Стр. 60 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

59
— Мырза, мына Бұхара жағына орыстардың сауда керуенiн бастап бара жатқан кiсi екен. Жегетiн
атын алмастырайын деп, сiзге арнайы қеле жатқан көрiнедi, — дедi.
Мұны күтпеген Ережеп сасып қалды:
— Өзi орыс па, қазақ па?
— Қайдағы қазақ? — Шәки ыржиды. — Бiзше түсiнедi. Башқұрт па, татар ма, әлде ноғай ма, Ахияр
деген бiреу...
— Е, солай десейшi. Тiлiн бiлмейтiнмен қалайша ымдасам деп шошып кетiп ем, — деп, Ережеп
азырақ ойланып қалды. Сосын жерден бiр шөптi сындырып ап, шеге топырақты әрлi-берлi сызғылап
отырды да: — Жарайды, бар да, қонақ үйге түсiре бер, — дедi.
Ол Шәки ауыл жаққа кеткесiн, орнынан асықпай тұрды. Шапанының етегiн қағып, аяғын ауыр
алып, ауылға қарай беттедi. Iшiнен мына тосын кiсiге сыр бермегендi жөн көрдi. Мимандарды үлкен
басымен күтiп алуды өз басына ар санап, оларға көз қиығын да салмастан, өз отауына қарай жүре
бердi. Ертеңгi күн қалай болар екен деп, кең аспанға көз тастап едi, зеңгiр көктiң Хиуа жағындағы
түскейiне, жалпақ Сырдың үстiне анау-мынау майда желге етегi түрiле қоймастай боп, осы үлкенi
бауырымен езгiлеп, мәңгi тұрып алатындай, бағана терiскейден ауа тұтасқан қалың бұлт үйiрiле
бастаған екен.
Ол әлденеге тiксiнiп қалды.
17
Ахияр Хакимов күймеден маңыздана түстi. Үстi-басының шаңын қағып, қазақ ауылына таңсық
сары ала киiмiмен ел назарын өзiне аударып, аяғын сабырмен басып, iшке кiрдi. Қызметшi көрсеткен
төрге асықпай барып отырды. Ол бұрын мына Арқа, Семей қазақтарына барып қайтқан сапарынан бұл
елдiң қаншалықты маңыздана түссең, соншалықты құрақ ұшып сыйлайтынын жақсы бiлiп алған едi.
Әсiресе, бетiңе айтып тастағалы тұрған қатты сөзiңдi көмейiңде iрке түсiп, қабағыңды сәл шытып,
ойланған боп отырып алсаң, аңқау жұрт сенi данышпан көрiп, асты-үстiңе түседi.
Мұның бұл жолғы сапары ерекше едi. Орыс елшiсi Бұхара әмiрi Насрулламен сауда талабын
жақсарту, керуендердi тонап, таламау жайын келiскенiн естiп, тура I Николай ағзам мен Ресейдiң
соғыс министрiнiң бұйрығымен осы шеру дайындалған едi. Бұл Петербургтан Орынборға кеп, генерал-
губернатор Перонскийдiң тiкелей араласуымен керуендi әзiрледi. Алыс жолға жүк артуға керек
түйелердi Орал шебiнiң атты казактары Жайық бойындағы қазақ ауылдарын шауып, тартып әкелдi.
Көлiк дайын болғасын, бұл Орынборда көп кiдiрмедi. Орта Азияға зәру мүлiктi түйелерге теңдеп
артқызып, керуендi тырнаша тiзiп, жүрiп кеттi. Саудагер киiмiн киген жүз шақты қiсiнiң тең арасына
тыққан мылтықтары бар. Екi кiсi жолшыбай қазақ жерiн, керуен жолдарын қартаға түсiрiп келедi.
Ырғыздан шыққалы еш жерде жарытып дем алған жоқ. Олар Сырға тез жеттi. Ахияр осы арада
көлiктердi тыңайтып, бiр түн аялдағанды жөн көрдi. Экспедиция мүшелерiне сақ болыңдар деп қатты
тапсырып, өзi жолшыбай кездескен бiр қазақтан жөн сұрады. Ережеп мырзаның атына сыртынан
қанық ол сәл ойланып алды да, қасына екi-үш серiк ертiп, мырзаның ауылына қарай тартып отырды.
Ережеп әлi жоқ. Осыншама маңызданғанына қарағанда, мына өлкедегi нағыз мықтының өзi болуы
қерек. Ахияр не iстерiн бiлмей, бiр рет үй iшiне көз салып өттi. Бауы-шуынан, керегеге тұтылған
кiлемдерден мырзаның малды-жанды кiсi екенiн анық бiлесiң. Босаға жақта сәндi кебеже тұр. Төрде
әсем әрнегi бар жүкаяқты сандық бар. Оның үстiне шәйi көрпелер аса бiр ұқыппен жиналыпты. Ол сол
кезде сырттан шыққан аяқ дүбiрiн естiп, бойын тез жинап ала қойды.
Iшке Ережеп кiрдi. Ортадан сәл биiк ақ сары, жирен мұртты кiсiнiң өзiн-өзi қолдан басып, сабырлы
көрiнуге тырысқанымен, аузының да, қолының да жүйрiктiгi бар секiлдi. Амандасып болғасын,
Ережеп оң жаққа кеп малдас күрды. Асықпай есен-саулық сұрасты.
— Ахияр мырза, барыс қалай? — дедi Ережеп маңқиған қалпын бұзбастан.
— Бұхараға бара жатырмыз.
— Сонда немене, сауда жасайсыз ба? — дедi ол қулана күлiп.
— Әлбәттә, — дедi Ахияр оң қолын мұсылманшалап кеудесiне қойып. Сосын мына мырзаның
айтқан сөзiне сенбей отырғанын көрiп, ыңғайсызданып қалды.
— Е, дұрыс екен. Сауда қылғанға не жетсiн, — дедi Ережеп бiр сәтте байсалды тартып.
— Оған не сөз бар, — Ахияр осы арада өзiнiң дүмдi екенiн сездiрiп қалғысы қелдi. — Бұл керуендi
ұлы ақзам император I Николайдың өзi жеке пәрменiмен жiбердi. Бiздi Бұхараның Алланың нұры
жауған ұлы әмiршiсi Насрулла күтiп отыр.
— Е, жөн екен, — Ережеп оқыс күлiп жiбердi. — Алланың атын ауызға алғаныңызға қарағанда,
асылы мұсылман болдыңыз ғой.
— Әлбәттә, — деп Ахияр сасып қалды. Iшiнен өз ата-бабасын Иван Грозный Қазанды алғанда
зорлап шоқындырғанын ойлап, қыбыжықтай түстi. Сосын өзiн-өзi зорлап күлiп: — Мырза, ислам
дiнiнiң туын тiккен жер жаңғыз ғана Қаразым демеңiз. Ресей патшасына қараған уалаяттарда да
мұсылман жұрты баршылық. Башкұрт, татар...
— Ақ патша дiнге қысымшылық жасамай ма? — дедi Ережеп оның сөзiн бөлiп.
— Ешқандай да. Қайта ұлы ағзам өз қарамағына өткен мұсылман елдерiне айрықша қамқорлық
жасайды.
— Дұры-ыс,— дедi Ережеп бұған қулық толы көзiн қиғаштай тастап қойып. — Сонда... Бұқарда
көп боласыздар ма?
— Оны... ендi, — дедi Ахияр қиналған түр көрсетiп. Бұл оның айтуға болмайтын күпияны
сездiрмес үшiн iстейтiн әдетi едi.