50
— Мә, саған қайтқан! Мә, саған қыз! — деп, Мiрәлi табалдырықтан аттай бере, Нарманға қолын
шығарып көрсеттi.
Нарман қолына қамшысын ұстай атып тұра келдi. Бiр шатақтың боларын анық бiлген Қалмырза тез
барып әкесiнiң қолынан ұстай алды:
— Көке, Дадабектiң байлаулы баспағына сөз шығындап, қол көтерiп кәйтесiң? Мұның басында не
билiк бар? — деп өзi дереу жалт бұрылып, сыртқа атып шыға кеп, атына мiнiп жатқан Мiрәлiнiң
шаужайына жармасты. — Ата, ана өтпей отқан қызыңды өз қолыңмен қашан әкеп бересiң?
Мiрәлi қап-қара боп кеттi. Иегi кемсеңдеп, аузына сөз түспей, жылайтын балаша бiр түрлi боп аз
тұрды. Сосын барып ес жиып:
— Өй, атаңнын аузын!.. М-м-ен саған көрсет-е-ем! — деп, атын қамшымен тартып жiбердi де, жын
ұрғандай бор-байлап шаба жөнелдi.
Ол жолшыбай қатты қорланды. Iшiнен Нарман мен Қалмырзаны ата-баба, зәузатынан дым
қалдырмай боқтады. Осыдан он жыл бұрын әкесi Келман жұтқа ұшырағанда, iргесi шайқалмаған
Нарманмен құда боп, қалың малды көптеп ап, бар шаруасын қалпына келтiргенiн ұмытып: “Сенi ме,
тұра қал! Әлi көкеңдi көзiңе көрсетермiн! Ана әлпештеген қызың Дадабектiң қойнынан бiр-ақ
шыққанда барып, сендермен сөйлесермiн!” — деп кiжiндi.
14
Шәки бүгiн күндегi дағдысына бағып, ерте оянды. Кешегi барымтадан соң Ережеп әлдеқандай iш
есеппен мұны ұзатып ешқайда жұмсай қоймаған. Көсе бойында жасырылған жылқыға кеше басқа
жiгiттi жiбердi. “Онысы несi?»— дедi бұл iштей. Сол ой мазалап, түнiмен жөндеп ұйықтай алмады.
Торғай шырылдағанда-ақ, бұл аяғына мiнiп кеттi. Бiр тостаған салқын айранды басына көтере сап,
өзiне бiрдеңе сұрағысы келгендей кескiнмен қараған Дарханға ештеңе деместен, сыртқа шығып,
мырзаның үйiне келдi.
Ережеп әлi тұра қоймаған екен. Алты қанат ақ үйдiң маңында малай қатындар саба пiсiп, шай
қайнатып, асып-сасып жүр.
Осы кезде iштен аяғын санап басып, Ережептiң қара торы бәйбiшесi шықты. Мұны көрiп, берген
сәлемiне ернiн жыбырлатты да қойды.
— Бәйбiше, мырза, оянды ма? — дедi Шәки қысылып-қымтырыла.
— Оны нағыласың? — дедi бәйбiше бұған астам қарап тұрып.
— Азғантай шаруам бар едi.
— Шаруаң болса, шәйден кейiн кел. — Бәйбiше мұны көзiне де iлместен, әрi бұрыла бердi де: —
Осы жұрт ерiге ме? Жұрт әлi оразасын ашпай жатып...— деп күңк ете түстi.
Шәки ызаланып, аз-кем тұрып қалды. Терiс қарап кетiп бара жатқан бәйбiшенiң соңынан атып
жiберердей боп қадалды. Бiрақ именшектеп қалған дағдысымен ашуын ақылына тез жеңдiрiп,
басындағы бөркiн дұрыстап кидi де, әрi бұрылды. Аяғын нықтап басып, малай қатындар зыр жүгiрiп
жүрген ошақ жаққа беттедi. Iшiнен: “Шынында да, менiкi ретсiз-ау”, — деп әдетiнше ойлай бердi де,
кенет басына тосын ой түсiп, сәл-пәл кiдiрдi. “Ау, менiң бар жазығым, оның малына мал қосқаным ба?
Одан басқа мырза менен не зиян көрдi?”— деген бiр базына үстемдiк ап, кешеден берi кеуiлiнде
жиналып жатқан ренiштi ұлғайтып-ақ жiбердi.
Мұның қоңырайған түрiн көрiп, жақын жеңгелерi қылжақтап жатыр:
— Әй, саған не көрiндi сонша жүнiң жығылып?
— Қасқа-ау, мал табам деп әбден ұнжырғаң түсiп кетiптi ғой.
— Соншама жүнжiп, сенiкi бұ не қайғы?
— Әлде келiн... Бiз де бiрдеменi бiлемiз, ондай-ондай үндеместер...
— Өй, кетшi әрi! — дедi артық-ауыз сөзге онша жүйрiк емес Шәки бiр бүйенауыз, қылжақбас
жеңгесiне қарай қолын сiлтеп.
— Оның қоятын несi бар? — деп әлгi бүйенауыз жеңге сөзден тыйыла қоймады. — Айлап-жылдап
жолға шығып кетесiң. Әлi ыстық-суығы басылмаған жас неме...
— Ойбай, салдақы, аузыңа күм, — деп екiншi қатын әлгiнiң санын шымшып алды.
Бүйенауыз жеңге аузын аша бере, жым бола қалды.
Iштен Ережеп мамырлап шығып келедi екен. Түнгi қалың ұйқының iзi қабағынан әлi де арыла
қоймай, болбыраған ақ сары бетiн көнектей етiп тұр. Май көмген кiшкене көздерi онан әрман жұмыла
түскен. Ол бұған енжар көз тастады.
Шәкидiң күткен сәтi де осы едi. Ол батылданып:
— Ассалаумақалайкүм! — деп, аяғын тез басып кеп, қос қолын ұсынды.
— Уәғалайкүмассалам!
Шәки iштей қуанып қалды. Жастайынан мырзаның қас-қабағын бағып өскен бұл тәртiбi қатты
туысының әр сөзi мен басар қадамы оның түпкi ниетiнен хабар бе-ретiнiн бес саусағындай бiлетiн.
Жайшылықта берген сә-лемiне салқын ғана: “Әлiксалам”, — дей салатынын ұмытып, осы жолы ол
ауызын толтырып, райлана айтты.
— Батыр, хал қалай? — дедi Ережеп кiшкене көздерi қуақылана жылтырап.
— Жаман емес.
— Былай... өзiң... келiн бала,— деп Ережеп ырқ-ырқ күлдi.
— Өй, аға,— деп Шәки де қысыла күлдi.
— Ендi ол өзi... былай дұрыс қой. Сағынып қалған шығар, ә?
Шәки қып-қызыл боп кеттi. Соны көрiп Ережеп қарқылдап күлдi: