Стр. 63 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

62
әзiржауап кiсiсi емес Жәнiбек сәл ойланып: “Ау, адам да, мал да жейтiн жемiн қара жерден алмай ма?
Бiз болсақ, оны малдан алсақ деймiз. Ал сарттар тағамды сол жердiң өзiнен өндiредi. Сонда оның несi
сөкет?” — деген. Сонда Мамырай ойланып қап: “Мынауың өзi... ата-бабамыз iстемеген кәсiп қой.
Түбiнде ел-жұртқа күлкi болмасақ екен дейiм. Қайдам, жаңа заман жолы солай қарай бұрылар ма, жоқ
па, кiм бiлсiн? Бiздiң бар байлықты қойдың төрт бұтының арасынан iздеп кеткенiмiз кеткен. — Сол
арада ол бұған көзiнiң қиығымен қулана қарап, тосын жымиған. — Ертеректе ағарғанды iше-iше жас
бала қаталап қалушы едi. Сондайда әкемiз сарт тамырына барып, меке жүгерiден пiсiрген тандыр нан
әкеп жегiзушi едi. Сәбидiң iшкi құрылысы жөнделгесiн қайтадан қымыз бен шұбатына бас қоятын.
Саған да соның керi келiп жүрмесiн.»Жәнiбек әке сөзiнiң астары қай жыраға апарып ұрындырар деп
аңысын аңдап, сабырын шашпаған.
Содан берi Жәнiбек ой үстiнде жүр. Кейде өзiн Ережептiң сырттай сықақ қылғанын естiп, осыным
бос әурешiлiк пе деп те қояды. Бiрақ iшкi жақтағы өзбек, тәжiк, қарақалпақ ағайындардың баянды
тiршiлiгiн кеуiлiне медеу қылады. Азар болса, солардың кебiн киермiз, бiрақ салқар сахраның қай
сайында жауға жем боларыңды бiлмей, бос сенделгеннен жақсы ғой деп түйедi.
Бүгiн Жәнiбек әдеттегiсiнше ерте тұрды. Таң намазын оқып боп, шайға отырды. Дастархандағы
құрт, май, жентке өзiнен бұрын қол созбай, монтиып отырған балаларын бастарынан бiр-бiр сипап:
— Бисмилла! — деп пәтiр наннан ауыз тидi. Сол екен, бағанадан бермен молла боп отырған қара
домалақтар тәттiнi жапа-тармағай бас салды.
— Ау, әкелерiңе де қалсын да, — дедi Айжамал мейiрлене күлiп.
Жәнiбек алғаш қосылған осы әйелiнiң соңғы кездерi өзiне деген бөлекше ықыласын анық аңғарып
жүр. Әсiресе, бұл Ақкербездiң басын байлағалы төсегiне жоламай, салқын тартқан сайын түн кәдiрi
таңдайына тати бастаған келiншек әлдеқандай уытты сезiм отына өртенiп, ажарымен де, нәпсiсiмен де
ер кеуiлiн өзiне қарай тартқысы келедi. Жәнiбек жастай қосылған келiншегiнiң осы кiнәсiз талабы
үстiнде қатты ыңғайсызданады. Бөтен бiреуге ен салмайын десе, Айжамалға деген ықыласы салқын.
Оған кiм кiнәлi екенiн өзi де анық бiлмейдi. Әкелерi бесiкте жатқан жерлерiнен атастырып, қуатты
қолмен бiр-бiрiн байлап-матап қойды. Жәнiбек мұның жәй ғана тiршiлiк, тек саф махаббат емес екенiн
бiледi. “Сонда бұ қалай? — дедi ол iшiнен. — Бәндә махаббатсыз, ашықтықсыз хайуан боп кетпей
ме?»Ол қозғалақтап қойды. Бiрақ соны басқа жұртқа түсiндiрiп көр. Ер кiсiлердiң бар түсiнiгi — мал
бер де, қатын ал; басқасына бас ауыртпа. Бұл соған iштей қарсы. Әуелгiде тоқал алмайын деп ойлап
жүрген тек Ақкербездi көрген бойда, тұла бойын ерекше бiр қуаныш, жiгер билеген. Сақа тартқанына
қарамастан, қыз ауылына бара бергiсi келетiн. Ендi сол ыстық сезiмiм ертеңгi күнi не болмақ, деп
ойланып қалды.
Сол үстiне жау шапқандай боп Елдес кiрдi. Соңында — бiр топ жiгiт. Арасында Нияз да бар.
Жәнiбек ағасының жайшылықпен жүрмегенiн сезiп, тiксiнiп қалды:
— Ау, бұ не, аманшылық па?
— Қайдағы? — Елдес қамшысымен бiр тартып, есiк алдында жатқан тоқымның ала шаңын бiр
бұрқ еткiздi де, етiкшең қалпы төрге озды. Сосын дүңкиiп малдас құрды да, бұған қарады. Даусы
ызғарлы. — Мына Ережептiң көзiнiң етi өсе бастапты. Кеше Нарман ауылын шауып, сонда қыдырып
барған мына iнiмiздi Мiрәлi сабапты. Кәне, билгiн өзiң айт, бұ қорлыққа шыдап отыра беремiз бе, жоқ,
әлде Ережептен есе қайырамыз ба?
— Есе дейсiң бе? — Жәнiбек ойланып алайын деп, ағасының өз сөзiн өзiне қайыра айтып, дауысын
соза түстi. — Ережептiң Нарман ауылын шапқанын кеше мен де естiгем. Тек түсiнбей отырғаным,
олар осы құйрық-бауыр жескен құда емес пе едi?
— Ол рас.
— Ендеше мынасы несi? — дедi Жәнiбек жорта бiлмеген боп. Бiр жағынан уақыт соза түсiп, ағасы
сабырға түсер ме деген қулығы да жоқ емес.
— Өй, сен де бiр, — деп, Елдес мұны тұздықтап тұрып бiр боқтады да, қолын сермедi. — Құда
болса, Нарманның шаршысына келiп тұрған кезiнде болды. Ендi қитабан кедейге қыз берiп, немене
Мiрәлi ауыш па? Мұның сыры, мiне, осында.
— Е, е, солай де. Онда түсiнiктi. Ал, Нияз оңда неге барған?
— Әй, осы сенiң жоп-жорта милау бола қалатының-ай! — Елдес ат құлағын қағатындай сорайған
тiзесiн күректей қолымен сарт өткiздi.— Ау, Нияз деген серi емес пе? Қарасақалдардың сiлеусiн көз
сұлуының шаңына бiр аунап кетейiн деген шығар. — Ол мұрты едiрейiп, кеңк-кеңк күлдi.
— Шаңға аунауға барып, шақ қауып қайтса, оның несi намыс? Өзiне со керек.
— Ойбай-ау, маған батып отқаны iнiмдi ана мырың Мiрәлiнiң сабағаны боп тұр ғой.
Жәнiбек дәп кәзiр басу айтпаса, әңгүдiк Елдестiң бiр қызыл шатақты бастап жiберетiнiн айқын
сездi.
— Ау, ашу үстiнде қамшысы тисе, тиген шығар. Қамшы мен тiл кәзiр кiмге тимей жатыр? Аға
баласының бiр ашуын көтере алмасақ, сонда не болғанымыз?
— Жоқ, бұл ашу емес, барып тұрған жаулық, — дедi Елдес түнере түсiп.
— Қой әрi, оның жау боп, бiзде несi бар?
— Несi жоқ? Өзi бұқа боп сүре алмаған жесiрiнiң кегiн кешпейдi.
— О да мүмкiн. Дегенмен де қызбайық. Ақылға салайық.
— Өй бүйткен ақылыңның iшiн с...! Әйдә, кеттiк! — деп Елдес жын ұрғандай сыртқа атып шықты.
Әпербақан жiгiттер оның соңынан өре түрегелдi.
Жәнiбек ағасының ашу үстiнде бiр сойқанды iстеп тастарын бiлдi. Iзiнен ере шығып, Елдес мiне
берген аттың шылбырына жармасты:
— Тоқта! Осы сен не iстегелi бара жатсың, а?
— Оны мен саған айтам ба?