6
сыртынан бiрнеше өре киiзбен орап, оны қалың сексеуiлмен бастырып, iлдалдалап шығатын байлар
мұны мысқыл еткен. Соның бiрi мыңғырған жылқысы Сыр бойына сыймай жатқан Малдыбай едi.
Биыл көкек айының ортасына таман Сырдан мұз бұзылмай тұрып өтiп алмақ боп, жаныға көшiп келе
жатқан бай мұның қыстауының тұсында бiр күн ерулеген-дi. Жәнiбек сол күнi Малдыбайға барып
сәлем берген. Сұңғақ бойлы, аласы аз көзi жарқ-жұрқ еткен Ақкербездi де сол жолы көрген. Он жетiге
кеп, кәмалатқа толып, бұлғаңдап жүрген ерке қызды көрген бойда-ақ Жәнiбек бiр түрлi болған.
Ертесiне ол Малдыбайға ерулiк бердi. Қараүйде үстiнен қасқыр iшiгiн шешпей шәй iшiп, қол-аяғын
қақ ортада маздаған сексеуiл шоғына қақтап үйренiп қалған Малдыбай сандал пеш ысытқан жылы
тамда отырып, борша-борша боп терлеген. Ол әуелi басындағы тымағын шештi. Сосын қасқыр iшiгiн
иығынан сыпырып, iрге жаққа тастай салды. Iзiнше саптамалы етiгiн шешiп, босаға жаққа дүрс еткiздi.
Содан соң аяғын созып жiберiп, қою күрең шәйды сораптап отырып: “Айһай, бар рәһатты сен көрiп
атыр екенсiң ғой”, — деп бiр қойды. Сәлден соң бойы жылыған бай тыста шытымыр аяз барын
ұмытып: “Жәнiбекжан, күн өте жылып кеттi ғой. Бiз барам дегенше, мұз түсiп кетпесе жарар едi”, —
деген-дi.
Биыл көктем туа Жәнiбек әкесi Мамырайды көндiрiп, әтеберлi кiсiлердi салып, Ақкербездiң басын
байлауға ниет бiлдiрген. Әуелгiде бұл құдалығы қиын болды. Ақкербездi осыдан он шақты жыл бұрын
Төрт Сөйiннен дөрейтiн Дөсек руының iрi байы, жер ортасына жақындап қалған адырақ көз, ожыр
қара Тайпан кенже iнiсi Шайпанға атастырған екен. Кейiннен Шайпан қой тоғытып жүрiп, суға кеттi.
Оның Ақкербездi әмеңгерлiкпен аларлықтай туған iнiсi не басқа жақын-жуығы жоқ. Ендi үш қатыны
бар Тайпан жесiрiн төртiншi тоқал етiп алам дегенде, оған отбасы қарсы болған Малдыбай амалсыздан
ырзашылығын бермеген. Олар сол итырқылжыңмен көп жүрдi. Осы араға Жәнiбек кеп килiктi.
Малдыбай Мамырайды қомсынса да, кеуiл жықпайын деген ниетпен: “Баланың басы байлаулы ғой.
Құда түсем десең, алдымен Тайпанды көндiрiп ал”, — дедi. Соны естiген Жәнiбек Кедей Әйбек бидi
араға сап, Дөсек Тайпанды келiсiмге келтiрiп, жесiрiнен бас тартқызды. Бұл оған қызға берген қалың
малын өсiмiмен төлейтiн болды. Содан кейiн бұл қалың малдың бiразынан бiрден құтылып, қалғанын
кейiннен беремiн деп Малдыбайға сөз салды. Әуелгiде Тайпанды тез көне қояды ғой деп ойламаған
Малдыбай әуелгiде бiраз бұлданып бақты. Ақыры ол өз сөзiн жұта алмай, көп кергiп, бойын балап
барып келiстi. Сүйтiп бұл құдалығы Жәнiбекке өте жайсыз тидi. Оның үстiне бұрын ың-шыңы жоқ от
басына әңгiме-қауға кiретiндей ыңғай да байқалып қалды. Құдiреттi төркiнiне арқа сүйеген әйелi
Айжамал соңғы кездерi сәл нәрсенi сылтау қып, кiржiңдей бередi. Кейде бұрынғыша ашылысып
сөйлеспей, iшiн бермей, тымпиған жүзi сұрланып, не болса соған мiнез шығарып та қалады. Бiрақ
тоқал алу қазақ үшiн үйреншiктi шаруа екенiн бiлетiн ол одан әрiге бармайды. Соны көрiп, кейде
Жәнiбек те ойға қалады. Рас, Мамырай мен оның әкесi Жәдiгер бесiк құда болды. Жәнiбек он жетiге
шығар шықпаста Айжамалды келiншек қып түсiрдi. Одан бiр-екi нәресте сүйдi. Ол бiрақ келiншегiн
жақсы көрем бе, көрмейiм бе деп ойланып жатқан да жоқ, әкесi айтты — алды. Әзәлдан келе жатқан
әдет-ғұрып солай. Тек кейiннен медiреседе оқып жүрiп, осы әйелiне онша бауыры езiле қоймайтынын
аңғарды. Шығыс шайырларының, әсiресе, өзi мәдрәсәда шәкiрт болып жүргенiнде құмарта оқыған
Хожа Хафиздың құпия сырға толы, сиқыры көп сұлу ғәзәлдарынан сүйiспеншiлiк, махаббат дегеннiң
болатынын бiлдi. Мұның Ақкербезге құда жiберуiнiң басты себебi де осы едi. Екiншi себебi —
Малдыбайдың қызын алса, кейiннен Көнек руына мұның сөзi өтетiн болады. Ел басқару iсiнде қалтасы
тоқ iрi байды бiр қажетiне жаратады. Ол өз алдына. Сол жолы Қуаң бойындағы Қожанияз қамалының
бастығы Уәйiс Нияздан кеуiлi суып қайтқасын ағасы Елдеске басу айтып, кiсi жiберген. Бiрақ ағасы
айтқанына көнбедi. Ол Тоғанақ батырмен бiрiгiп ап, Шөмекейлерден мыңға тарта қол жинап барып,
Хиуа қамалын талқандады. Уәйiс Нияз аз ғана жасауылымен әзералдалап қашып құтылды. Со жолы
ақкөз жiгiттер тау қиратқандай боп елдерiне лепiрiп қайтты. Жәнiбек мұның соңы қиын болар деп
түйген. Бүгiн мiне, Тиышбек сол күдiгiн растап кеттi.
Жәнiбек бұл қолдың тегiн жүрмегенiн сездi. Дадабек кек алуға шығар болса, алдымен Елдес пен
Тоғанақтың ауылдарын шабады. Кәзiр Тоғанақтың аулы сонау қашықтағы Қарақты жайлап отыр.
Ендеше Дадабектiң оларға iш тартады деген жақын маңдағы момын ауылдарға көз алартуы мүмкiн.
Демек мұның да биғам отырмағаны жөн.
Ол бiр жамбасына қарай аударылып түстi. Қашанғы қалып алған әдетiне бағып, көзi iлiнiп бара
жатып, кенет селк етiп, оянып кеттi. Есiне Ережеп түстi. Дүмдi жерден шыққан бай бағланы бұған
өмiрi iшiн ашпайды. Екеуiнiң аталары билiкке таласып, араз боп өттi. Бертiнде өз әкесi Мамырай мен
Төртқараның беделдi билерiнiң тұздары жараспады. Мамырай Хиуа ханына қызметке кiргелi бермен,
Қазалы төңiрегiнде ұйысып отырған көп ру iрге ашысып, ашық жаулық қылмаса да, қайымы келгенде
iште жатқан ызғарын көрсетiп қалып та жүр. Әсiресе, былтыр Бозғұлдар мен Төртқараның дауы
үстiнде сол анық байқалды. Бiр-бiрiнен мал барымталаған екi рудың бiр шайқасы кезiнде Ережептiң
үлкен ағасы Өтәлi жазым болды. Бозғұл жағынан және бiр жiгiт өлдi. Осы дауды шешуге Әлiм,
Шөменнiң төбе билерi Аспан Әйбек пен Төртқара Үмбет екi елдiң жiк айыратын жерi Майлыбастың
кезiнде кездестi. Әлiмдер: “Кiсiмiз өлдi, құн төле”, — дедi. Бозғұлдар да мерт болған жiгiтiн бетке
салық қылды. Сол дауда Әйбек би мен Үмбет би екi жақты да айыпты деп бiлiп, азаматсыз қалған екi
шаңыраққа ортадан мал шығартып, құн төлетiп, ала ауыздықты тыйғандай болған-ды. Соны көрген
былайғы жұрт: “Пай, пай, қара кылды қақ жарған әдiлдiгiңе болайын! Билiгiн бұрмай тура айтқан
төбедей екi би аман болса, әлi талай ертеңгi атқан орыстың зеңбiрегiнше еңiрер. Тусаң ту!»— деп ырза
болысқан. Әлiм жағы да тiс жарып ештеңе демеген. Тек кейiн келе Құрманай Рүстем дейтiн
тышыраңдаған бiр қу: “Шөмекейлер қулық жасап, дауды Майлыбастың кезiнде өткiздi. Үмбет би:
“Мамырай Хиуаға арқа сүйейдi”,— деп мәмiленi бостау айтты. Бiз бұл билiкке ырза емеспiз”, — деп,
қаңқу сөздi онсыз да қыбыр-жыбыры басылмай тұрған ел iшiне таратып жiбердi. Оған Ережеп те
қосылып кеттi. Осы сөз құлағына шалынған Үмбет би бiрде той-томалақта кездесiп қалғанында:
“Ағайын арасына әрекет кiргiзер сөз айтып, ел тиыштығын бұзғалы жүрсiң бе? Одан да татулық, бiрлiк