Стр. 67 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

66
— О қандай амал? — дедi Ядгарбек шыныменен таңғалып.
— Ол былай. — Дадабек сұсты жүзi жылып, бетi жайыла күлiмсiредi. — Баяғыда үш қазақ, үш
өзбектi Алатағалам бейiштiң қақпасының алдына әкелдiрiптi. Сосын Әзiрейiлге: “Үш өзбекке алты
күзетшi қой”, — дептi. Әзiрейiл оған: “Ау, неге?”— деп сұрапты. Сонда Аллатағалам оған: “Ойбай,
олардың ауыздары бiр. Мықты болмасаң, күзетшiнi не алдап кетедi, не өлтiрiп кетедi”, — дейдi. “Ал
қазақтарға ше?” “Өй, оларға еш күзеттiң керегi жоқ”. “Ау неге?»“Үш қазақ бейiшке әуелi мен кiрем,
мен кiрем деп таласып, бiрiн бiрi өздерi-ақ кiргiзбейдi”, — дептi Аллатағалам.
— Мынау... қызық екен.
— Ең қызығы әлi алда. Бұлардың арқасына шен-шекпен жауып, екi танауын шелектей ғып қойсаң,
ақысына бiр шығасың. Шүберекке таласып, бiр бiрiн өздерi-ақ ұстап бередi. Әсiресе, басшысы етiп
олардың iшiнен сақау-мақау, шақшабас, өңкиген-сөңкигендерiн қойсаң, тамашаға бiр батасың. Әлгi
сақау-мақауы тiлiн шайнай сөйлеп, бүткiл Хиуаны бiр өзi билеп-төстеп тұрғандай бар астығын, мал-
мүлкiн өз халқынан тартып ап, қазынаға тапсырады. Онысы қулық ашса, тағы бiр амалы бар.
— О қандай?
— Қазақтардың iшiнде ақ селеуше иiлгiш жағымпаздар жетерлiк. Соларды айдап салсаң, бiрiн бiрi
қаралап, ұстап бередi. Сен сосын әлгiлердiң кәлләларын...
— Апырмай, ә, — деп, Ядгарбек ойланып қалды.
Сол үстiне Жәнiбек кеп кiрдi. Iлтипатпен амандасып, бұл нұсқаған жерге отырды. Ядгарбекке
мына жiгiттiң тұрпаты басқа қазақтардан бөлектеу көрiндi. Оның Бұхарада медiреседе оқығанын
бiлгесiн, аздап iшiн тарта бастады. Еру әңгiмемен уақыт өткiзе отырып, Ядгарбек бағанағы күдiгiнiң
расқа шығып келе жатқанын аңдағандай болды.
— Әрине, ол тентектiк, — дедi Жәнiбек сәл басын иiп, былтырғы Хиуа қамалын қазақтардың
қиратқаны сөз болғанда. — Бiрақ жалпы ел Хиуаның ұлы ханы Мұхаммәд-Инақты қадыр тұтады.
— Ендеше... олар неге зекет төлеуден қашып жүр?
— Ондайлар бiрлi-жарым ғой. Бiреу сүйттi екен деп, жалпы халықты қаралауға бола ма? — дедi
Жәнiбек қулана жымиып.
— Ал, қазақтар ақ патшаға қалай қарайды?
— Ояғын... бiлмедiм.
— Осы ақ патшаға алғаш рет ант берген Әбiлқайыр хан емес пе?
— Иә, — дедi Жәнiбек әлденеге сергек тартып.
— Ол сонда... осы кiмнен қорыққан?
— Жоңғар мен Қытайдан.
— Басып алады деп пе?
— Әрине.
— Ол ант берген жылы Жоңғар мен Қытай өзара қырқысып жатқан жоқ па едi? Өзара соғыста
әлсiреген манчжурлар кiмдi жаулап ап қарық қылады? Осы жерде ақ патша айла асырып кеткен жоқ
па? — дедi Ядгарбек оның жүзiне жылмия, барлай қарап отырып.
Жәнiбек жүзi қап-қара боп, үндемей ойланып отыра бердi.
Ядгарбек зәрлi жымиып:
— Әлде... бұл өтiрiк пе? — дедi.
— Басы-қасында жоқпыз, оның анық-қанығын бiз қайдан бiле берейiк, — дедi Жәнiбек ақырын
сөйлеп.
Ядгарбек мына қазақты оп-оңай бөрiкпен соғып ала алмасын бiлiп, әлденеге кеуiлi ауырлап,
тұнжырай түстi. Iшiнен: “Мiне, осы далада кiмдерге арқа сүйеу керек”, — деп қойды. Сосын бiр демде
бойын тез жиды.
— Сол Әбiлқайыр ақ патшаға ант беруiн бергенмен, кейiннен солқылдай бастады-ау!
— Сүйткен дейдi.
— Сонда, неге, а?
— Қайдам? Оны төре жағы бiлмесе... — Жәнiбек тақымдап отырған бұған кенет күле қарады. —
Құрматлу бек, әгәр соны шын бiлгiңiз келiп отырса, бiздiң елде Елмырза дейтiн сұлтан бар. Бiр бiлсе,
сол бiлiп қалады.
— Алларазы болсын. Мынау бiр есте тұтатын жай екен, — дедi Ядгарбек iштей Жәнiбектiң тура
жауаптан бұлтарып отырғанын бiлiп. — Ал, өзiңiз не кәсiп қыласыз?
— Құрметтi бек, — дедi Жәнiбек оң қолын төсiне қойып, басын иiп. — Қазақтың малдан басқа не
харекетi бар? Аллатағалам басқа көп бәндәларынан аса артық етiп жаратқан, Қаразымдағы дiн
исламның тiрегi, әрқашан да бақыты мен мерейi арта бергей нұр сипатты ұлы ханымыз Мұхаммәд-
Инақ тақсырдың бiзге тигiзген зор шарафатының арқасында құдайға шүкiршiлiк етiп, мал бағып
жатқан жайымыз бар.
— Иә, ұлы мәртәбәлы тақсырдың шарафаты зор, — дедi Ядгарбек Дадабекке көз қылып, басын иiп.
— Мен сiздердi ұлы ханға шын ықылас-ниеттерiңiзбен қызмет етiп жүр деп ойлаймын.
— Сөз жоқ, ұлы мәртебелi ханға құлшылық қыламыз.
Ядгарбек Жәнiбектiң бiр сөзiне сенбедi. Кеуiлi ауыр тарта отырып, оны жақсы көрiп қалғанын
байқады. Бiрақ тақыс тартып қалған кәркесте түлкiлiгiне басып, сырт көзге онысын сездiрмедi. “Әбден
ысылып қалған екен. Айлалы болар”, — деп отырып:
— Мәслихат құрғаныңызға бек ризамын, — дедi. — Әгәр Хиуаға келсеңiз, сарайға соқпай кетiп
жүрмеңiз. — Бұл оның iш тартқаны едi.
— Әрине, — дедi Жәнiбек дағдара ойланып.
— Сарайға дегенде, Қаразымды құтқа бөлеп отырған ұлы ханға тарту етер сияпат жағын айтып
отырмын, — дедi Ядгарбек бұлт ете қап. “Кiм бiледi, мына қазақ ертең ханға жақпай қалса, соған
қатысы бар деп, басым пәлеге қалып жүрер”.