Стр. 53 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

52
Күн арқан бойы көтерiлмей жатып, ауыл үстiн ақ тозаңға көмiп, Мiрәлi бастаған жүз қаралы жiгiт
жетiп те келдi. Үзеңгiге сұққан аяқтарына сүйретiп алған бiр-бiр қайың сойылдары бар.
Кейбiреулерiнiң қолдарына ұстаған қыл шашақты найзаларының болат ұштары күн сәулесiне
шағылысып, кәр шаша жылт-жылт етедi. Соларды көрiп, ат белiне қонғанда ұстай қояр делебесi қозып,
Шәки лезде әруақтанып кеттi. Жолдан жырылып қалуға Ережептен қаймығып, бiрақ iштей қолайсыз
бiр сапарға аттанып бара жатқанын сезiп, өзiне жаны аши корқа қараған Дарханға көзiн тура салмады.
Тұғжыңдап, атымен бола бердi. Есiк пен төрдей алқа бел шұбар ат тұяғы қозып, екi көзi от шашып,
әлден бiр орнында тұра алмай, бiр бүйiрлеп кете бередi. Шәки белiн бекем буып, атына қарғып мiндi
де, Дарханға көз салмаста тебiнiп қалды. Шұбар ат ала жөнелдi.
Олар ауылдан шығысымен, Сырға қарай бет қойды. Елiрген аттардың пәтiн тiзгiн тарта тежеп,
текiректеп, суыт жүрiп келедi. Мұндайға тақыс болған Шәки қолды бөгде көз шалып қалмасын деп,
қайдағы ойпат, жырақаналармен жүргiзiп отырып, жатақ Қаракесектер аулының дәл өкпе тұсынан кеп
шығарды. Шәки осы арада жiгiттердi аттарынан түсiрiп, төс айылдарын мықтап тартқызып алдырды.
Дәл осы кезде қапталдағы қара жалдың арғы бетiнен бiр салт атты қылт ете қалды. Көзi қырағы Шәки
салған жерден Нияздың Қаракөгiн жазбай таныды. Қуғанмен жете алмасын бiлiп, әулекiленген бiр-екi
жiгiттi тыйып тастады. Нияз төбе басына жете бере тiзгiн тартып, бұлар жаққа ер үстiнен созылып
қарап тұрды да, кенет ат басын бұрып ап, ойға қарай зымырап шаба жөнелдi.
— Қап, мынау ит айтын қоятын болды-ау!
— Қуайық!
— Кәне, кеттiк!
Жiгiттер аттарына жаппай жапырласа мiнiп-мiнiп алысты. Сосын қамшы салысып, терең сайдан
шыға-шыға кеп, жан-жақтан андыздай шапты. Қол алдына Шәки жұлындай боп үзiлiп шығып, күйғып
келедi. Басқа жiгiттер де ер қасына жабыса түсiп, ұран тастап, бұдан қалысар емес. Кейбiр
шыдамсыздары әлден-ақ ұзын сойылдарын зәрлене көтерiп алған. Топ-топ түскен ат тұяғынан
күркiреп салған ұраннан жер құлағы тұнып қалған. Ала жаздай нәр тамбаған қатқыл жер тақтайша
дүңк-дүңк етедi. Қатқылдық бiткен соң, бiрыңғай майда топырақты жазық басталды. Ат тұяғы атқан
ала шаң айналаны бұрқырай көмiп кеттi. Айқайлаған, боқтаған кiсiлер, бiр-бiрiне сеңдей соғылысқан
аттар, ырғайша созылған найзалар сол үйдек-түйдегiмен дария жағасындағы жертөлелердi жер бетiнен
жуып-шайып кетер алапат селше ағылып келiп те қалды.
Жертөлелерге бөксесiн тақай қонған Нарман аулы ештеңеден биғам отыр екен. Ауыл үстiие төнiп
кеп қалған қалың қолды көрiп, қарулы жiгiттер сыртқа атып-атып шықты. Асып-сасып жүрiп,
белдеудегi аттарына ер де салып үлгермедi. Қолдарына iлiккен сырық қадағаштарымен жаяу ұрысқа
кiрiстi де кеттi.
Шәки салған жерден қайратты Қалмырзаны уыстан шығарып алмауды ойлады. Қолындағы ұзын
қадағашын таяқша бiлеп, үш-төрт жiгiтпен жаңғыз шайқасып жүрген Қалмырзаның сырт жағынан
айнала бердi. Қалмырза қараүйге арқасын тiрей ұрысып жүр. Әп дегенде ол екi жiгiттi шалт қимылмен
тобықтан ұрып, аттан ұшырып түсiрдi. Ендi үшiншi жiгiтке қатты ақырып, тұра ұмтылды. Зәре-құты
қалмаған жiгiт сойылын жерге тастай сап, атының басын жылдамдатып керi қарай бұра бастады.
Қалмырза да соны күткен екен. Дереу мысықша ырғып барып, төңкерiлген қазандай сауырын өзiне
қарай бұра берген аттың артына қона түстi. Алдындағы жiгiттi ер үстiнен аударып, құлата бердi. Шәки
осы арада оны қапылыста соқты. Қаһарлана көтерiп алған сойылын толғай сiлтеп, еңкейе берген
Қалмырзаны құлақ шекеден ұрды. Қалмырзаның қолынан қадағашы түсiп кеттi. Екiншi соққыдан
кейiн ат жалын құша қайратты қолдарымен ер қасынан тырмыса ұстап, жерге қарай құлап бара жатты.
Дәл осы кезде iштен қолына шитi мылтығын ұстап, құп-қу боп, Нарман атқып шыға келдi.
— Әй, сен осы кiмнiң арын арлап, жоғын жоқтап жүрсiң? Батыр болсаң, алдымен Ережептен ана
жылқы соңында үсiп өлген туған әкеңнiң құнын өндiрiп алсайшы! — деп ақырып, ол шитi мытығын
бұған қарай кезей бердi.
Шәки кәпелiмде не iстерiн бiлмей, сiлейдi де қалды. Екi көзi шамадан тыс бақырайып, өзiне қарай
оқталған мылтық аузына тесiрейе қарап тұр. Ол өзiнiң неге тұрғанын, мұндай сәтте не iстеу керек
екенiн аңғармады. Сол кезде жан-жағында ырсылдап шайқасып жүрген жiгiттердiң бiреуiнiң аты кеп
мұның шұбарын қағып жiбердi. Шәки сонда барып есiн бiр-ақ жиды. Бiр сәтте тез амал қылмаса,
Қалмырзаның iзiн ала өзiнiң де құлайтынын сезiп, иманы ұшып кеттi. Дереу жандәрмен деп бiр оқыс
қимыл жасады. Кәнiгi машығына басып, ат бауырына аударылып түсе бердi. Мылтық тарс ете
қалғанда, арт жағындағы бiр жiгiттiң:
— Ойбай! — деген жаман даусын анық есiттi. Оқ тиген Төртқараның жiгiтi шекесiнен қан саулаған
қалпы, қуаты қаша бастаған қос қолымен ат жалына тырмыса жабысып, құлап бара жатты. Iзiнше ала
шаңға дүрс етiп құлап, бiр-екi жиырылып барып, сеспей қатты.
Мiрәлi осы кезде Нарманның ту сыртынан шыға кеп, толғай ұстаған қара шоқпарымен қойып кеп
қалды. Iрi кiсi сең соққандай iлгерi қарай еңкейе берiп, кенет бойын жиып, шаққа дегенде керi
бұрылды да, бiр сәтте жолбарысша атылын барып, ат үстiндегi Мiрәлiнiң шаужайына жармаса кеттi.
Ес жиюға мұршасын келтiрмей, қуатты қолдарымен оны шекпенiнiң өңiрiнен ұстай ап, бiр сiлкiп, ер
үстiнен жұлып алды. Iзiнше ала шаңның ортасына томп еткiзiп, астына сап, бүгерлей бастады.
Сол кезде Мiрәлiнiң:
— Ойбай, өлдiм! — деп барқыраған жан дауысы шықты.
Сол арада Төртқараның төрт-бес жiгiтi қатар ұмтылып, жақындай бере, Мiрәлiнi дәл алқымнан ап,
буындырып жатқан Нарманның мойынына бұғалықты тастай салды да, аттарының бастарын асығыс
бұрып ап, нөпiр топтан жырылып шыға бердi. Етi қызған аттар ала жөнелгенде, қыл арқан дыңылдай
керiлiп барып, Нарманды қатты жұлқып, шалқасынан бiр-ақ түсiрдi. Қалың шаңның iшiнде сүйретiлiп
бара жатып, Нарман кос қолымен жандәрмен деп қыл арқанға жармасты. Тынысын тарылта бастаған
арқанды кеңiтпек боп, бiр-екi ұмтылып, жердегi түйiртпектерге аяқ тiреп, орнынан тұрмақ болды.