Стр. 56 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

55
сипалай жүрiп отырып, Зәурештiң төсегiне тақап келдi. Дiрiлдеп кеткен бойын шаққа дегенде тежеп,
жәйiмен қыздың төсегiне кеп қисая кеттi. Зәуреш дымды сезер емес. Таң алдындағы тәттi ұйқы әбден
былбыратып жiберсе керек, ол екi аяғын созып жiберiп, биқам жатыр. Үстiндегi жеңiл көрпе
ысырылып кеткен.Үйдiң төбесiндегi кiшкене тесiктен қиялай түскен ай сәулесiнен көйлегiнiң етегi
астынан созылған екi қара саны бозғылданып көрiнедi. Нияз сол сәтте өзiне не болып, не қойғанын
бiлмей қалды. Нәпсi жеңiп, көзi қарауытып, демi дiрiлдеп, қалтыраған қолын қыздың кеудесiне апара
бергенiнде... Зәуреш шошып оянды. Оның:
— Бұ кiм? — деген даусы қаттырақ шығып кеттi.
— Тиыш! Қорықпаңыз, бұл мен ғой, — дедi Нияз зәресi ұшып, алқынып тұрлып, сыбырлай сөйлеп.
— Менi кiм? — дедi де, Зәуреш мұның ниетiн сезгендей, дереу көрпесiн үстiне қарай тартып,
қымтанып ала қойды.
— Мен ғой, — дедi Нияз даусы қалтырай шығып.
— Сiзге... не керек?
— Маған ба... маған... Былай, не етiп... замандас емеспiз бе?
— Иә, сосын...
— Былай... замандасқа лайқат iс қылсақ....
— Жоқ, ол болмайд, — дедi Зәуреш көрпесiн одан әрмен қымтана түсiп.
— Неге? — деп, Нияз қашанғы айласына басып, көрпеге оранып жатқан қызды ту сыртынан
қапсыра құшақтай алды. Ыссы демiмен оның мұздай жанын балқытқысы келгендей ернiн бетiне
тақады. Мұрнына дала аптабы мен ыссы күннiң исi ұрғандай болды.
Зәуреш мұны кеудесiнен қос қолымен керi итердi:
— Қойыңыз дейiм. Ұят болады.
— Оның несi ұят? — дедi Нияз алқына сыбырлай сөйлеп. — Жас кезде не болмайды?
— Не болмайды деп, сонда ар-ұяттан безу керек пе?
— Ар-ұяттан... не, не?.. — Нияз қызға не дерiн бiлмей қалды.
— Иә, ар-ұяттан, — дедi Зәуреш даусын қаттырақ шығарып, әр сөзiн нықтай айтып.
— Ау, оның бұл араға не қатысы бар?
— Ол сөзiңiздi... басқа қыздарға айтарсыз. Мен ондай... бұзылған қыз емеспiн. Бар кетiңiз!
Нияз кет деген сөздi өмiрi қыз баласынан естiп көрмеген едi. Бай ауылдардың талай сылқым
қыздарын түн ортасында оятып, ыстық сезiмге мас қылып, көздеген шаруасын онша қиналмай
орындап шыға беретiн. Ендi мына сиықсыз қара қыздың соншама бұлданғанына жыны келдi. Ол ендi
дереу батыл қимылдай бастады. Көрпенi жұлқа ашып, Зәурештi аш белiнен құшақтап ап, өзiне қарай
қатты тартты. Оттай жанған қыз денесiнiң, әлгi екi қара санның тәнiне тигенiн күштарлана сездi. Сол
кезде бұлқына берген Зәурештiң шынтағы мұның мұрнына сарт ете қалды. Нияз қалт ете түстi.
Танауының iшi жылымшы бiрдемеге тоқып кеткендей болды. Жалма-жан қолымен сүртiп қараса, қан
екен. Ол iшiнен қызды бiр боқтады да, орнынан тұрып, аяғын ұшымен басып, сыбысын сездiрместен,
сыртқа шықты. Арықтағы мұздай суға мұрнын жуды. Қан тиылғасын, төсегiне кеп қисайды. Бiр кез:
“Соншама сом алтынын бұлдағандай”, — деп, Зәурешке жыны келдi. Бұл жiгiтшiлiк жасап, талай
ауылдарда қонып жүргенiнде мұндай жағдайға тап болмаған едi. Бұның жолы, әсiресе, Кедей руының
бiр мақтаншақ, сақисымақ ауылдарына қонғанда сәттi болатын. Ол мақтаншақ байлардың үйiне қонып
жатып, етке сылқиып тойып алғасын, түнемелiкте олардың қыздарын аңдитын. Кезiнде олардың
бiразын да қан қақсатқан. Анада сондай бiр қыз ұзатылған жерiне барып, бiрнеше бала тапқаннан
кейiн:
Есiгi ақбоз үйдiң сықырлауық,
жiгiттер келушi едi ебiн тауып.
Аймалап сүюшi едi бет жағымнан,
бүлдiрiп кеткен екен к... жағымнан, —
деп өлең шығарыпты. Соны естiгенде, Нияз бiр түрлi боп кеуiлдене түскен-дi. Ендi мына қара қыз
келiп... Ол сүйтiп жатып, таңғы ұйқы жеңiп, ақырын қалғып бара жатты. Содан елең-алаңдағы абыр-
сабырдан оянып кеттi. Бұл төсектен басын көтерiп қараса, анадай жердегi белдеуде Қаракөк қаңтарулы
тұр! Нияз қуанып кетiп, орнынан атып тұрды. Шалбарын тез кием деп, асып-сасып жүрiп, аяғын
балағына сұға алмай, бiраз әуре болды. Ақыры шалбарын киiп ап, жалаңаяқ қалпы бара атын
мойынынан құшақтап, тiкiрейген жалынан ақырын сипалады. Сосын барып болған жайға сұрап қанды.
Түн жарымында Ағлес адасып жүрiп, жатақтардың үстiне кеп құлапты. Атты көршiлер қаңтарып
тастапты. Әбден қорыққан қыздың есi-түсi жоқ дейдi.
Нияз әңгiменiң әр жағын тыңдаған жоқ. Қаракөкке мiнiп ап, ауыл қайдасың деп сызып бердi. Бiр
бүйiрде қалып бара жатқан жарлы ауылға, атызды жағалап жүрген Зәурешке көз қиығын да салмады.
Сары аяңмен жүрiп отырып, бiр көңдi жайлап отырған Тиышбектiң үйiне келдi. Дәкбiрсiз Тиышбек
жабықтан сығалап, мұны көре сап, көйлек-дамбалшаң, жалаңаяқ қалпы тысқа жүгiрiп шықты.
Жалпылдап, аттан түсiрдi. Қара құманды отқа қойып жатқан әйелiне көзiн қысып, ым қақты. Сосын
мұның алдында емпелеңдеп жүрiп, қараүйдiң есiгiн шалқайта ашты:
— Кәнеки, кiре қой, қарағым. Құдай айдап әкелген ғой. Болмаса сендей мейманды арқанмен
байлап келтiре аласың ба? Кәне, мына жерге, көрпе үстiне отыр. Қыл жұғар. Қап, мына бiрi балағыңа
жармасып та үлгерiптi-ау! Мiне, — деп Тиышбек мұның шалбарының балағына жабысқан ұзын қылды
алып көрсеттi.
Үй iшi жүдеу, лас. Нияз кiр-кiр құрақ көрпеге жеркене отырды. Ақрәштың сырты қаңылтырмен
құрсауланған, iш жағына сарғыш тосап тұрып қалған кесесiне құйылған қара шәйдi бiр ұрттады да
қойды.