Стр. 57 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

56
— Апырмай, қанды қырқынды көрiп келе атыр екенсiң қой!— деп Тиышбек ешiп отыр. — Өй,
несiн айтасың! Ережептер жiгiттiң сұлтаны ғой! Қадалған жерiнен қан алады. Нарманның өзiне де со
керек. Ұлым сұңқар, қызым сұқсыр деп... — Тиышбек тiлiн тiстей қойды. Бұған жапақ-жапақ қарады.
Сол арада Тиышбектiң бұғағынан үзiлiп отырған қызы Ұлбосын iшке кiрiп, әдеппен иiлiп, сүт
құйылған тостағанды шешесiне ұсынды. Нағашы жұртына тартқан қыз бiр көрмеге әдемi екен
Дөңгелек жүздi, бозша беттi, өткiр қара көздi. Тек маңдайында айбықа ашудың iзi бар. Тиышбек
мұның қарағанын байқап қап:
— Жәнiбек келiншегiн қашан түсiрмекшi? — дедi.
— Ояғын бiлмейiм, — дедi Нияз құлықсыз.
— Ал, өзiң ше? Әкең болса, кәртейдi дегендей. Шешең де күн санап жасарып келе атқан жоқ.
Нияз оқыс күлiп жiбердi. Өзiне үрке қараған Тиышбекке артық тiл қатпай, ас қайырып, орнынан
тұра бердi. Былай ұзап шыққасын, ол жаңа Ұлбосынның үйден кетпей, әр нәрсенi бiр сылтау қып,
шешесiнiң жанында бөгеле бергенiн есiне алды. Сүйтiп келе жатып, кенет қатты таңданып, ол
қолымен иегiн сипай бере, кiлт тоқтады. “Ойбай, — дедi ол өзiне өзi. — Әлгi қу сүйткен екен ғой. Менi
қыз көрiп жүр деген ғой. Сонда... маған ... қызын көрсетiп.... Өй, пиғылыңа болайын!” Ол айдалада
бiрдеңе қағып кеткендей, кенет өзiне-өзi еге бола алмай, қарқ-қарқ күлдi.
16
— Кiргiз!
Шәки сыртқа ата жөнелдi. Ережеп ашу үстiнде айтарын айта салса да, iзiнше осы беттесудiң өзiне
оңай тимесiн сездi. Қасында қоқиланып отырған Мiрәлiге көзiнiң қиығын ақырын бiр тастады да,
дереу көзiн әрi қарай аударды. Нарманнан дәл бұлайша есе қайырайын деген ой үш ұйықтаса түсiне де
кiрмеген едi. Бәрiне басшы болған ағасы. Кеше жүзi өрт сөндiргендей боп кеп, болған жайды өсiре
көңiрсiткесiн, iшкi бiр есеппен осы жолы ел алдында бiр көрiнiп қалу керек деп түйген. Әрi көптен
берi келiнiн ала алмай, ызалы Нарманның баяғы болып-толған күнiн ұзын ырға жыр қылып, бұларды
жақсылығымды ұмытып кеттi деп, көрiнген көлденең көк аттыға қаңқу сөз таратып жүргенiн құлағы
шалып қалған. Соның бәрiн ойластыра келе, дәл осы арада қыр көрсетiп, Нарманды жүгендеп, өз
уысында ұстап тұрғанды жөн көрдi. Демде бет өңiн билеп ап, сазара қалды. Тұсi сабырлы, салқын.
Шәки мен бiр-екi жiгiт қолдары байлаулы Нарман мен Қалмырзаны iшке сүйрелеп кiргiздi. Бiр-бiр
нұқып, екеуiн тiзерлете отырғызды.
Ережеп сазарған қалпын бұзбастан екеуiне көзiнiң астымен атып жiберердей боп қадалды.
Нарманның да, Қалмырзаның да екi өңiрiн қан жуып кетiптi.
— Иә, батырлар, сөйлеңдер, — дедi Ережеп кекетiп.
Сол екен:
— Әй, Ережеп, — деп, Нарман басын шұғыл көтерiп ап, саңқ ете түстi. — Бас кеспек болса да, тiл
кеспек жоқ деген тапа тал түсте сотқарларына сабатып, уа, бұ қай басынғаның?!
— Басынғаның?! — Ережеп ащы мырс еттi. — Ау, қызыңды өз қолыңмен әкеп бер дегендерiң
басынғандық емей немене, әлде атаңның басы ма? Қай заманда күйеу бала қайын атасына солай деген?
Бұл өзi шариғатқа да, адамшылыққа да қосыла қояр ма екен?
— Жаны күйген тәңiрiсiн қарғайды деген. Малым барда, алдымда күрдай жорғалаушы едiңдер.
Осы құдалыққа мұрындық болған әкеңнiң өзi емес пе едi? Ендi малдан адаланғасын менен
қашқақтайсыңдар. Өзiң айтшы, осының да жiгiтшiлiк пе? Сосын балам ашу үстiнде айтса, айтқан
шығар. Бiрден сойылға жармасқанша, әуелi сол жақтарыңды ойлап алмадыңдар ма?
— Әй, Нарман! — дедi Ережеп дауысын созып. Ол әдейi Нарманның аптығы басылсын деп, жұрт
назарын өзiне қаратып алды да, бiр сәт үнсiз қалды. — Сен өзiң, — дедi ол әлден уақтан сол мүлгiген
үнсiз тиыштықты бұзып, — ата сақалың аузыңа түссе де, шариғат жолын бiлмейдi екенсiң ғой. Ау,
қара жамылып отырып, қыз ұзатқанды қай ата-бабаңнан көрдiң? Былтыр Зағипажанды күтты жерiне
қондырамыз ба деп едiк, мынадай жағдайға ұшырадық. Биыл ас берiп, мiндетiмiзден құтылған жоқпыз
ба? — Ол қозғалақтай бастаған Мiрәлiнi тақымынан басып қойды. — Бiрер ай өткесiн, құдаға кiсi
саламыз ба деп отыр ек, өзiң кеп бәрiн бүлдiрдiң. Ендi мұныңды қай бидiң алдына барып ақтай
аласың?
Нарман Ережепке тiксiне қарады. Келман балаларының iшiндегi тiлiмен де, ебiмен де алатын
айлакерi осы-ау деп сырттай тон пiшiп жүрушi едi. Осы жолы Ережептiң алды-артын мұқият өлшеп
барып, ауылын шапқызғанын бiлiп, үнсiз қалды.
— Ау, қыз бермеймiз деп жүрген бiз жоқ. Бiздiң былтырдан берi мұршамыз болды ма? Ендi...—
Ережеп әдейi кiдiрдi, — бiздiң қызды бермеуге хақымыз бар. Ағама жазықсыздан жазықсыз тiл
тигiзгенiң үшiн ат-тон айыбыңды төлердей ызғып жатқан малың да жоқ, — деп, ол Нарманның жанды
жерiне тiлiн сұғып өттi.
Қалмырза сол арада қан жуған басын кiлт көтерiп алды. Әкесiнiң тiл-жақтан қалғанын бiлiп:
— Бiз неге айып төлеймiз бiр сөз үшiн кiсi өлтiрген сен тұрғанда? — деп саңқ ете қалды.
Ережеп қабағын шытты:
— Өлетiн бала молаға қарай жүгiредi деген. Осы шатаққа басшы болған өзiң емессiң бе? Кiнәлiнi
дарға тартар болса, әуелi сенiң басың кетедi, — дедi де, есiк жақта үн-түнсiз иiрiлiп тұрған жiгiттерiне
түсiн суыта қарады. — Мына боқмұрынды әкетiңдер!
Жiгiттер Қалмырзаны сыртқа дырылдатып сүйрелей жөнелдi. Қалмырза есiк алдында бiр
бұлқынып, берi атып жiберердей боп қарады да:
— Әй, залым, бiлiп қой, ертең сен менiң қолыма түссең, айтпады деме, оңдырмаймын! — деп,
қырылдай айқайлады.