5
— Иә, кiм-кiмге де бiр сын болатын мезгiл жақындаған сықылды, — дедi Жәнiбек әлдеқандай ауыр
ойдан арыла алмай. — Баяғыда топан су қаптағанда Нуһы пайғамбардың кемесiне iлiге алмаған бiр
кемпiр алақандай жерде жан сақтаған дейдi. Сыр өңiрi де сондай тулақша, жат елдiң аттарының
тұяқтары таптамай, тусырап жатушы едi. Ұлы сел ақтарылғанда су шаймай, аман қалар ма екен,
қалмас па екен? Аңлағандарға нағыз сын осы-ау, — деп, Жәнiбек ұнжырғасы түсiп, көзiмен жер
шұқып отырып қалды.
Оған Тиышбек, Қасқырбай, Қалдыбай, Айжамалдар аңтарыла қарады.
2
Күн түске тарта қатты ысыды. Теңгедей де бiр бұлты жоқ көк аспаннан шақырая қараған күн Қуаң
бойына бар ыстығын аямай төгiп, айналаны қапырық қып жiбердi. Үй iшiнен күйген киiздiң құрым исi
шықты. Айжамал қараүйдiң көлеңкесiн паналап, тiлi салақтап, бүйiрiн соғып жатқан төрт көз иттi әрi
қуып жiберiп, арқанынан тартып, түндiктi жапты. Сосын ол қараүйдiң терiскейге қараған iргесiне
тұтылған киiздi биiктеу етiп түрiп едi, ала көлеңке қараүй iшiне жаңа ауа кiрiп, тыныс кеңiп сала
бергендей болды.
Осы кезде жастыққа қисайып жатқан Жәнiбектiң әлденеге енжар тартып, әңгiмеге ықыласы соқпай
қойғанын аңлаған Тиышбек астынан су шыққандай қыбыжықтай бастады да, киiз қалпағын киiп,
қамшысын қолына алып:
— Бұл үйден iшерiмiздi iштiк, жерiмiздi жедiк. Қой, кетейiк, — деп, буын-буыны күтiрлей,
орнынан түрегеле берi. Ешкiм өзiне үндей қоймағасын, ол шығып бара жатып, бағанадан берi тiлiнiң
ұшында қылп-қылп етiп тұрған соңғы жаңалығын айтқысы кеп, есiк алдына жете бере екi ойлы боп
тоқтады. Оны айтуға шадыр Қалдыбайдан қаймығып, сақтық ойлап, сыртқа шығып барып, iшке басын
керi сұғып тұрып: — Сендер... осы тағы да бiр сұмдықты есiттiңдер ме? — дедi.
— О не?— Қалдыбай ыржиды.
— Не болсын, ана Дадабек сарт қазақтан кеуiлдестiкке қыз ала бастапты. Күнде бөрте жүнi
қырқылмаған бағлан қозы әкеп, бiр қызды қойнына салып тұруға ана Мiрәлiнiң мойнына артыпты.
— Қойшы?! Рас па?!
— Рас, рас!
— Әй, сарттың мынау қай қорлығы? Сен, суқит, осы өтiрiк айтып тұрған жоқсың ба? — деп,
Қалдыбай орнынан түрегеле бастады.
— Өзiң өтiрiкшi, өзiң суқит, өзiң судырақ! Сенбесең, қой. Оның шын екенiн ана ай мен күндей
қалыңдығыңнан айрылғаныңда барып бiр-ақ бiлесiң! Сен сүйтiп саныңды бiр-ақ соғасың! — деп,
Тиышбек жабықтан басын тартып ала қойды.
Мына тосын хабардан шошыған Жәнiбек басын көпшiктен қалай көтерiп алғанын бiлмей да қалды.
Ол өз құлағына өзi сенбегендей боп тұрып, қасындағы жiгiттерге аңтарыла қарады:
— Әлгi бәтуасыз не деп кеттi? Сенейiн бе, сенбейiн бе?
— Жалған шығар,— дедi Қасқырбай маңдайына шып-шып етiп шыға келген тердi сүлгiмен сүртiп
жатып.
— Бұ берекесiздi қой, түймедей нәстенi түйедей ғып, гөйiте бередi. Үйтiп... мұсылман емес пе,
көзiне қара көрiнiп пе? — дедi Қалдыбай көпшiкке қисая берiп.
Жәнiбек мына хабарға қанша сенгiсi келмесе де, мұның түбiнде әлдеқандай бiр шындықтың
жатқанын сездi. Бұл Бұхарадағы медiреседе оқып жүргенiнде, шәкiрт өзбек, тәжiк жiгiттерiнен Хиуа,
Қоқан хандарының өз сарайларында әліге дейiн кәнизәк ұстайтынын естiген. Талай рет Бұхара әмiрiнiң
биiк дарбазалы сарайының жанынан өткенде, мелшиген қабырғалардың ар жағынан салқын сулы
һәуiзде шомылып жүрген сұлуларды ойша көргендей болатын. Мына хабар да Қаразым хандарының
сол үрдiсiне сай келедi. Ендi соны Сыр бойында ұстанам деп, Дадабек сарт отбасы мен қызының
абырайын қызғыштай қоритын қалың елдi өзiне жау қып алмай ма? Былтыр Хиуа бегi Уәйiс Нияз
аңламай iс етем деп, қазақтардан мықтап таяқ жеген жоқ па? Осының өзi бiлген кiсiге сабақ емес пе?
Соны неге Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақ ойламайды? Терiскейден төнiп келе жатқан ақ патшаның
арандай ашылған шеңгелiне өз жерiн бермеймiн десе, алдымен осы Сыр бойындағы қалың елдiң
кеуілiн аулап, ертең басына күн туғанда, оны жақтасы етiп алмай ма?
Жәнiбектiң басы қатты. Өзi былтырдан берi Бұхарадан елге оралып, Шөмекей тайпасына қарасты
Аспан руының тiзгiнiн ұстағалы көп нәрсенi анығырақ бiлгендей болды. Кәзiр көшiп-қонып, берекесiз
тiрлiк кешiп жүрген қазақтардың құба қалмақтан қуаттырақ дұшпан кездессе, онша қайрат көрсете
алмайтынына көзi жеткен. Әрi ойлап, берi ойлап, елдiң өз ноқтасын өзiне ұстатудың бiр амалы Хиуа,
Бұхара, Қоқанмен бiрлесу деп бiлген. Сол ой мұны көптен берi мазалап жүрген. Ендi мына Уәйiс
Нияздың астам қылығы сол жақсы ниетiн харап қылғандай болды. Ең қиыны — қасындағы жiгiттердiң
бұған ау-тауық күле мысқылдай қарап қоятыны. Жолай сол жанына қатты батты. Оған қоса осы күнi
өз абызындағы жұрт мұны: “Медреседе оқимын деп, сарт боп кетiптi”, — деп сықақтап күлiп жүр.
Оған себеп те бар едi. Жәнiбек өзбек жұртының бинеткештiгiне ырза боп, елге келгесiн диқаншылық
кәсiбiн қолдап, жалпақ жұртқа үкiт таратқан. Жатақ Қаракесек Тұрғалиды үлгi етiп ұсынған. Соны
естiген кiсiлер: “Қой, қарағым, атқа мiнiп, қымыз iшiп, сайран салып қалған қазақ сарт боп, жер
шұқып, там салып, тас үйде отыра алмас”, — деп қарқ-қарқ күлген. Соған ерегiскен бұл биыл
Қызылдан Қырға әдейi көшпей қалған-ды. Ұсақ малды тырқыратып қуалай бермей, жәйiмен аударыла
көше отырып, оның отын алдыруды көздеген. Және де биыл жатақ, балықшы Жақайым,
Қаракесектердiң бiр топ кiсiсiн жалдап, Сыр мен Қуаң бойындағы қалың қамысты шапқызып жатыр.
Өмiрi шөп шауып, қора салып көрмеген елге мұның бәрi де әбес. Ең ағаты былтыр Жәнiбектiң
өзбектерге елiктеп, Жаман Шығанақтың ойына қыстайтын там салдырғаны болды. Қыстай қараүйлерiн