ па?
— О не дегенiңiз, тақсыр? — деп Мiрәлi шошып кеттi. “Мынау менi сынағалы тұр-ау!»Сосын
iштей тез-тез ойлап, дыбдыр-дыбдыр еттi: — Қайта исi қазақ ұлы ханның қызметiн шегуге өте асық. —
Сол сәт оның есiне Дадабектiң жаңағы айтқан суық сөзi сарт ете қап, қатты ыңғайсызданып, добалдай
қолымен шапанының өңiрiн жөндей бердi.
Ядгарбек жүзi сәл-пәл салқын тартып, тыржиыңқырап тұрып, сол танауымен мырс ете түстi де:
— Онда... өткен жылы қазақтар Құртөбедегi қамалымызды неге қиратып кеттi? — дедi.
Мiрәлi аузына сөз түспей, сасып қалды. Бас уәзiрдiң өзiне сынай қарап тұрғанын байқап, одан
жаман қысылды. Тез арада маңдайына бұрқ етiп суық тер шыға келдi. Сасқанынан апалақтап:
— Тақсыр.. оны бұзған.. бiз емес. Ел iшiнде телi-тентек дейтiн көп емес пе? Олар кейде бiздiң де
айтқанымызға көнбейдi. Ол қамалды бұзған.. ана Тоғанақ батыр мен Елдес дейтiн кiсi. Елдес —
Жәнiбектiң немере ағасы, — деп Мiрәлi көмек сұрағандай Дадабекке жалтақтап, бiр-екi рет қарап
қойды.
— Ә, солай ма? Оны маған кезiнде неге айтпадың? Мен олардың терiсiн тiрiдей сыпыртатын едiм
ғой, — дедi Дадабек тiкiрейiп.
— Тақсыр... ендi...
— Сонда олар қамалды неге бұзған? — дедi Ядгарбек ол қолымен Дадабекке қоя тұр дегендей
ишарат етiп.
Мiрәлi әбден абдырады. Мына бас уәзiрге Хиуа бектерiнiң Сыр бойында жасап жүрген зорлық-
зомбылығын Дадабектiң көзiнше бiрiн қалдырмай айтуға батылы жетпедi. “Кiм бiледi, былай айнала
бере... Көзiн құрта сал дер”, — деп азырақ ойланып тұрды да, жасқаншақтап, Ядгарбектiң жүзiне тура
қарай алмады. Құртөбе қамалының сол кездегi бастығы Уәйiс-Нияздын қазақтарға iстемеген
қиянатының жоқтығы, соған қарсы Шөмекейлердiң былтыр қалың қол жиып, қамалды қоршап
шапқаны, бектiң шаққа дегенде қашып құтылғаны, ендi мынау Дадабектiң қойныма қазақтан әкеп қыз
әкеп сал деп дiкеңдеп тұрғаны жөнiнде қаншама айтсам ба деп тiлi ұшында қылп-қылп етсе де, бiр
сенбестiк алдын орап, оның қолын тұсай бердi.
Ядгарбек мұның халын түсiнгендей, жылы күлiмсiреп:
— Олар әлде Қоқан мен Хиуа билiгiне риза емес пе? Болмаса бектер сiздерге шектен тыс зәбiр-
жапа көрсеттi ме? — деп сұрады.
Мiрәлi бiр сәт бар шындықты айтсам ба деп ойға шомды. Бiрақ дәл қасында түйiлiп тұрған
Дадабектен қаймықты. Бұл ертең Хиуаға кетедi. Сосын Дадабектен қорлықты бұл көредi. Анадағың не
деп, ол бас бұйдасы өзiне тигесiн, мұның iзiне шырақ алып түсiп бермей ме? Сен сонда кiмге барып
шағым айтасың? Мына уәзiрге ме? Үйтердей... қарға қарғаның көзiн шұқи қояр ма? Одан да,
тиыштығым жақсы.
— Жоға, тақсыр,— дедi Мiрәлi тез-тез сөйлеп, — қайта қазақтар Хиуа ханының билiгiне дән риза.
Әсiресе, ұлы мәртебелi Дадабек бекке деген ықылас-ниетi мүлдем бөлек.
Сырты жалған сөздi ести-ести құлағы сарсылса керек, Ядгарбектiң жүзi қайтадан салқын тартты.
Ендi бұған көз салмастан, алма бақтың терiскейiне қарап тұрып:
— Мына йақта исi мұсылман қауымының күштi дұшпаны бар екенiн бiлесiздер ме? — деп сұрады.
— Бiлгенде қандай. Әлбәттә, бiлемiз, — дедi Мiрәлi хиуалықтармен араласқалы бермен үйренген
жаңғыз ауыз өзбекшесiн қосып.
— Олардың ертең мына жайлап, қыстап отқан жерлерiңдi тартып алуы мүмкiн ғой. Соның
сезесiңдер ме?