Стр. 68 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

67
Жәнiбек бұған қабағын сәл шыта, қою қасын ортасына қарай жиырып, бiр түрлi боп, күле қарады.
Дадабек қабағы салбырап, бей-жай отыр. Сырт түрi ештеңемен iсi жоқ, пәруайы пәнсар кiсi
сықылды. Тек қана ара-арасында құлағы болар болмас елең ете қап, көзiнiң алды жыбырлағанына
қарап, оның мына әңгiменi iштей қатты тоқып отырғанын аңдауға болатындай.
Ядгарбек: “Мына қазақ ымды түсiнедi екен”, — деп, iштей ойланып, бiраз отырды. Сосын
Жәнiбекпен қоштасып, аула сыртына дейiн шығарып салды. Керi қайтып келе жатып: “Ымға
түсiнбеген дымға түсiнбейдi деген-ау”, — деп ойлады. Сол арада оң жақтағы аласа тамның жарым-
жартылай ашық есiгiнен өзiне әлдеқандай өткiр, отты екi көздiң сұқтана қадалып тұрғанын ту
сыртымен сездi. Абайлап қараса, пәрәнжәның әр жағынан Гүлчеһраның жаңбыр шайған мойылша
мөлдiреген екi көзiн, албыраған екi бетiн, үлбiреген қып-қызыл, толық ернiн көргендей болды. Дем
арасында құмарлық жеңiп, ауаланып, сәл-пәл тұрып қалды. Сосын қара ақылы жеңiп, өрекпiген кеуiлiн
зорлап басып, аяғын сабырмен алып, iшке кiрдi. “Дадабектен Гүлчеһраны сатып алу керек екен”, —
деп ойлап, оған сынай көз тастады. Сол ниетiн айтайын дедi де, әлденеге iркiле түстi. Тақыс алған
ақылы шешушi сәтте тiлiн тежей бердi.
Ол ақыры Дадабекке өз ниетiн айта алмады. Аздан соң қасына сарбаз-ғұләмдарын ертiп,
Қаразымға бет қойды. Үш-төрт төбеден асқасын алыста бұлдырап қалып бара жатқан қамалда өзiнiң
бiр асылын ұмытып кеткендей, әлденеге елегiзiп, бiрер рет қайрылып қарап қойды. Сосын сабыр ғып,
ертең Мұхаммәд-Инаққа осы сапардан көрген-бiлгенiн қалай айту керектiгiн iштей ойластыра бастады.
20
Елдес Көсенiң қоңыр бұйратын бетке ұстап, бiрнеше төбеден асты да, кенет ат басын тартты.
Быршып терлеп кеткен быдым-быдым бетiн күректей алақанымен бiр сүрттi. Құндыз бөркiн шешiп ап,
ұстарамен тықырлап қырғызған басын сипады. Жiгiттер тiл қатуға бата алмай, ошарыла иiрiлiп тұр.
Елдес қабағын шытты. “Әй, мен неге ана жаман тоқалдан туған боқмұрын баланың айтқанын
қылам? — деп қырсыға түсiп, көзiн сығырайтты. — Үйтсем, мына жiгiттер не дейдi?” Ол бөркiн
басына қидi. Жан-жағына барлай қарады. Өзiне көз тастап тұрған жiгiттердiң бет-ажарларында
әлдеқандай әжуа бар секiлдi. “Ендеше ерегiскенде бар ғой... Ережептiң нақ өзiнiң аулын шабам!” Ол
атын қатты тебiнiп қалды:
— Кеттiк!
Қалған жiгiттер оның соңынан үнсiз ердi. Үзенгiге салған қазақы етiктiң ұшына бауынан iлiнiп,
сүйретiлiп келе жатқан сансыз қайың сойыл арттарына болмашы ғана iз тастап келедi. Кеше Нияз
жеген таяғы есiне түсiп, күйiп кетiп, мына әңгүдiк ағасына болған жайды айтқанына ендi өкiндi. Таң
азаннан оятып, өзiн ат белiне қондырған Елдеске жол бойы наразы болған. Ендi Жәнiбектiң бойын
аулақ салғанын көрiп, Елдеспен бiрге ел шауып, әбiрей таппасын бiлдi. Қаракөктi тебiнiп қап,
қатарласып, Елдеске:
— Аға, барыс қалай? — дедi.
— Жүре бер. Барғасын көресiң, — дедi Елдес қырсыға тiл қатып.
— Сонда да...
— Ережептiң ауылын шабамыз.
Нияз төбесiнен жай түскендей болды:
— Ағау-ау, оның не? Өле алмай жүрсiң бе?
— Е, ол маған не iстейдi?
— Ережеп iждеңе iстеп қарық қылмас. Тек оның аулында ақ патшаның кiсiсi бар.
— Өй, кiсiсiнiң әкесiн... — деп Елдес тұздықтап тұрып бiр боқтады.
— Қой, аға. Мұның арты қиын боп жүрер.
Елдес қолын бiр сiлтедi. Әулекi топтың алдында оқ бойы оза шығып, күлажирен атының тiзгiнiн
бостау ұстап, салдыртып тартты да отырды. Нияз мына жiгiттерден жырылып қалудың амалын таппай,
лажсыз ердi.
* * *
Күн бұл кезде тас төбеге көтерiлiп қалған да едi. Кеше ғана сәуiрде төпеп жауған нұр суына қарық
болған Сыр өңiрi қалың көкке кенелген-дi. Ойпаң-ойпаң жерлерде тұрып қалған қақ суына үйрек-қаз
қонып, бұлдырықтар былдырлай ұшып, күба дала тiршiлiк қуатына мас болып, жасарып жатқан.
Әсiресе, осы кезде қараған көздiң жауын ала қылтиып шыға келер сарғалдақ, қызғалдақтар бой жасай
тiзiлiп, мамыр айының сәнi мен сәулетiн толықтырып жiбергендей болатын. Ендi күн қыза сол
қызғалдақтар ұшты. Кемелiне келген жаздың жайсаң шағы басталды. Ертең қырық күн шiлде де өге
шығады. Оның артында адам баласының жыл он екi айда кемдi күн көрген қызығын көпсiнiп, мына
тынымсыз тiршiлiктiң мән-мағынасын тағы да еске сап, қабағы бүркеу күз жетедi. Оның соңы — сары
аязы сақырлаған қыс. Сол салқынды бар жан-тәнiмен сезгендей, Нияздың тұла бойы туршiгiп кеттi.
Қолына ұстаған келдегiне қарады. Жiгiт боп, ат жалын тартып мiнгелi қолына қару алғаны осы. Өзi
бәрiнен жолым үлкен ата баласымын деп, шаруаға биқам боп өскендi. Өмiрi бала боп төбелесiп,
алысып-жұлысып көрген жоқ. Қаршадайынан бар еткен ермегi — домбыра. Өсе келе серiлiк қуды. Әлi
де сол қызық пен дырду, ду-думаннан бойын аулақ сала алмай жүр. Бүгiн мiне күмiс шаптырып,
мойынына сүйек салдырып, бiр қара берiп, арнайы соқтырған домбырасын ағасының үйiнде
қалдырып, жау қыратындай боп, қолына келдек ұстап шыға шапқанына бiр түрлi күлкiсi келдi. Сосын
өзiнiң бос, болбыр, етсiз саусақтарына мысқылдай қарады.