60
— Сонда... қалай қарай жүресiздер?
— Мiне, соны сiзбен ақылдасқалы қелiп ем, — деп Ахияр оған жата жабысты. — Бұрынен сауда
керуендерi мына Ақмешiт, Созақ, Шымкент арқылы Ташкент шәһарына баратын. Одан әрi Қоқан
хандығының үстiмен Бұхараға жететiн.
— Жолшыбай салық төлеп, шаш-етегiнiң түгi қалмайтын, — дедi Ережеп жалпақ бетi жайыла
күлiп.
— Иә...— Ахияр тiлiн тiстей қойды. Сосын тез арада жөн тапты. — Ендi... былай... дәулетi асып-
тасып жатқан Ресей мемлекетi үшiн салық төлеу бұйым емес. Бiзге ең қиыны — жол бұру. Сiзден
сұрайын дегенiм, осы Қызылқұмның үстiн басып өтiп, Бұхараға жетуге болмай ма?
Ережеп кенет енжар тартып, мұның сұрағын табан астында ұмыт қалдырып, есiк жаққа қарады.
Қызметшi жiгiтке иек қақты. Ол iшке тегене толы қымыз әкеп, сырлы ожаумен сапыра бастады. Үй
iшiне бабымен ашыған қымыздың ашқылтым ұнамды исi жайылды. Ережеп сырлы тостағанға
құйылған қымызды алып берiп жатып та үндемедi.
Ахияр мына мырзаның оңайлықпен уысына түспесiн бiлiп, iштей қоңырая бастады. Петербургтiң
көпiршiген шампанына үйренiп қалған ол қымыздан бiр-екi ұрттады да қойды. Бiрақ қашанғы қалып
алған дағдысынан аспай, тыжырынып отырғанын әзәзiл күлкiмен бүркеп, оған түсiн жылыта қарады:
— Қымыз бек әйбәт екен.
— Онда... алсаңызшы.
— Алып отырмын, — Ахияр жорта күлдi. — Сiз сонымен менi Ақмешiтке қарай сiлтеп жiбергелi
отырсыз-ау.
— Оны қайдан бiлдiңiз? — дедi Ережеп кенет еңсерiле қарап.
— Ендеше... неге үндемейсiз?
— Е, е, — дедi Ережеп ыңырана сөйлеп. — Мен сiзден жолды қызғанып отырған жоқпын, бүгiнгi
күнi сiлтерiн сiлтеп, ертеңгi күнi ақ патшаның алдында жауапқа тартылам ба деп қорқып отырмын.
— Неге?
— Тура жол кәуiптi. Кез келген жерде хиуалықтардың керуендi талап кетуi мүмкiн
— Е, со-ола-ай деңiз. — Ахияр iшiнен: “Значит, жол бар”, — деп түйдi. Тек соны мына мырза
айтпай, бағасын өсiргiсi кеп, қиындатып отыр. — Бiрақ Ресей мен Хиуа арасында сауда керуенiне
тимеу жайлы келiсiм бар.
— Олар келiсiмге қарай ма?
— Қарамаса... ақ патша Хиуамен соғысады.
— Сүйтiп оны да Ресейге қосып ала ма?
Ахияр күйген кiрпiштей қызыл қоңыр бетi кешкi майшам жарығында күреңiте түсiп, мына
сұрақтың әр жағында жатқан қалың қыртысты аңдауға тырысты. Әдейi алдындағы тостағанға қол
созып, қымыз iштi.
— Жоқ, — дедi аздан соң. — Ақ патша өз ерiктерiмен қосылғысы келген елдердi ғана
қамқоршылығына алады. — Қаншама өтiрiк айтса да, бетi бүлк етпейтiн ол осы жолы өзiн мына
мырзаның пысы басып отырғанына таңғалды.
— Өзiм де солай ойлап ем, — дедi Ережеп мұртынан күлiп.
Ахиярдың iшi қылп ете қалды: “Сенген жоқ-ау. Жоқ,әлде сендi ме?”
Ережеп ойламаған жерден тосын мiнез шығарды:
— Сiз бiлмейтiн шығарсыз, осы өлкеде Арынғазы деген хан болған. Ол ақ патшаға бағынбай, қазақ
боп, бөлек отырғысы келген. Соны қайсы бiр жылы ақ патша Петерборға шақырып ап, жiбермей
қойды.
— Оның жайын бiлем. — Ахияр сол жолы Арынғазыны Петербургке өзiнiң шақыра келгенiн есiне
алды. — Ақ патша ханды сауда керуендерiн талағасын сүйттi. Ал мына Ресейге бодан болған Кiшi жүз
бен Орта жүз хандарына ұлы ағзам қысымшылық жасап отырған жоқ.
— Дұр-р-ре-ес, — дедi де, Ережеп қолындағы тостағанын сәл шайқап, қымыз iштi.
Ахияр оған сенбей қарады. Сырын сыртына шашпай, жымия қалған жүзiне, селдiрлеу мұртына,
әсiресе, әлдеқандай қуақы ұшқын лып-лып етiп, лезде сөне қалар қой көзiне барлай қарады. Қараған
сайын мына мырзаның ойы да, ниетi де мүлдем басқа екенiн танығандай болды ойы, ниетiң ол қылп
ете қалды. Iш жағынан бұтен бiр дауыс: “Өз ниетiң де басқа емес пе? Осы жолы ақ патшаға Бұхара,
Хиуа, Қоқан хандықтарының жай-жапсарын, әскерiнiң күрамын, қару-жарағының сапасын, қатынас
жолдарын бiлiп қайтып, хатқа тiзiп берсем, шен алам деп дәме қылып жүрген жоқсың ба?»— дедi.
Сосын ол қолын бiр сiлтедi. “Күл болмаса, бүл болсын”, — дедi өзiне өзi. Шындығына келгенде, орта
Азияға сұғын қадап отырған Ресей патшасының жансызы боп, басына шалма орап, саудагер боп барып
қайтқан жаңғыз бұл ма? Оған осы қазақтардың өздерi кiнәлi емес пе? Ағайын мен ағайын өкпелесiп
қалса да, ойбай, паналата гөр деп, тура ақ патшаға қарай шабады. Соны көрiп-бiлiп отырған ақ патша
аузына өзiнен өзi кеп түскелi тұрған батпан құйрықтан тiрiде айрылсын ба? Кәзiр Бiрiншi Николай
патша Орта Азия мен Үндiстанға шығу үшiн қазақ сахрасын басып алудан басқа жолдың жоқтығын
жақсы бiлiп отыр. Бүгiннiң өзiнде Ресей сайын далаға Сiбiр және Батыс жақтан сұғына енiп, қаптаған
бекiнiстерiн салып та үлгердi. Патшаның ендiгi көздегенi — Қоқан мен Хиуа хандықтары. Ол
солардың жай-жапсарын бiлу үшiн бiрнеше рет экспедиция да шығарған болатын. Сондай бiр сапарда,
1741 жылы Д.Гладышев, Муравиндер Арал теңiзiн қартаға түсiрiп
қайтқан едi. 1838—42 жылдары
ағылшындар Ауғанстанды басып алғасын ақ патша Хиуа мен Бұхараға кiсi жiберудi күшейттi. 1841
жылы Бутенев жөне капитан Никифоров экспедициялары Бұхара мен Хиуаға келдi. 1842 жылы
подполковник Данилевскийдiң экспедициясы Хиуа ханы Рақымқұлмен келiссөз жүргiздi. Ендi
Ахиярдың өзi сауда керуенiн бастап, Бұхараға келе жатыр.
Ол қозғалақтап қойды. Есiне 1839 жылы Орынбордың әскери губернаторы В. А. Перонскийдiң
Бiрiншi Николай патшаның рұқсатымен қысты күнi Хиуаға жасаған жорығы түстi. Бұған дейiн