Стр. 65 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

64
Жәнiбек үндемедi. Күле кiрiп, күңiрене шығатын кiсiнiң өзiне қарай қиялап келе жатқанын байқап,
сәл ашыла түстi де, аяғын тартып ала қойды. Мына хабар оның үстiнен жай түсiргендей болды.
Әбдiраманның қоштасқанына салғырт бас изей салды. Егiстiкке бармай, үйiне қайтып кеп, iргенi
түргiзiп, жатып алды. Ойы сан-саққа жүгiрдi. Мына керуен тартып, кiсi жiберуiне қарағанда, орыс
патшасының Сыр бойына аузын мықтап салмақ ниетi барлығы ап-айқын. Бiрақ оған Хиуа мен Қоқан
хандары көне қоя ма? Жәнiбек бiр жанына аударылып түстi. Есiк жақтағы кебеже үстiнде тақталанып
жиналған араб, парсы, түркi тiлдерiнде тасқа басылып шыққан кiтаптарға көзi түстi. Мұның Бұхарада
оқып жүргенде ат пен түйедей қып, хан базарда сатып алған қымбат қазынасы. Олардың iшiнде
“Құран” сүрелерi мен аяттарының мән-мағынасын түсiндiретiн тәфсирлермен қатар, көне Юнан, Үндi,
Шын, Рум жұрттарынан шыққан пәлсәпашылардың жазғандарын ұғынықты етер кiтаптар да бар. Әл-
Фараби, ибн Рушд, ибн Сина, әл-Бируни, әл-Хәрәзмидiң кiтәбтары, фарсы, шағатай тiлдерiндегi Қожа
Ахмет Яссауидiң “Дивани хикметi”, Софы Аллаяр, Сүлеймен Бақырғани, Хожа Хафиз, Муслих әд-дин
Сә‘әди, Рабғузи, Әлишер Науаи, Жәми, Физулилардың диуандары өз алдына бiр төбе. Сол
данышпандардың жазғандарына қолы сусап жеткен бұл бiлiмнiң мөлдiр қайнарынан қанып iшкен-дi.
Тiршiлiктегi сан алуан сұраққа солардан жауап табатын. Ендi басын қатырған мына жағдайдан
адастырмай алып шығар тура жолды сiлтейтiн кiсiнi таба алмай, дел-сал боп жатыр. Құдайға сенiп,
басқа салғанын көрермiз деп жата беру естi кiсiнiң шаруасы емес. Құдайдың өзi сақтансаң сақтармын
деген. Ендеше.. Оның есiне Бұхара медiресесiндегi ұстазының бiр айтқаны түстi. Өмiрi кiсiге iшiн бере
қоймайтын ол бiрде өз жайының айбанында мұнымен оңаша қалған сәтiнде: “Бағдад халифаты
тұсында қауымның күштi болғаны — бәрiнiң бiр патшалыққа бағынғаны едi. Кейiннен әркiм ұлан-
байтақ халифат жерiн пұшпақтап, кесiп-кесiп алды. Бұл жағдай ала ауыздық тудырумен қатар,
қауымның күшiн әлсiреттi. Имамдардың ендiгi шаруасы күллi жұртты қайтадан бас бiрiктiруге
уағыздау”, — деген-дi. Жәнiбек қалың сақалды, мұртын үнемi ұқыппен сәндеп жүретiн ұстазының бұл
сөзiне таңғалған. “Сал-сал”, “Зарқұм»дейтiн қиссаларда асқақтата жырланатын Әзiрет Әлi қылышына
қарсы жәһилдердiң бiр де бiрi бас көтере алмайды деп ойлайтын. Сол жолы ұстазының әңгiмесiнен
Шарқы елдерi жайлы көп мәлiмет алды.
Жәнiбек кәзiрде де, неге екенi белгiсiз, соны ойлады. Тек iштей өзiнiң көп жайға шәк келтiретiнiн
байқады. Соның үстiне у құя түскендей боп Ережептiң үйiне керуен басшысының арнайы келуi
мазасыздандыра бердi. Iшiнен: “ Ол мұнда нағып жүр? Ол Ережепке неге келген? Сонда бұ не өзi?
Әлдә... жансыз боп кеп, бiздiң жағдайымызды бiлу ме?»— деп, Жәнiбек ойға шомып, бiраз отырды.
Ақыры басына бiр ой түсiп, орнынан батыл тұрды.
19
Ядгарбектiң Сыр өңiрiне бұл сапары ойда-жоқта басталған едi. Өзi Хиуа тағына Қайыпұлы Батыр,
Елтозар хандардан кейiн қожа болған Қоңырат Мұхаммәд-Инақ арқа сүйеген елден шықса да, соңғы
жылдары Орта Азия хандарының бiр-бiрiн дамылсыз шабуы қалың елдi қажытқанын көрiп, батыл
сөздер айта алды. Осыдан пәленбай жыл бұрын салқар сахраның ортасына қоныс тепкен бiр шоқ
гүлдей Соғда, Бактрия, Парфия, Мәуәр ән-нәхр, Қаразым жерлерiнен құт қаша бастағанын анық
байқады. Әсiресе, Мұхаммәд-Инақ таққа мiнгелi, тиыштық жоқ. Ол терiс азу жаугер қалың түрiкмендi
уысымда ұстап тұрам деп, көп жыл бойы ат белiнен түспедi. Сосын осы шайқас тұсында орталанып
қалған қазынаны қалпына келтiрем деп, Хорасан мен Мәрудi оннан астам рет шапты. Мұндай не
бiтпейтiн, не қоймайтын жорықтар елдiң титығына жеттi. Өткен жолы ол хан кеңесiнде Мұхаммәд-
Инаққа осы жайлы шет жағалап айтқан едi. Алтын тақта өткiр, қара көзiмен уәзiрлер мен
әскербасылардың беттерiндегi сәл ғана өзгерiстi де қалт жiбермей бағып отырған орта бойы, қоңыр
жүздi, дөңгелек сақалды Мұхаммәд-Инақ: “ Неге?»— деп бұған тосын сұрақ қойған. “Уа, Аллатағалам
басқа бәндәларынан аса артық етiп жаратқан, ақыл-ойы көл-дария алдияр ұлы хан, — деген Ядгарбек
оң қолын кеудесiне қойып, басын иiп. Ол осы ұзақ сөздi асықпай айтып, сәл ойланып алған-ды. —
Сiздiң көрегендiгiңiз бен данышпандығыңыздың арқасында билiгiңiзге қараған исi халық кеуiлдерi
хош боп, шат-шадыман бақытты өмiр сүрiп отыр. Мына Әмудариядан сонау Сырдарияға дейiнгi ұлан-
байтақ өңiрде, Қаразымның өзiнде Сiз сұраған түркмендер елi мен Мәруде әлдеқашан қой үстiне
бозторғай жұмыртқалаған заман орнады. Кәзiр сiздiң сол Аллатағалам тасытқан абыройыңыз бен
бағыңызды бақталас дұшпандарыңыз көре алмай отыр. Халқыңыз да, бiз де Аллатағаладан сiздiң
өмiрiңiздiң ұзақ боп, нұр сипатыңыз таси берсiн деп тiлеймiз”, — деп, ол демiн бiр алған. Жiгiт кезiнен
бастап сансыз рет қайталаған бұл сөздердi жатқа айтып тұрып, ол тағы да ойланып алды. “Айтсам ба.,
айтпасам ба?»Ақыры ол тәуекел дедi. “Ұлы мәртебелi ханым, мына ақылы шолақ, жұмыр басты
құлыңыздың Сiзге айтсам ба деген бiр даты бар едi”. “Датың болса, айт”, — дедi Мұхаммәд-Инақ түсiн
бермей. Оның даусы бiр түрлi қарлығып шыққандай болды. Ядгарбектi сол сескендiрдi. “Сенбесе,
қиын-ау”, — деп ойлады. Бiрақ өз көкiрегi сезген қиын жайды кәзiр ашық айтпаса, ертең мүлдем кеш
болатынын сездi. Қорқа соқтап, Мұхаммәд-Инақтың қалайда оң қабағына iлiксем деп құлдық ұрып
жүрген Сафар биге қарады. Ол бетi бiр уыс боп, шүңкиiп, сары шанаштай жүзi жиырылып, көзiн
жұмып, мүлги қалған екен. Ядгарбек соның алдын алуды мақұл көрдi. “Уа, Аллатағалам барша жаннан
артық етiп жаратқан ұлы мәртебелi ханым, шолақ ойлап, жаза бассам, еш айыпқа бұйыра көрмеңiз”.
“Иә, айта бер”. “Гәп былай, ұлы ханым. Бұхараны билейтiн Маңғыт әулетi алысты көрмей, ағайынды
шауып, айласының таяздығын әбден көрсетiп отыр. — Бұл Ядгарбектiң тәсiлi едi. Маңғыт әулетiн
сынап отырып, ол бiр оқпен екi қоянды көздеген-дi. — Олар мұсылман қауымының арасына iрiткi
салды, ала ауыздық отын өршiттi. Қоқан ханы да ел бiрлiгiн ойламай, Ұратөбе үшiн соғысып, берекенi
қашырып отыр. Мұндай жағдайда исi Қаразым мен Мәуәр ән-нәхрдағы қожалықтың берекетi мен
аман-саушылығын сiзден басқа ешкiм де сақтай алмайды”. “ Иә”, — дедi Мұхаммәд-Инақ аздап түсi