Стр. 66 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

65
жылып. “Кәзiр сонау Дәшти Қыпшақ даласынан бастап, Қаразым, Мәуәр ән-нәһр, Қашқар, Хорасан,
Яркендке дейiнгi ұлан-байтақ алқапты алып жатқан Түркiстан жұртының терiскейден төнiп келе
жатқан кәуiпке назар аударғаны жөн деймiн”. “Иә”, — дедi Мұхаммәд-Инақ аздап сазара бастап.
“Бүгiнде ақ патшаның бекiнiстерi Сыр бойына жақындап та қалды. Бұлай қамсыз отыра берсек, ертеңгi
күнi бармақ тiсте-уiмiз бек мүмкiн”. “Неге? — дедi Мұхаммәд-Инақ қабағын шытып. — Орыс патшасы
мен бiздiң арамызда бiр-бiрiмiздi шаппаймыз, еркiн сауда жасаймыз деген келiсiм бар”. “Уа, ұлы
мәртәбәлы ханым, саясаттағы келiсiм, “Құран” ұстап ант бергенмен бiрдей бола бермейдi. Менiң
кiсiлерiмнiң айтуынша, Хиуаға келген орыс саудагерлерiнiң арасында жансыздар көп. Бiз олардың
бiрнешеуiн ұстап алдық, — дедi бұл басын иiп. — Менiң ойымша, ақ патша Сiбiр және Атырау, Сыр
жағынан түбiнде бiздiң қожалығымызды жаулап алуды көздеп отыр ма деймiн”. Мұхаммәд-Инақтың
ұқыппен бастырылған қою мұртының келте шалғысы аздап дiр ете қалды. Қоңыр жүзiне болмашы қан
жүгiргендей болды. “Оған қандай дәлелiңiз бар?” “Ұлы мәртебелi ханым, кейiнгi жылдары Ресей мен
Англия арасындағы шатақ осыған меңзейдi. Олар, менiңше, Орта Азия мен Үндiстан жерiн қайсымыз
басып аламыз деп таласып отыр. Өзiңiз инглизларның Ауғанстанда тұрғанын жақсы бiлесiз...”
Мұхаммәд-Инақ лағыл көздi жүзiк салған қолын сәл сiлтеп қалды. Бұл сөзден тыйылып, басын иiп,
орнына отырғасын, хан басқа кеңесшiлерiне жағалай қарады: “Сiздер қалай ойлайсыздар?” Кiлең
жалпылдақ бастарын иiп, майда дауыспен жамырай жөнелдi: “Пайғамбардың жасыл туын Қаразымда
тiк көтерiп тұрған ақылгөй де данышпан Сiзге бiр де бiр дұшпанның қарсы қол көтеруi мүмкiн емес”.
“Сiз ақ патша әскерiн тас-талқан қыласыз”. “Сiз...” Мұхаммәд-Инақ ендi бұған көзi ызғар шаша
қарады: “Көрдiңiз бе, жамиғат былай дейдi. Ендеше жоқ жерден жау табудың керегi қанша?”
Соның соңы осы. Ядгарбек ұлы ханның пәрмәнымен Сыр бойындағы көп жұрттың хал-жағдайын
бiлiп келуге жiберiлдi. Осында келгелi ол көп жайға қанды. Сыр елi қанағатсыз зекетшiлердiң
зорлығына қатты наразы. Салық төлер кезде қазақтар малын айдап, сонау ақ патшаға қараған кең
даланың iшiне сiңiп кетедi екен. Соған ызаланған сарбаздар Сыр жағасындағы жатақ ауылдарды
талайды. Осы зорлық тыйылмай, жалғаса берсе, ертең патша әскерiмен соғысатын күн туа қалғанда,
қазақтардың Хиуа ханын қолдай қоюы екiталай. Бұл соны Мұхаммәд-Инақтың көрмейтiнiне
ызаланады. Ол қалың бұқараны айламен ұстап отыру орнына, қорқытсам дейдi. Рас, көзi қорыққан ел
күштi ханды амалсыз сыйлайды. Бiрақ шын ықыласымен құрмет түтпайды. Ондай жұрт өзiңнен зор
шықса, соның сойылын соғып кете барады. Көрiп жүрмiз ғой: жат ұлықтың алдында
жағымпазданғанда, кейбiр месқарын дөкейлер қолды-аяққа тұрмай кетедi. Табанымды сүй десең,
жеркенбей, сүйе салады. Оңаша шыққасын, қара көлiкке қоқая мiнiп, ырғай мойнын құрықша созып,
тiлiн шайнап, кергидi де қалады. Сақау болса да, соныкi дұрыс; аузы қисық болса да, соның айтқаны
құп. Осындай сатымсақ басшылар ел тiзгiнiн ұстап тұрғанда, ел қамын жейтiн ақылды кiсiлерге тақ
маңынан орын жоқ. Әлгiндей сақау, сасық хандар оларды есебiн тауып құртады. Кеше мұны да
сүйтпекке бел байлады. Жағымпаз Сафар неше түрi өсектi тасыса керек, ханның бұған жүзi жылымай
қойды. Кейiнiнен әлдеқандай есеппен мұны Құмқамал бекiнiсiне жiбердi.
Ядгарбек аузы баққа қараған айбанда отырып, екiндiге құлап бара жатқан күнге бiрер көз салды.
Аспан шайдай ашық. Түске тарта қайнап кеткен шiлде аптабының пәтi қайта бастаған. Ол кiшкене
кеседегi суып қалған көк шайдан бiр ұрттап қойды. Қасында үнсiз отырған Дадабекке көз де салмады.
Қайта-қайта хандық жайын ойлады. Сөз жоқ, Қоқан, Хиуа хандары да, Бұхара әмiрi де билiктiң бiр
қолда боп, жұмылған жүдырықша түйiлгенiнiң тиiмдi екенiн бiледi. Бiрақ ешқайсысы да өз тақтарынан
айрылғысы келмейдi. Сонда бүткiл Түркiстанның тағдыры шешiлгелi тұрған аласат сәтте қарақан қара
бастың қамын жеген дұрыс па? Соны неге олар ойламайды? Неге үш жақта жатқан үш хан ауыз
бiрiктiрмейдi? Оның орнынан, олардың үшеуi де iштей дүрдараз. Сол шатақ әлге дейiн басылар емес.
Соны сауда керуенiн жiберген боп, әбден сыр тартып үлгерген ақ патша көрмей-бiлмей отыр деймiсiң?
Мықты болса, Мұхаммәд-Инақ соны неге ойламайды? Неге үш хандықты бiрiктiрiп, бiр орталыққа
бағынайық демейдi? Сол сөздi неге Хұдаяр, Насруллалар айтпайды? Олардың шынайы ақиқатты көре-
бiле тұрып, шекер татыған тәттi өтiрiкке ден қоятыны несi?
Ол осында келгелi хан әмiрiне қазақтардың қорыққанынан бой сұнатынын көрдi. Сол жөнiнде сыр
тартпақ боп, Дадабекке:
— Қадырданды бек, осы... қазақтардың ұлы ханға деген пиғылы қандай? — дедi алдындағы
кiшкене кесеге көк шай құйып жатып.
— Жүдә яхши, — дедi Дадабек қалың қабағын сәл көтерiп. Сол сәт орақ мұрнының екi жағын ала
жайғасқан күшiген көзiнде бөлекше бiр күдiкке толы суық ұшқын лып-лып етiп барып сөндi.
— Сонда... хан билiгiн толық қолдай ма?
— Әлбәттә.
— Онысы... жүдә яхши екен, — дедi Ядгарбек қоштаған боп. Тек iштей Дадабектiң өтiрiк айтып
отырғанын бiлiп, шiмiркене бастады. — Демек, ертең ғазауат соғысы бола қалса, қазақтар тегiс атқа
мiнедi ғой?
— Оған не сөз бар? — Дадабек жалпақ ернiн кере ыржиды. — Мiнбесе, мiнгiземiз.
— Қорқытып па?
— Әрине.
— Ау, ол деген...
— Мархабатли бек, қараңғы халық ақыл-ойдың күшiнен гөрi қара күштi қатты сыйлайды. Олар
тоңқылдай бастаса, бiр-екеуiнiң кәлләсын былай, қылышпен қағып кеп тәшләсаң, қалғандары қойша
шұбырады. Қазақ та бiр — қой да бiр.
— Неге? — дедi Ядгарбек оның сөзiн жақтырмай. — Ел қой емес.
— Алдап қою үшiн солай деген де... Бiр жағынан, дұрыс. Бiрақ, көрiп жүрмiз ғой, қазақ деген
күштiнi ғана сыйлайды, бәтуалы сөзге қолын бiр-ақ сiлтейдi. Менiңше, оларды уыста ұстап тұрудың
бiр ғана төте амалы бар.