Стр. 59 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

58
— Бастан құлақ садаға деген. Жеген таяқ — тәнге сауап. О деген кейiнiнен ұмытылып қалады.
Бәрiнен де ат мiнгенiмiздi айтсайшы, — дедi.
— Әй, көке-ай, бүйтiп иттен қор боп мiнген аттан ық-ық деп айдаған ешек артық емес пе? — дедi
Қалмырза алғаш рет әкесiне қарны ашып. — Тән жарасы жазылар-ау, бiрақ жан жарасын кiм емдейдi?
Жанымды жаралаған жатым емес, өз туған әкем боп, қинап тұр ғой. Болмаса... — Ол кемсеңдей түстi
де, тез арада бойын билеп, басын жоғары көтерiп алды. — Бұлардың туысты туысқа, бауырды бауырға
қарсы айдап сап, дымыңды құртып қоятыны жаман да.
* * *
Ауыл шетiндегi төбе басында отырған Ережеп соны сезгендей, iшiнен мырс-мырс күлдi. Ертеңгi
күнi дау туа қалса, Қалмырзаны жазалаған өзге емес, өз әкесi. Билер мықты болса, Нарманға кесiк
айтып көрсiн. Осылайша өзгенiң қолымен от көсеп, өз шаруасын ретке келтiрiп алу оның қашаннан
қанына сiңген дағдысы едi. Кенет ол селк ете түстi. Шеткi үйден кеше шайқас үстiнде мерт болған
азаматын жоқтап жылаған жесiр келiншектiң шерлi, ащы үнi көкке суырылып, шығандай шықты.
Ережептiң аза бойы қаза болды. Ол өз-өзiнен қуыстанып отырды да, кенет қасындағы Мiрәлiге
ызалана қарады:
— Ана кiсiсi өлген үйге мал бер. Сосын... — Ол сәл кiдiрдi. — Егер ақылың болса, ана баланды
тездетiп құтты жерiне кондыр.
— Өй, атасының аузын! Жарлы Қарасақалға қыз беретiн жағдайым жоқ, — деп Мiрәлi торсаң еттi.
— Бүгiн жарлы болса, ертең байиды.
— Өй, ол байығанша, атан түйе қайыр. Дүния төңкерiлiп асты үстiне түсер.
— Иә, — дей берiп Ережеп үнсiз қалды. Iшiнен ағасының өресiздiгiне қынжылды. Ол қашанда
морт мiнездi Мiрәлiнi тақымға толмайды деп тайызсынып, қалаған уақытында әрлi-берлi кешiп өте
беретiн. Осы жолы да ағасының бетiн қайырып тастайын деп бiр ойлады да, райынан тез қайтып,
мысықтабандағанды жөн көрдi. — Неге? Нарман кеше төрт түлiгi сай, ноқтаға толық кiсiлердiң бiрi
емес пе едi? Сонымен құда-жекжат болуды қолайлаған өз әкемiз едi ғой. Ендi оны ақсирақ тартты деп,
бұрыннан қабағымыз жақсы күнiмiздi ұмытқанымыз мақұл ма? — деп, ағасын iркiп қойды. Кешеден
берi Нарманнан кек алдық деп елiрiп отырған Мiрәлiнiң сасқалақтап, өзiне абыржи қарағанына назар
да салмады. — Мына сенiң Дадабек сартың да ши бөрiше жалақтап тұр. Жамандық айтып келе ме?
Балаңның әбiрейi өзiнде тұрғанда, бағын байлама.
— Өй, сол Дадабектен қорқып, — деп Мiрәлi қыржиды да қалды.
Ережеп сөз қонбайтын кiсiге жай-жапсарды бажайлап түсiндiрiп жатуды ит етiнен жек көретiн.
Ондай сөзге парық бермес адам таяққа түсiнедi деп ойлайтын. Сол себептi ол тiлi мен дойырын оң
қолы мен сол қолындай қатар ұстап, қайсысының қажет тұсын дәл сезiп, ретiне қарай iс қылатын. Осы
жолы ол үндемей қалғанды мақұл көрдi. Әңгүдiк ағасына рай бермедi. Қонақасысы да онша ажарлы
бола қойған жоқ. Мiрәлi кеткесiн, иығына жiбек шапанын желбегей жамылып, кешкi ауылдың
әбiгерiнiң арасында болғысы қелмей, желке тұстағы қоңыр төбеге қарай тартты. Төбе басында отырып,
арғы-бергi замандарды ойша шолып өттi. Iшiнен түрi-түсi бөтен, қатыгез бiр заманның жақындап келе
жатқанын байқағандай болды. Өз аңдауынша, Сыр өңiрiн ұстап тұруға ендiгi қалған жерде Хиуа
ханының қауқары жете бермейдi. Хұдаяр, Насруллалармен iштей бақасып жүрген Мұхаммәд-Инақ
мынадай сырттан төнген қара дауылға тұтасып қарсы тұру орнына, өз құлқынын көбiрек ойлайды.
Өздерiнiң де ала ауыз боп жүргенi мынау. Бұл — дұшпандарға қол. Соны бiле тұра, ел азаматтарының
бас араздықты тастап, халық боп бiрiгiп, тiлек қоспайтыны қалай? Сол арада осы харекеттi өзiң неге
бастамайсың деген бiр сұрақ бiр бүйiрiне кеп қадалды. Бұл мұны көптен берi мазалап жүр. Түнде
төсекте дөңбекшiп жатып, ана бiр-бiр iргелi рудың тiзгiнiн ұстаған Тоғанақ, Жәнiбек, Малдыбай,
Елмырзалармен бiтуәжаға кеп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығару қажет-ау деп, өз ойына өзi
ұйиды. Тек таң ата күнделiктi күйбең тiрлiк басталғасын, бәрiн де ұмытып кетедi. Кейде дұрыстың
емес, бұрыстың сойылын соғады. Өз iсiнiң қисықтығын көре-бiле тұра, дәулетi мен беделiнiң
арқасында көп жалпылдаққа ерiксiз қоштатып, барлығын жөнге шығарады. Ол бүгiн де сүйттi. Ниетi
малмен Нарманның қол-аяғын матап қойып, ертеңгi күнi жалпақ Қарасақалды, сол арқылы Дабыл,
Шағырай батырларды ауызына қарату. Мiрәлi соны да түсiнбейдi.
Ережеп қасына тақап келген Шәкиге енжар қарады.
— Тағы не?
— Мырза кешегi уәдеңiз... — дедi Шәки сөзiнiң аяғын толық айтуға бата алмай.
— Жарайды, болсын. Құдаға менен сәлем айт, — дедi де, кенет құлағы бұл далада жоқ тосын
дыбысты шалып қап, терiскейге жалт қарады.
Шынында да, ауылдың солтүстiк жағында алып жайынша көлбеп жатқан қара дөңнен пар ат
жеккен күймелi арба зырқырап келе жатыр екен Мыс қоңыраудын сыңғырлаған үнi кешкi тиыштықта
бiр түрлi талып естiледi.
— Бұ кiм болды екен? — дедi Ережеп Шәкиге жалтақтай қарап.
— Кiм бiлсiн...
Аздан сол қоңырау үнi жақындай түстi. Пар аттың, күйменiң түрi-түсi ендi көзге анық шалына
бастады.
— Сен барып бiлiп келшi, кiмдер екен?
Шәки ауыл жаққа қарай аяғын жылдам алып, қатты жүрiп кеттi. Емпелеңдеп, бiр жерде
бұйырғынға сүрiнiп, құлап қала жаздады. Ол сол қалпымен ауыл шетiне кеп тоқтаған күймелi арбаның
жанына барды. Ат айдаушы қiсiмен қысқа тiлдесiп, жалт бұрылып, берi қарай салды. Асып-сасып
жеткен бойда, дыбдырлап: