49
сойылмен басын жаруы мүмкiн ғой. Ол қатты дағдарды. Ұзақ жолда басына неше түрлi ой түсiп, әр
нәрсенi бiр ойлап келе жатып, тақымы тала бастады. Оның үстiне қарны ашты. Дариядан өтiсiмен, көп
ойланып жатпастан, Нарман аулына келдi. Қошқар түмсық, iрi сүйектi Нарман қараүйiнiң iшiнде
қамшы өрiп отыр екен. Мұны көрiп, iсiн тастай сап:
— А, құдамысың? Кел, кел. Кәне, төрлет, — деп жылы шырай бiлдiрiп, орнынан тұрып кеп
амандасты. Өзiне не iстейiн деп қараған кемпiрiне иегiн қағып қап, қазан көтер деген ыңғай бiлдiрдi.
Мiрәлi кеуiлденiп кетiп, төрге малдас құрып отырып:
— Құда, қалай, мал-жан аман ба? — дедi де тiлiн тiстей қойды. Есiне қызын бермей жүргенi сап
етiп түсе қалды.
— Құдайға шүкiршiлiк, — дедi Нарман салқын ғана.— Қолдан мал кеткесiн, бұрынғыдай дәурен
жоқ, мына жатақ Қаракесектердiң ығын ап, жүрiп жатырмыз.
— Е, дегендей, — дедi Мiрәлi сөздi әрi қарай ұзартқысы келмей.
Нарман сөзiн әрi қарай сабақтады:
— Қолдағы азын-аулақ жандықты көздiң қарашығындай сақтап отырмыз. Құда, бiр мал жейтiн
орның бар едi. Кәзiр төлдiң жас кезi ғой. Соны ойлап, қыстан қалған сүрдiң соңын қатын қазанға салып
жатқан шығар.
— Ойбай-ау одан артық не керек. Сүр деген... былай жақсы ғой, — Мiрәлi қулана күлдi.
— Кеуiлiме қарап айтып отқан шығарсың. Болмаса жас малдың етiне не жетедi?
— Бiзге со да болады ғой. Құдай қосқан құда емеспiз бе, бiр-бiрiмiздi сынап кәйтемiз.
— Әрине. — Нарман сәл күрсiндi. — Құда, өзiң бiлесiң, Қалмырзамыз ер жеттi. Кәзiр шаруаға
шындап қарады. Сал-серiлiк малдың барында екен. Кешегi ақсирақ жұртта қылқұйрық қалмағасын,
өлмес күнiн көру үшiн бәндә сорлы не iстемейдi? Бiз де сүйтiп атырмыз. Бұрын бай едiк, ендi диқан
болдық. Биыл баламыз бiрнеше қарық қауын-қарбыз ектi.
— Дұр-р-е-е-ес, — дедi Мiрәлi әлден аяғын тарта бастап. Ол осы әңгiменiң соңы келiнiмдi қашан
қолыма бересiң дегенге тiрелетiнiн аңдаған да едi.
— Бұрынғылар қашқан құт жаңа түскен ырысты келiнмен бiрге табалдырықтан аттайды деушi едi.
— Дұр-р-рес, — дедi Мiрәлi тағы да.
— Биыл баламызды қолымызға алсақ па деген ойымыз да жоқ емес.
— Оны... ендi... әй, Нарман, жаңа бұрынғының сөзiн айттың. Ал сол бұрынғылардың сабыр түбi
сары алтын дегенiн бiлесiң бе?
— Бiлгенде қандай. Бiрақ сол сары алтын сары жезге айналуға шақ қап тұр.
— Өй, өзiң қызық екенсiң ғой, — деп, Мiрәлi қулана күлдi. — Алтын мен жез қашан айқұшақ
қабысып едi? Жездiң жөнi бұқары күманның тесiлген жерiн жамау ғана емес пе?
Осы кезде iшке қолына жез құман ұстап, Ағлес кiрдi. Шешесiне тартқан, етi тiрi, сымпылдаған қыз
екен. Мiрәлi қолын жуып жатып, осы бала мен Ниязды әуейi екен деген алып қашпа қаңқу сөздi ана
бiр жолы қонып отырған жерiнен естiген-дi. Нияздың Ағлеске ен салам дегенiне Сағынайдың қарсы
боп, әлге дейiн құда түсу жағын кейiнге қалдырып, былқ-сылқ етiп жүргенiне әбден қанған. Сол арада
осы жай есiне сап етiп түсе қап, қолын мыс леген үстiне сәл-пәл сiлкiп, кейiн тарта бердi де, iшiнен:
“Кiсiнi құдай тас төбесiнен қос қолдап ұрайын десе, ол алдындағы малы мен оң жақта отырған қызына
еге бола алмайды. Сүйтiп отырып, менiмен құда болмақ. Өйдөйт, шiркiн!»— деп тыжырына отырып,
сүлгiмен аузын сүрттi.
Дәм үстiнде сәлем берiп, Қалмырза келдi. Ол әкесi сықылды сүйегi арбиған, қараша жiгiт едi. Оның
кетпен ұстаған қолы салалана iрейiп, терiсi түрпiленiп, жарылып кетiптi. Үстi-басы балшық-балшық ол
етiгiн есiк жаққа шешiп, қолын жуып, Мiрәлiнiң төменгi жағына кеп жайғасты. Еркiн отырысына
қарағанда, бай әкесiнiң кешегi әдiрә қалған дәулетiнiң желiнен әлi арыла қоймаған сияқты. Үрт
мiнездi, батыл жiгiт екенi аңғарылады.
Мiрәлi күйеу баласының желiдегi жылқысы шұрқырап жатқандай еркiн отырыс-тұрысын
жақтырмай қалды. Қашанғы қияңқылығына басып, оны кекетiп:
— Бала, осы қазақ оңбайтын бала ит көсiк қазады деушi ме едi? Малдан опа таппағасын сен немене
өзгенiң кәсiбiн қыла бастағансың ба? — деп мырс-мырс күлдi.
Әзiржауап Қалмырза еттi турап жатып:
— Басыңа күн туғанда қайырылып келуге жарамайтын қайырсыз туыс, қатыгез құда-құдағайға
қарағанда, құдайдың қара жерi жомарт қой дедiм. Тақырға су, қайырға ну бiтерiн жаңа бiлдiм, — дедi
бұдан айылын жимастан көтерiле сөйлеп.
Мiрәлi мына қазақы жiгiт мұндай сөз айта қояр деп ойламап та едi. Оның дем арасында ит мiнезi
ұстап, қыржиды да қалды. Бiрақ қомағайлығына басып, осы кезде алдына келген еттен қол тарта
алмады. Оған етке күлше қылып салынған жүгерiнiң күрмегi таңсық едi.
— Апырмай, мына бiр оңды дәм екен, — дедi ол сөз бетiн басқа жаққа қарай аударғысы кеп.
— Ата, жеп алыңыз, — дедi Қалмырза сол арада осқырына күлiп. — Мұның оңды екенi сонша,
қоңыңызға қоң қосады.
Нарман басқа жерде баласын үйден қуып шығар едi. Мына жерде Қалмырзаның әдепсiздiгi
қышыған жерiне тиiп, шыдай алмай, мырс ете қалды. Өмiрi: “Маған шыр жұқпайды”, — деп, жылай
беретiн Мiрәлiге бiрде Сағынай: “Оу, саған неге шыр жұқсын жылап iшiп, шыңғырып т...п отырған”,
— дептi. Сол сөз ел iшiне тез тарап, кiм көрiнген Мiрәлiнi сыртынан келеке қылатын. Қалмырза да
мына сөзiн соған тiреп айтқан-ды.
Мiрәлi сөз астарын түсiнiп, дем арасында торсаң ете түстi. Ас та қайырмастан, орнынан атып тұра
кеп, жаюлы дастарханнан аттап жүре бердi. Сол арада төбедей боп отырған Нарман:
— Әй, жаман! Кеудеңдi iсiрiп жүрген ана алдыңдағы мыңғырған малың шығар! Бiрақ мал
бiткеннiң бәрi адам емес! Малдығыңды көрсетiп, неге пiрлi дастарханнан аттайсың? Қайт кейiн! — деп
саңқ ете қалды.