57
Ережеп самсоз боп отырып қалды. Iшiнен қисықтығы мен кесапаты төрт елi келер мына тұқымды
өзiне жауықтырып алмағанды жөн көрдi. Нос беруге әзiр осы да жетер деп, Нарманға тобарсыған
бетiнiң тоңын сындырып, жүзiн сәл жылыта қарады:
— Ал, ақсақал, ендi не деймiз? Өз көзiңмен көрiп, өз құлағыңмен есiттiң жаңа күйеу баламыздың
не деп кеткенiн. Сонда мұның жазасы не болмақ?
Бiр сұмдықтың боларын сезген Нарман сол арада шыдамай, еңкiлдеп жылап жiбердi де, үлкен
басымен Ережептiң аяғына жығылды:
— Қарағым, бас кесем десең, мiне басым. Не iстейiм десең, қолыңдамын. Жаңағы баланың
ақмақшылығын бiр жолға кеш.
— Кешкенде... сендер бiзге жау боп тиiстiңдер. Жау боп, дос-дұшпан алдында масқара еттiңдер.
Мұны қалай кешуге болады?
— Қарағым, менен бiр ақмақшылық өттi. Ендi... әр жағын өзiң бiл.
— Ендеше өз балаңа өзiң қожа шығарсың. Кәзiр оны өз қолыңмен жазалайсың. Аямай жүз дүре
соқ. Болмаса тұрысатын жерiңдi айт, — дедi Ережеп түсiн суытып.
Басқа амалы қалмаған Нарманның басы жел жапырған қоғаша иiле түстi. Түсi демде бұзылып
кеттi. Ойы әлем-тапырақ боп, иегi дiрiлдеп, аузына келген сөздi жөндеп те айта алмады.
Ережеп бұдан әрi қажай берсе, Нарманның ширығып барып, бар тағаты тырс етiп үзiлiп түсерiн
бiлiп, жiгiттерiне қарап:
— Қолын шешiңдер, — деп иегiн қағып қалды.
Жалаңдаған жiгiттер дереу Нарманның қолын шештi. Нарман арқан қиған қолын уқалап, ызалана
жылап жiбердi. Ережеп ендi тосын айлаға сап, оны төрге отырғызды. Сосын жiгiттердi жұмсап, керек-
жарағын алдырды.
— Мынау үлкен басыңды қорлап, ат көтiне мiнгiзгенiмнiң айыбы, — деп Нарманның үстiне
бұхары жiбек шапан жапты.
Дүниеқоңыз Нарман бiрден бар қасиетiнен айрылып, жаңағы көрген қорлығын тез арада ұмытып,
жалпылдады да қалды:
— Алдыраз болсын, шырағым. Құдай сыйласын, жағың түспей жамандық көрме.
— Ал, Нәке, жаңағы уәдендi орында, — дедi Ережеп суық жымиып.
Ережеп пен Нарман сыртқа шықты. Дүре соғылатын алаңда күдды бiр тамаша көретiндей ауыл
кiсiлерi тегiс жиналып та қалған екен. Қатын-қалаш, бала-шағаға дейiн шулап:
— Қияңқы Қарасақалдың жон терiсiнен қайыс алу керек!
— Екi енегiн тарттырып жiберу керек!
— Май құйрығына таңба басайық! — деп бiрiнiң сөзiн бiрi бөлiп, жамырай айқайласып жатыр.
Жiгiттер ортада жайылған тулақ үстiне Қалмырзаны етпетiнен жатқызып қойған екен. Әулекi
жiгiттер оның қол-аяғын, қос қолын төртпақтап, арқанмен төрт жақтан шiрене тартып тұр.
Қалмырзаның шаң-шаң арқасы терлеп, топырақпен баттаса түсiптi. Сөзге тоқтаған Нарман аяғын
батылсыздау басып барып, қолына ұзын шыбыртқыны батылсыздау ұстады. Оны не iстерiн
бiлмегендей аз тұрды. Сосын кенет ол қолын құлаштап сермей бере, сiлтеп қалуға дәтi бармай, оқыс:
— О, құдая тоба! — деп көзiн жұмды. Әр жағынан жылып келiп қалған ыссы жасты iрке алмай,
еңкiлдеп жылап жiбердi. Мөлдiр тамшы екi бетiн айғыздап, сақалын жуып кеттi.
Сол арада Ережептiң дауысы саңқ ете қалды:
— Әй, Нарман, мен сенi қайымалы iнгеннiң қабырғасын қайыстырар қара бура көрушi едiм. Өзiң
арқасынан қотыры қетпес жаман атан түйе екенсiң ғой!
Нарман бiр сәтке босап сала берген бойын жиып ала қойды. Шыбыртқыны толғап тұрып:
— Ап! — деп сiлтеп кеп қалды. Шыбыртқы Қалмырзаның арқасын тiлiп түстi. Оған екiншi,
үшiншi... қисапсыз соғылған соңғы шыбыртқылар қосылып, лақа терiсiндей жылтыраған қара жонға
жыланша iз сала бастады. Аздан соң жылымшып қан ақты. Таяқ тиген сайын Қалмырза жиырылып дiр
ете түседi. Дыбысын шығармайын деп қатты тiстенiп алған баласының сонысын сезген Нарман әрi
қарай шыдай алмасын бiлiп, екi көзiн тарса жұмып алды. Қарулы қолмен келте қайырып, тартып
қалғанда, ұзын шыбыртқы ауада ол жыланша ысқырып барып, сып ете түседi. Нарман одан әрмен не
iстеп, не қойғанын анық сезбедi. Бар есiнде қалғаны — көзiнiң алдын әлдеқандай буалдыр кiреуке
көмiп, басына тепкен ашудан шекесi зыңқылдап, баласын басқа-көзге қарамай ұра бергенi болды. Оған
бiр сәтге табан астындағы қара жер қозғалып, бар дүние шыр айналып сала берген сияқтанды.
Бiр кезде Ережептiң:
— Болды! Жетер! — деген дауысын естiп, көзiн корқа ашты. Бiрден көргенi баласының ит тартқан
терiдей шыт-шыты шыққан, қан-қан арқасы болды. Ол өз қолымен жасаған мына қатыгездiктен
шошынып, керi шегiншектей бердi. Бiрақ келте қайырып сiлтей берген қолын тоқтата алмады. Ұзын
шыбыртқы ысқырып барып, Қалмырзаның арқасына барып тидi. Бұл жолы ол әдепкiдей сып ете
қалмай, қан-қан қара жонға қадалған қара сүлiкше сылп ете түскен тәрiздендi.
— Алла-ай! — деп Нарман шыбыртқыны тастай сап, бетiн ерiксiз бұрып әкеттi.
Орнынан тұрып, көйлек-шалбарын зорға дегенде киiп жатқан Қалмырзаны қаумалаған жеңгелер:
— Нағылар дейсiң. Арқаның емi табылар. Қызымыздың қуанышына тұтынарына зақым келмесе
жарады да, — деп, жұбату айтысқан болысты.
Қалмырза қатты қорланды. Қанын iшiне тартып, тiрi пендеге тiс жармады.
* * *
Ережеп сол күнi Нармандарға қонағасы берiп, астарына бiр-бiр ат мiнгiзiп, көп сыйлықпен
қайтарды. Ауылдан шыға бере Нарман әлденеге жымың ете түсiп: