61
Маңғыстауда Ново-Александровск бекiнiсi салынса да, ол жолды жақсы бiлмейтiн едi. Ақыры көп
әскерден айрылып, масқара боп, керi қайтты. Кеше сол сәтсiз жорық есiне түссе керек, Орынбордың
генерал-губернаторы мұртын шиырып қойып, мұның арқасынан қағып: “Байқа”, — деген. Бұл соған
әжептәуiр марқайып қалған едi.
Ендi мына мырзаның сыр алдырғысы келмей, жорта маңқиып отырғанына Ахиярдың iштей жыны
келдi. “Далиған далаңның бар пұшпағы қағаз бетiне түскенiн де бiлмейдi. Айтпасаң қой”, — деп,
қоңырайып бiраз отырды. Неде болса Ақмешiт үстiн басып өтетiн болды. Мұның шошынып отырғаны
соңғы жылдары Бұхара мен Қоқан ханы жауласып, бiр-бiрiне алакөзбен қарап жүр. Бiрiне бара жатқан
сауда керуенiн екiншiсi талап алады. Ал Ташкент шәһары билеушiге күтаймай, қолдан қолға өтiп жүр.
Ахияр осылайша жауласып жатқан жермен жүрудi қолай көрмеген. Арал теңiзiн айналып, Үстiрт
арқылы бару — өте бұру. Бұхараға баратын төте жол — Қызылқұм. Бiрақ бұл оның жай-жапсарын
жетiк бiлмейдi. Ендi қалайда мына мырзадан суыртпақтап сұрауды ойлап:
— Әрине, сiздiң жағдайыңызды түсiнем, — дедi ол орысша ойлап отырып. — Бiр көрген кiсiге
ағынан жарылу шикiлiк болар едi. Мен бiрақ достық кеуiлмен келдiм,— деп ол қызметшiсiне иек
қағып, күймелi арбадан теңдi алдырып, шешкiздi. Ережептiң иығына шапан жауып, алдына бiр буат
көк мауыты тастады. — Мынау менiң сiзге тартқан сияпатым.
— Алдыраз болсын, — дедi көп дүниенi көрген Ережеп кеуiлденiп. Жаңағы қолдан жасап отырған
сабырынан жаңылып, иiлiп-бүгiле бастады. — Мырза, қымыз алыңыз. Ұзақ жол шаршатқан шығар,
жатып дем алыңыз. Айтпақшы, басқа жiгiттерiңiз қайда?
Ахияр керуеннiң қонып жатқан тұсын жорта басқа жаққа сiлтеп айтқан болды.
— Өте дұрыс еткенсiз, — дедi Ережеп дыбырлап. — Оларды ауыл үстiне әкелуге болмайды. Ертең
алып қашты әңгiме тарап кетедi. Ал, жаңағы жол жайын бiлетiн кiсi бар.
— О кiм?
— Осында бiр кiсi. Ертең шақырып алам.— Ол қызметшi жiгiтке бұрылды. — Ана қатындарға айт,
тамақты тездетсiн.
Ахияр дәм үстiнде мырзадан сыр тартып байқады:
— Ұлы хан Мұхаммәд-Инақ қарауындағы мұсылман жұртына жайлы шығар?
— Айтары жоқ, — дедi Ережеп күлiп.
— Шынымен бе? — Оның жүзiне аңыра қараған Ахиярдың бұзаудың көзiндей екi көзi мөлиiп
кеттi.
— Қайдағы? — Ережеп ақырын сөйледi. — Жыл сайын алатын ұшыр, зекетi аздай, елдi шабады.
Малымызды тартып алады. Былтыр соған ызаланған халық Құртөбедегi Хиуа қамалын тас-талқан
қылды.
— Апырмай, ә?!
— Рас, рас. Ел қозғалса, қиын қой. Жақында соны жөндеуге қол келiп жатыр.
— Сонда... халық Хиуа ханына ырза емес қой?
— Әрине.
— Осы қазақ та сарт па? — дедi Ахияр өзiне жұмбақ жайдың басын ашып алғысы кеп.
— Сарт дейсiз бе? — дедi де, Ережеп шиқылдап күлдi. Көзiнен аққан жасты сүлгiмен сүртiп
отырып: — Қазақ деген қазақ та, — дедi.
— Сонда қаалй?
— Қазақ деген өз алдына жатқан ел. Ол үш жүзге бөлiнедi.
— Оны... бiлем. Сонда сарт деген кiм?
— Сарт деп қазақтар мына Қаразым мен Хиуа жақтағы отырықшы түркiленген фарсыларды, яғни
өзбектердi айтады. Кейде халық тәжiктердi де сарт дей бередi. Сонысына басып, қазекең: “Өзбек өз
ағам, сарт садағам”, — дейдi. Кәзiр сарты не, өзбегi не — бәрi бiр.
— Өзбектер осы сiздерге жақын ба?
— Ау, жаңа ғана қазақ “Өзбек өз ағам” деген жоқ па? Көнекөз, шежiре кiсiлер бiр кезде Ноғай
ордасы құлағасын Шәйбәни хан бастаған өзбектер iшкi жаққа қарай ауыпты дейдi. Олар Ақсақ Темiрдi
әулетiн Үндiстанға қуып тастады. Сосыс... жаңадан көшпi келген ел — өзбектiктер ана... жергiлiктi,
түркiленген сарттардың абызына кiрiп кеткен. Ал бiз... мұндамыз. Баяғы Алтын орда заманынан кейiн
өзбек, қазақ бiр хандықтың астына бiрiккен жоқ.
“Ендеше бiрiкпей, шаруаларың бiтедi”, — дедi Ахияр iшiнен сылқ-сылқ күлiп.
Ол сол күнi мырза үйiнде қонып қалды. Ертеңiне де аунап-қунап, әл жиғанды жөн көрiп,
Ережеппен оңаша үйде жатып ап, қазақ арасының көп жайына қанды. Кiсi жоқта барлығын қойын
дәптерiне түсiре бердi.
18
Биыл қар кетiп, жер қара тартқалы Жәнiбектiң бар ойын бiр шаруа түгел билеп алған едi. Ол мамыр
айының ортасына таман топырақ қыза, өз қарауындағы бiрнеше ағайынын қос етiп, Қуаң жағасынан
жер жыртқызып, егiс салған. Бiр танап жерге тары, арпа, бидай еккен. Замандар бойы тусырап жатқан
Қуаңның жайпауыттау жазығына шығырмен су тартып, он шақты арық қауын-қарбыз салған едi. Ендi
кәзiр күн қуатынан нәр алып, сабақ тартқан пәлектер қосқұлақтанып, қылтия бастады. Жәнiбек бұл
шаруаға жең сыбанып араласып кетпей, тек бас-көз боп жүр. Iшкi жақтағы кәнiгi дихандардан алған
тәлiмiн. Қасқырбай бастаған жас жiгiттерге үйретедi.
Әкесi Мамырай би болып, ру тiзгiнiн ұстап, ел әңгiмесiне араласа ма деген баласының жер шұқып,
кетпен шапқанын салған беттен ұнатпады. Ол бiрде мұның ауылына әдейi ат басын тiреп кеп, от
басында түйенiң жарты етiндей боп отырып: “Балам, қазақ дейтiн мал баққан ел едi. Ендi сенiң жер
шұқып, сарттың кәсiбiн еткенiң қалай? Апырау, сонда сенiң кiм болғаның?»— деген едi. Онша