53
Шәки осы кезде атын тебiнiп қап, оны iзiнен қуып жеткен едi. Жердегi қара жусандарға аяқ тiремек
боп тырмысып келе жатқан Нарманды ұзын қара сойылын толғай сiлтеп, оң қолынан бiр бердi. Екiншi
соққы Нарманның басына барып тидi. Көзi қарауытып кеткен қайратты шал бiр-екi ышқынып барып,
қан жуған көздерi шамадан тыс алара, бұған әлдене деп қырқырай, жаман түрмен қарады. Сескенiп
қалған Шәки ат басын тез бұрып ап, сырттай бердi. Бұрылып барып бiр қараса, әлi құрыған Нарман ат
артында шұлғауша сүйретiлiп барады екен.
Ұрыс ұзаққа созылмады. Әулекi жiгiттер жатақтарды дем арасында жайпап тастады.
Жертөлелерiнен шыға-шыға келiскен Тұрғали ауылының жiгiттерi екi жаққа да болыспай, көздерi
алақандай боп, анадайдан үрпиiсе қарап тұр.
Дәл осы кезде Нияз құйғыта шауып кеп, қараша үйдiң алдына топ етiп түсе қап, атын көлденеңдеп
тарта бердi. Iштен Ағлес ытқып шықты. Шалт қимылмен ер үстiне қона қалды. Нияз оған тiзгiндi
ұстата сап, қамшысымен Қаракөктi бiр тартты. Ат ата жөнелдi. Ағлес ұшып кете жаздап, бойын шаққа
дегенде билеп, оңтайланып отырды да, қалың топалаң арасынан бiр бүйiрлеп шыға бердi.
Сол арада:
— Қыз қашты!
— Ұстаңдар! — деген бiрнеше дауыс қосарлана шықты.
Шәки шұбар атымен тұра қуды. Оған төрт-бес жiгiт iлестi. Артынан қиқу шыққанын сезген
Қаракөк қос құлағын жымып ап, бүткiл денесi бiр уыс боп, зымырай жөнелдi. Ендi делебесi қозған
Қаракөкке бұл өңiрде жетем дейтiн дәмелi ат кемде кем. Соны бiлген бiр жiгiт шауып келе жатқан
бойы иығындағы шитi мылтығын сыпырып алды. Бiр қолына тiзгiндi орап жiберiп, жұлындай боп ағып
бара жатқан атты көздей бастады. Шәки мал iшiнен бәйгi аты десе iшкен асын жерге коятын. Осы кәзiр
Қаракөкке жаны ашып кетiп:
— Атпа! — деп қатты айқайлады.
Сүйдегенше болмады, мылтық гүрс ете түстi. Шәкидiң көз алдын көңiрсiген көк түтiн көмiп кеттi.
Түтiн сейiлгенде барып қараса, Қаракөк заулаған қалпымен Қылышбай күзерiнiң түскейiндегi атақты
аранды жарға бар пәрменiмен жақындап та қалған екен.
— Қап! — деп Шәки атының басын iрке бердi.
Қаракөк зымыраған бойы бiр сәтте алдындағы терең орды сезгендей бойындағы бар күшiн жиып,
серiппеше жиырыла қап, iлгерi қарай атылды. Қарғыған сәтiнде бар денесi бiр уыс боп, алдыңғы қос
аяғы құрықша созылып барып, аранды жардың әр жағына барып топ ете түстi. Сосын қайтадан жүйтки
жөнелдi.
Шәки ерiксiз таңдайын қақты:
— Шiркiн, ат деп осыны айт!
Бағанағы мылтық атқан жiгiт:
— Қап, қара басып тигiзе алмағанымды қараш, — деп өкiндi.
Шәкилер қайтып келгенде, Нияз Қаракөк жаққа тесiле қарап тұр екен. Өзi дәудiрлеп:
— Ағайындар-ау, сендердiң мыналарыңа жол болсын? Осы не бастарың пiспейдi? — дей бередi.
— Мен саған бас пiспегендi көрсетейiн! — деп ызалы Мiрәлi Ниязды бұзау тiс қамшысымен қыр
арқадан бiр тартып өттi. — Өлгiң келмесе, құры!
Нияз қолымен басын қорғаштап, қарсы еш әрекет қыла алмай, жөнiне тайды.
Шәки жiгiттердiң бас-аяғын түгендеп едi, бiр кiсi өлiп, он шақты адам жарақаттаныпты. Жатақтар
жағынан да шығын бар екен. Ол ендi тездетiп жүрiп, қолдары арттарына қайырылып байланған
Нарман мен Қалмырзаны жарамды атқа мiнгестiрiп, Ережептiң ауылына тартты. Ат белiнен түспестен,
салқа жортып отырып, зауал ауа малды-жанды бай ауылдың үстiнен кеп құлады. Атынан түсiп,
Ережептiң отауына кiрiп келдi. Өзiне барлай қараған мырзаға тау жығып қайтқандай боп:
— Мырза, бұйрығыңды орындадым, — дедi.
15
Нияз тұщы етiне ащы таяқ тигенде барып есiн жиды. Қыр арқасын шағып алған бұзау тiс
қамшының iзiн ауырсына қабағын кiржиттi. Ережептiң жiгiттерi кеткесiн, ойран болған ауылдың
әйелдерi салған ойбайға сай-сүйегi сырқырады. Төменшiктеп, көзiн басқа жаққа тайдырып әкете бердi.
Осындай тұста өзiнiң бiр қайрат көрсете алмағанына ызаланды: “Бiр рудан тараған ел қырық атаға
бөлiнiп, неге өз ара қырқыса бередi? Апырау, бұларға осы не жетпейдi?”
Нарманның бәйбiшесi жер-көктi басына көтерiп:
— Халқым-ау, бұ нағылған зорлық?! Тапа тал түсте ауылымызды ойрандап, бұ кiмдi басынғаны?!
— деп барқырап жүр. Ашу үстiнде осып-осып тастаған екi бетiнде тырнақ iзi ап-анық көрiнiп тұр.
Нияз ашынған әйелдердiң мұң-зарына шыдай алмай, киiз қапқа салған домбырасын қолына ұстап,
жатақтардың құжынаған жертөлелерiне қарай беттедi. Атылас шапанын ауырлап, қолына шешiп алды.
Көп аса жаяу жүрiске дағдыланбаған серi жiгiт сусыған шеге топырақта малтығандай боп келедi.
Аяғындағы бiр қара берiп тiктiрген биiк тағалы былғары етiгi де ауыр тартып, борпас топыраққа кiрiп-
кiрiп кетедi. Өзiнiң ойы ұйқы-тұйқы. Ойын-сауық, той-томалақты қуып жүрген, өмiр деген хан базар
деп бiлетiн серi жiгiт шаруаға араласпай, көбiне қызды ауылға түстенiп, домбыра тартып, жыр айтып
жүрген едi. Әкесi Сағынай ескiмге құда түспеген де болатын. Ол соңғы кездерi Ағлестi тапты. Етi тiрi
қағылез қыз салған жерден бұның кеуiлiне құрт түсiрдi. Жастардың ойын-сауығында қатар отырып,
талай рет ашық қалжыңдасып, көп сырды көздерiмен ұғысқан жайлары да бар едi. Нияз кешелерi
аулынан шығып, Ағлестi көрiп қайтпақшы болған-ды. Ақыры мынадай ұлы сойқанның үстiнен түсiп,
жазықсыз таяқ жедi.